Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Алматы басқосуы
Әуелгісі Алматыда өткен «Еуропалық одақ – Орталық Азия» экономикалық форумы. Жалпы, соңғы жылдары, әсіресе аймақтағы геосаяси тәуекелден кейін ЕО-ның Орталық Азияға айрықша көңіл бөле бастағанын аңғару қиын емес. Еуропалық комиссия вице-президенті Валдис Домбровскистің айтуынша, ЕО өңірге цифрлы және спутниктік байланысты дамыту бойынша көмек көрсетпек. Оған қоса Орталық Азия елдеріндегі бизнес ортаны тартымды әрі бәсекеге қабілетті етуге арналған арнайы бағдарлама да әзірленбек. Бұл бағдарлама өңірге жаңа инвестиция әкелуге ықпал етеді. Форум барысында санкция мәселесі де көтерілді. Тап қазіргі жағдайда бұл тақырыптың қаузалмай қалуы да мүмкін емес. ЕО-ның Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускастың айтуынша, Ресейге жеткізілмеуге тиіс тауарлар жөнінде ОА елдерінің үкіметі толық ақпараттандырылған.
«Біз кеңейтілген тізімді ұсындық. Украинадағы ұрыс даласында зымырандар мен дрондар жоғары технологияларды – чиптерді, жартылай өткізгіштерді және тұрмыстық техниканың белгілі бір түрлерінде кездесетін басқа да бірқатар компонентті пайдаланады. Кір машинасы – аппақ, таза, жақсы құрылғы. Бірақ одан адамдарды өлтіруге қажетті бөлшектер алынады. Оған жол беруге болмайды. Ондай жеткізілімді тоқтату керек. Иә, мүмкін бұдан біреулер ақша табатын шығар. Бірақ басқа қырынан қарағанда бұл – адам өлтіруге ұсынылып жатқан ақша секілді дүние. Егер мұның бәрі қайталама санкцияға алып келер болса, онда заңды бизнестің бұған бас сұғуы орынды бола ма? Оның үстіне қазір сауда қатынастарын жақсарту, жақсы келісімдер мен инвестициялар үшін үлкен күрес жүріп жатыр», дейді ЕО елшісі.
Жақын уақытта ЕО мен ОА арасында жаңа логистикалық бағыттар пайда бола бастайтын сияқты. Бұған ЕО тарапы ашық, ал Орталық Азия елдері жасырын жағдайда мүдделі. Өйткені ЕО тауар тасымалының санкция салынған елдер арқылы жүзеге асқанын қаламайды. Биыл қыста жүздеген жүк көлігіміздің Польша аумағында қамалып қалуы – соның дәлелі. Сондықтан ЕО өңірдегі бес мемлекеттің тасымал бағытын әртараптандыруын қолдайды. Мұндай жағдайда тығырықтан шығаратын жалғыз бағыт – Транскаспий халықаралық көлік дәлізі (ТХКД). Ол Каспий теңізінен бастау алып, Әзербайжан, Грузия елдерін басып өтеді. Еуроодақ өкілдерінің айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік дәлізі Қытайдан келетін тауарлар ағынын Қазақстан, Оңтүстік Кавказ және Түркия арқылы Еуропаға шығаруға мүмкіндік жасайды.
Соңғы бес жыл көлемінде ТХКД арқылы жөнелтілген жүк тасымалы әжептәуір өсті. Бірақ аталған дәліздің әлеуетін кемітіп тұрған бірқатар фактор бар. Олар – Ақтау портының жылына 4-5 млн тонна ғана жүк қабылдай алатыны (қазіргі талап одан 2-3 есе жоғары), Баку халықаралық теңіз порты қуаттылығының да кеңейтуді қажет етіп тұрғаны, жүк ағынының ұлғаю талабына сай бола алмайтын теміржол мәселесі. ТХКД елдері үшін бекітілген бірыңғай тарифтің болмауы да тасымалға кедергісін тигізеді.
«Бірінші кезекте бірлескен тариф, бірлескен оператор жөнінде келісім жасалуы керек. Кемшіліктер кездесе береді. Ең бастысы, инфрақұрылым бар, әріптестік туралы келісім жүріп жатыр. Біртіндеп тасымал көлемі де артады. Дәл қазір инфрақұрылымды модернизациялауға инвестиция салу мәселесі қарастырылғаны дұрыс. Инвестиция мейлінше жедел салынуы керек. Жаздың соңы, күздің басында біз Брюссельде инвесторлар форумын өткізбекшіміз. Бүгінгі форумға келер болсақ, мұнда Еуропалық қайта құру және даму, Еуропалық инвестициялық банк өкілдері бекер келген жоқ. Олар өңірге аяқ басып жатыр. Тиісінше басқаларды да әкелеміз», дейді ЕО-ның Қазақстандағы елшісі.
