Орта державалардың мүмкіндігі зор
Форум алаңында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сөз сөйлеп, әлемдік тәртіптің парадигмасы өзгерген кезеңдегі «орта» мемлекеттердің рөлі туралы баяндады.
Палата спикері алдымен форум негізгі жаһандық проблемаларды бірлесіп шешу үшін халықаралық қоғамдастықты ортақ мақсатқа жұмылдыруды көздейтінін атап өтті. Сондай-ақ ол дипломатия мен халықаралық құқық жүйелерінің әлсіреуіне байланысты әлемдік диалогтің жаңа форматының өзектілігі артып отырғанын айтты.
«Бұл жағдайда орта мемлекеттердің рөлін қайта қарастыру керек. Теңдік, диалог, инклюзия, мемлекеттердің аумақтық тұтастығын құрметтеу қағидаттарына негізделген халықаралық ынтымақтастықтың жаңа парадигмасы қажет. Мұндай жаңа жағдайда орта елдер негізгі рөлдердің бірін атқаруға тиіс. Тек ірі державалардың қарым-қатынасы төңірегінде қалыптасқан халықаралық жүйеден арылудың маңызы зор. Қазіргі таңда желілік принцип бойынша құрылған институттар тиімді. Осы тәжірибені халықаралық институттарға да енгізуге болады», деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат төрағасы халықаралық деңгейде диалог және инклюзивті даму мәдениетін дәріптеудің перспективалық бағыттарын да айтты. Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, сол арқылы белсенді орта мемлекеттерге өз мүмкіндіктерін іске асыруына жол ашылады.
«Біріншіден, бітімгершілік бастамаларды дәріптеу және мұқтаж елдерге немесе белгілі бір әлеуметтік топтарға гуманитарлық көмек көрсету. Екіншіден, негізгі халықаралық институттардан тыс жағдайда ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды нығайту. Үшіншіден, бүгінде барлық ел бетпе-бет келіп отырған өзекті экологиялық, әлеуметтік, гуманитарлық, өзге де проблемаларды талқылауға бастамашылық жасау. Сонымен бірге ресурстарды ғылыми зерттеулерге, адамзаттың болашағы үшін маңызды салалардағы жобаларға бағыттаудың мәні зор. Оның ішінде медицина, биохимия, жасыл технология және тағы басқа бағыттарды атап өтуге болады», деген Мәулен Әшімбаев Астана халықаралық форумының қызметін мысалға келтірді.
Сенат спикері жаһандық деңгейде мәдениеттер мен өркениеттер арасында алтын көпір болатын тағы бір тиімді бастама ретінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін айтты.
«Бүгінде Қазақстан рухани дипломатияның мойындалған халықаралық орталықтарының бірі ретінде қалыптасты. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен дін лидерлерінің идеяларын, ұсыныстары мен уағдаластықтарын дәріптеу үшін әлемнің рухани орталықтарында дөңгелек үстелдер өткізу қолға алынды. Қазақстанның бастамалары әлемдегі маңызды проблемаларды шешу кезіндегі орта елдердің мүмкіндіктерін көрсетеді. Мұндай қадам дамыған, тұрақты, инклюзивті және қауіпсіз әлем құруымызға ықпал ететіні анық», дей келе, Мәулен Әшімбаев Қазақстан халықаралық қақтығыстарды дипломатиялық жолмен реттеуді қолдайтынын айтты.
Осы орайда модератор, ВВС-дің экс-қызметкері Стивен Коул Сенат төрағасына «Қай елмен қарым-қатынасты нығайтқан дұрыс», деп сауал тастады.
«Біріншіден, әрбір ел өзінің ұлттық мүддесіне бағытталған саясатты жүзеге асыруға міндетті. Бұл тұрғыда Қазақстанда да өзінің ұлттық мүддесін ескеріп, тиісті саясатын жүргізіп жатыр. Біздің ұлттық мүддемізге аумақтық тұтастығымыз, тәуелсіздігіміз, азаматтардың қауіпсіздігі, елдің тұрақтылығы, мемлекеттік институттар жатады. Сондықтан нақты бір мемлекеттен «қай елмен қарым-қатынасыңды нығайтасың» деп сұрау дұрыс емес. Осы орайда «дәл қазір ұлттық мүдделеріңіз қандай басымдықтарды ескеріп отыр» деп сұраған жөн болар», деді Мәулен Әшімбаев.
