Қоғам • 11 Маусым, 2023

Мақсат – Smart инвесторлар табу

231 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 35-пленарлық отырысы аясында «Astana Hub» халықаралық технопаркінің қатысушылары өздерінің IT-жобаларын таныстырды.

Мақсат – Smart инвесторлар табу

Астанада «Экономиканың цифрлық трансформациясы» тақырыбында өткен Шетелдік инвесторлар кеңесі барысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі отандық ІТ-компаниялардың көрмесін ұйымдастырды.

– Цифрлық хаб ретінде біздің өңір­ге деген қызығушылық күн сайын артып келеді. Бірнеше жылдан бері халықаралық нарыққа шыққан отандық стартаптар бәсекелестік ортада қарқынды дамып жатыр. Шетелдік инвесторлардың назарына ұсынылған ІТ-компаниялардың да экспорттық әлеуеті жоғары, – дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Іс-шарада жергілікті IT-компа­ниялар мен мемлекеттік органдардың 49 инновациялық шешімі ұсынылды.

– «Astana Hub» сегіз ІТ-стартапты ұсынды. Олар – жасанды интеллект, EdTech, киберқауіпсіздік, бизнес-үдерістерді оңтайландыру/автоматтан­дыру саласындағы келешегі зор жобалар. Кейбірі халықаралық нарыққа шы­ғып та үлгерді, – дейді «Astana Hub» бас­қарушы директоры Алина Әбді­рахманова.

Оның айтуынша, еліміздің стартап индустриясы өкілдерінің Шетелдік ин­весторлар кеңесінің мүшелерімен кездесуі жаһандық компаниялармен се­ріктестік және ынтымақтастық орнатып, отандық экожүйені дамытуға берілген үлкен мүмкіндік.

– Біздің стартап мұнай кен орындарын игеру бойынша веб-симулятор мұнай барлау коэффициентін тиімді басқаруға әрі ұлғайтуға, кен орнын игеру шығындарын 40 пайызға дейін қысқартып, күнделікті өндіруді 70 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Мақсатымыз – саланы түсінетін smart инвесторлар табу және 1,3 миллио­н доллар көлемінде инвестиция тарту, – дейді «Neuron Oil»-дың негізін қалаушы Асылан Жұмағалиев.

Айта кетсек, машиналық оқытуы бар кросс-сандық модельдеудің жаңа тәсілдерінің мұндай үйлесімін бүкіл әлем бойынша шамамен 3-4 жас компания ғана жүргізеді. Соның ішінде АҚШ-та (Кремний алқабында), Францияда, БАӘ-де бар. ТМД елдері арасында «Neuron Oil» жаңа тәсілдер мен өте жо­ғары практикалық нәтижелерді қолдану бойынша көшбасшы саналады.