ЕО-ның Орталық Азияға қатысты дәл бұлай сенімді әрі жанашырлықпен сөйлеуі әсте тегін емес. Өйткені ЕО – Орталық Азия елдері үшін ең ірі инвестор. Өңірдегі бүкіл инвестицияның 40 пайызы тап осы Еуроодақтан келеді. Бұл тұрғыда Қытай да, Ресей де ЕО-мен шендесе алмайды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Орталық Азия мен ЕО арасындағы тауар айналымы 61 пайызға артып, 49 млрд долларды құраған. Қазақстан сыртқы саудасының 30 пайызы ЕО-ға тиесілі. Былтыр Еуроодақ бізге 12,5 млрд доллар құйған. Бұл – соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш.
Қысқасы, ЕО-мен қарым-қатынасты нығайту, Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан үшін де ерекше пайдалы болмақ. ЕО-ның қазіргі қолдауын пайдаланып, логистикалық бағыттарды қайта жаңғырту, жаңа бағыттар ашуға талпыну және ашу, сонымен бірге ТХКД әлеуетін арттыру аса маңызды. Бірақ тап қазіргі жағдайда Ресейге тыйым салынған тауарларды жеткізу, ЕО ескертпесіне құлақ аспау өте қатерлі болмақ. «Қай тарапты таңдайсыңдар, ерік өздеріңде» дегенді емеурінмен жеткізіп отыр ЕО өкілдері.
Сиань саммиті
Орталық Азияның даму перспективасы «Орталық Азия – Қытай» саммитінде де жан-жақты талқыланды. Саммитке қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерінің әлеуетін Қытайдың орасан зор экономикалық қуатымен ұштастыру біздің көп қырлы серіктeстігімізге тың серпін береді деді.
«Қазақстан осы мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын. Қазіргі таңда елімізде ұлттық экономикамызды әртараптандыру үшін ауқымды әрі жанжақты реформа жүргізіп жатырмыз. Шетел инвесторларына қолайлы жағдай жасауға және кедергілерді жоюға бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр. Тәуелсіздік жылдарында елімізге 350 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды. Соның 23 миллиард доллардан астамы Қытайдың еншісінде. Қытаймен инвестиция саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайынбыз. Кеше мемлекеттік сапарымның аясында инвестициялық форум өтті. Жиында жалпы құны 22 миллиард доллар болатын бірқатар келісімге қол қойылды. Қазақ тарапы бұл келісімдерді жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын. Географиялық жағдайымызды ескерсек, біздің еліміз аймақтың және тұтас құрлықтың маңызды көлік-логистика дәлізі бола алады. Қазақстан осы аймақтағы елдердің Қытаймен ынтымақтастығын нығайту үшін өзінің экономикалық және логистикалық әлеуетін жұмылдыруға әзір. Осыған орай Қазақстан достас Қытаймен ынтымақтастықты нығайту үшін өзінің сауда-экономикалық және логистикалық әлеуетін іске қоса алады. Елдеріміздің сауда-саттық көлемі 31 миллиард долларға жетті. Төраға Си Цзиньпинмен бұл көрсеткішті 40 миллиардқа дейін жеткізу жөнінде уағдаластық», деген еді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, аймақтың Қытаймен сауда-экономикалық қатынасы жыл санап қарқынды дамып келе жатыр. Атап айтқанда, былтыр сауда айналымы 70 миллиард долларға жеткен (оның 45 пайызы – 31 млрд доллар Қазақстанға тиесілі). Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымын 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндік бар дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. Жалпы, саммит қорытындысы бойынша мемлекет басшылары Сиань декларациясына қол қойды және бірқатар бастаманы қабылдады. Соның арасында қауіпсіздік, логистика, сауда экономикалық ынтымақтастық, гуманитарлық әріптестік және экология салалары ерекше назарға ілігеді.
Осы жиын аясында мемлекет басшылары «Бір белдеу, бір жол» инфрақұрылымдық жобасы негізінде Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржол және автомобиль жолы құрылысын аяқтауға, Аягөз – Тачэн қазақ-қытай теміржол бағытын іске қосуға, Қытай – Тәжікстан – Өзбекстан автомагистраль құрылысын бастауға, Түрікменстан – Қытай төртінші газ құбыры желісін жеделдетіп салуға уағдаласқан. Қытай қысқа мерзімде трансшекаралық сауда арнасын кеңейтуге ниетті. Сол ниетпен Орталық Азия елдеріне қайтарымсыз негізде 3,7 млрд доллар бөлмек.