Бұған қоса Сенат спикері Қазақстан өзінің тәуелсіздігін нығайтуды, экономиканы дамытуды басты мақсат ретінде қойғанын айтты.
«Осы мақсат аясында алпауыт мемлекеттермен ынтымақтастықты жалғастырамыз. Мәселен, АҚШ Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бірі саналады. Америка компаниялары Қазақстанның энергетика саласына көп инвестиция салды. Сондықтан біз олармен жұмыс істеп, жаңа жобаларды іске асырғымыз келеді. Бұл ретте Қытай, Еуропа компаниялармен бірге жұмыс істеуге мүдделіміз. Көршілес Ресей де біздің басты серіктестеріміздің бірі. Атап айтқанда, ұлттық мүдде тұрғысында барлық елмен жақсы қарым-қатынасты жалғастырамыз», деді Сенат төрағасы.
Оның пікірінше, өткен ғасырда қалыптасқан ескі түсініктерден алшақтау керек. «Қазіргі кезде халықаралық жүйе ірі мемлекеттердің мүддесі төңірегінде дамып келеді. Менің ойымша, бұл көзқарас ХХІ ғасырда дұрыс емес. Бізге барлық елдің мүддесі аясында теңгерімді ескеретін, сондай-ақ барлық елге бірдей құрметпен қарайтын жаңа парадигма қажет. Бұл өз кезегінде жаңа басымдықтардың бірі», деді Мәулен Әшімбаев.
Шетел сарапшылары болса қазіргі кезде орта державалардың мүмкіндіктері зор деген пікірде. Өйткені орта державалардың ортақ мүдделерге прагматикалық назар аудару арқылы ұлы державалар арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға ықпал етуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде өзара түсіністік пен әлемдегі шиеленісті азайтуға ықпал етеді. Мәселен, Грузия Сауда-өнеркәсіп палатасының Бас директоры Давид Апциаури: «Трансшекаралық тәуекелдер туралы айтқан кезде орта державалар – ең маңызды ойыншылардың бірі. Соның ішінде Қазақстанның маңызы зор. Ол Азия мен Еуропаны байланыстыратын стратегиялық нысанда орналасқан, сондықтан Шығыс пен Батыс арасындағы саяси және экономикалық байланыстырушы буын болып тұр», деп пікірін білдірді. Ал Тафтс университетінің Флетчер Заң және дипломатия мектебінің аға ғылыми қызметкері Джошуа Линкольн «Орта державалар бөлек немесе бірге жұмыс істеуі керек пе?» деген сауалға жауап бере отырып, АҚШ-ты мысалға келтірді. Оның айтуынша, Құрама штаттарда мұндай державалар көп болған. Бірақ олардың барлығы бірдей бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірігуге асықпай, өз беттерінше өмір сүрген. Алайда өзге спикерлер Джошуа Линкольннің бұл мысалын құп көрмеді. Өйткені АҚШ пен Азия, оның ішінде Орталық Азияның құндылықтары бөлек.
Қалай болғанда да спикерлер «Мемлекеттер арасында диалог пен өзара түсіністік қажет», «Ұлы державалар бәсекелестігінің жаңа дәуіріне қауіп төндіретін қарулы әрекеттерге шақыратын әлемнен аулақ болуымыз керек» деген тоқтамға келді. «Өзгелердің шарасыздығы кезінде әрекет ету: қиын сәттердегі «Орта державалардың» дипломатиясы» сессиясын қорытындылай келе сарапшылар бірлескен күш-жігермен ғана әділ және тең құқықты халықаралық саясатқа негізделген тұрақты болашақ құруға болатынын айтты.