Қырғыз саясаттанушысы Марс Сариевтің пайымдауынша, Сианьда өткен саммит Қытайдың біздің өңірде тек ірі инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция салатын ірі экономикалық серіктес қана емес, аса қуатты тұрақтандырушы, біріктіруші күш бола бастағанын аңғартады дейді.
Қазақстандық саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша, Қазақстан теңдестірілген сыртқы саясат құруға ұмтылады дейді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның басымдықтарын бірнеше рет анықтады: Ресей, АҚШ, Қытай, түркі әлемі елдері, Еуроодақ. Қазақстан сыртқы саясатта тепе-теңдік ұстап қана отырған жоқ, сонымен бірге барлық бағыт бойынша серіктестік аясын кеңейтуде. Өйткені Қытаймен ынтымақтастықтың барлық салада – туризмнен инновацияға дейінгі әлеуеті зор. Енді осы әлеуеттің бір бөлігін шындыққа айналдыратын уақыт келді. Саммитте қол қойылған құжаттар Астананың Қытаймен достық қарым-қатынастан ұлттық экономикаға барынша пайда түсіруге ниетті екенін көрсетеді», дейді ол.
Шолпан-Ата жиыны
Шолпан-Атада өткен «Орталық Азия – Еуропалық одақ» форматындағы кездесу де айрықша мәнге ие. Мұнда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тасымал бағыттарына кеңінен тоқталып, бұл ретте ЕО қолдауының қажет екенін мәлімдеді. Президенттің айтуынша, Орталық Азия мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастықтың перспективасы мол.
«Жуырда Қытайға жасаған мемлекеттік сапарымның аясында қытайлық серіктестерімізбен бірге Сиань қаласында логистикалық терминалдың іргетасын қаладық. Бұл порт Орталық Азия территориясы арқылы Еуропаға тікелей контейнерлік пойыздарды жіберу үшін маңызды хаб болмақ. Сондай-ақ біз Транскаспий бағытын Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен ұштастыруға уағдаластық. Қазіргі уақытта Еуропаға экспортталатын Қазақстан мұнайының 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы жүзеге асырылады. Ортақ мүддені ескере отырып, стратегиялық тұрғыда маңызды осы құбыр арқылы мұнайдың ұзақмерзімді және тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету үшін Еуроодақ әрі қарай да қолдау көрсете береді сенеміз», деді Президент.
Қаржыгер Расул Рысмамбетов сыртқы ойыншылардың өңірішілік үдерістерге араласуына күмәнмен қараймын деген көзқарасын жеткізді.
«Біріншіден, менталитеттегі айырмашылыққа байланысты. Екіншіден, біздің күн тәртібіміз, амбициямыз тек өңірлік тұрғыда ғана. Біз әлемдік лидерлік үшін күрескіміз келмейді. Әлемге таңғымыз келетін қандай да бір мақсатымыз жоқ. Сондықтан біз – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан, алдымен өзіміз үшін маңызды мәселелерді шешіп алуымыз керек. Мен «бірлесу» деген сөзге күдікпен қараймын. Тартыла түсу неғұрлым күшті болған сайын, бір-бірін кері итеру де соғұрлым күшейеді», дейді ол.
Қалай болғанда да қазір Орталық Азия үшін талас тәуір жүріп жатқанын байқау қиын емес. Халықаралық салық және инвестициялық орталық сарапшысы Уэсли Хиллдің пайымынша, әлем елдерін ОА-ның энергетикалық ресурсы қызықтырады.
«Орталық Азияның ресурстары өсіп келе жатқан жаһандық энергия сұранысын қанағаттандыру үшін маңызды. ЕО елдері біртіндеп Ресей көмірі мен мұнайынан және табиғи газынан бас тартып жатыр. Бұл ретте олар үшін ОА ресурстарын тұтыну қолайлы. Орта және ұзақмерзімді перспективада Қазақстан – әлеуетті мұнай және уран экспорттаушы. Әсіресе жыл санап уран маңыздылығы артып келеді. Әлем бойынша үздік ондықта Қазақстанның төрт уран кеніші бар және оның жарияланған қоры жаһандық уранның 15 пайызын құрайды. Өзбекстанда да аз болса да мұнай және табиғи газ бар. Түрікменстан өзінің бай табиғи газ қорымен әйгілі. Бірақ ЕО-ға бағытталған құбыр желілерінің көбі Ресей немесе Иран аумағын кесіп өтеді. Осыған байланысты Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы логистика мен транзит қуатын арттыру оңтайлы нұсқа болмақ», дейді ол.