Жаһандық экономикаға қауіп төніп тұр
Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Нгози Оконджо-Ивеала Астана халықаралық форумында қазіргі геосаяси шиеленіс салдарынан әлемдік экономиканың бөлшектену қаупі барын мәлімдеді.
«Біз геосаяси шиеленіс салдарын Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) қызметінде сезініп отырмыз. Бұл ретте мамандар бөлшектену қаупі жайында жиі айта бастады. Жаһандық сауда жүйесінің бөлшектену қаупі бар. Бұл – қазіргі көпжақты сауда жүйесі алдында тұрған ең маңызды мәселе», деді Нгози Оконджо-Ивеала. Оның айтуынша, осы сын-қатер жаһандық ішкі жалпы өнімнің төмендеуіне әкеліп соғады.
«Сауда саласындағы мәселелерге өте сақ болған жөн. Өйткені әлемдік сауда жүйесі бөлшектеніп кетсе, оның салдары тым қауіпті. Егер әлем екі сауда блогіне бөлінсе, бұл нақты жаһандық ішкі жалпы өнімнің 5% көлемінде жоғалуын білдіреді деген болжам бар. Атап айтқанда, бұл көрсеткіш Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің 2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысы кезінде тап болған шығынынан артық, яғни ол кездегі шығын 2% -2,5%-ын құрады», деді ДСҰ басшысы.
Ал «Орта дәліз: еуразиялық байланысты нығайту» панельдік сессиясына жиналған сарапшылар Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту мәселелерін талқылады. Олар Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) жұмысының тиімділігін арттыру жайы мен Қазақстанның транзиттік хаб ретіндегі рөлін атап өтті.
Статистикалық деректерге көз салсақ, 2023 жылдың 5 айында Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемі 42 пайызға артқан.
ЕДҚҚБ-ның Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Жужанна Харгитайдың айтуынша, Орта дәліз түрлі елдердегі ірі өндірістік орталықтарды байланыстырады. «Бағдар әлеуетін толық пайдаға асырып, тар «орындарды жою үшін қатысушы елдердің ғана емес, осы бағдардағы басқа да негізгі елдердің өзара іс-қимылы қажет», деді ол.
Сарапшылар ТХКБ-ны сәтті дамыту тарифтік және реттеуші режімді өзгертуді, инфрақұрылымның өткізу қабілетін дамытуды, үйлестіру жолдарын әзірлеуді, барлық мүдделі тараптардың ынтымақтастығын қажет етеді деген ортақ пікірге келді.
Сонымен қатар шетелдік сарапшылар Еуразияның тұрақты дамуы туралы бірқатар кеңесімен бөлісті. Олардың айтуынша, тұрақты даму мақсаттарына жету халықтың өмір сапасын түсірмеуі керек. «Бәйтерек» холдингі ұйымдастырған сессияда сарапшылар «Еуразия тұрақты дамуда қай бағытта келеді?» деген сауалға жауап іздеді. Гонконг инвестициялық банкинг департаментінің басшысы Барри Чан Қытайдағы тұрақты даму мәселесінің үдерісіне тоқталды.
«2013 жылы төраға Си таза су мен жасыл таулар тұжырымдамасын жариялады. Сонда ҚХР төрағасы тұрақтылық азаматтардың әл-ауқаты екенін айтты. Осылай 2013 жылдан бері Қытайда тұрақтылық туралы көбірек білдік. Си Цзинпинь Назарбаев университетінде де Қытай 2030 жылға қарай көміртегі шығарындыларын азайтып, 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жететінімізді айтты. Бұл біздің ұлттық мақсатымыз және азаматтарымыз осы көзқарасқа жету үшін жұмыс істеп жатқанымызды біледі», деді Барри Чан.
Ал Францияның MHB SAS инвестициялық консалтингілік компаниясының президенті Мари Элен Берар Еуропада барлық салада тұрақты даму міндеті барын айтты. Бірақ кейде тұрақтылық жаңа жұмыс орындары мен табыс әкелетін жобаларды бастауға мүмкіндік бермейді.
«Француз Гиянасы аумағы Амазонка ормандарымен қоршалған, алтынға өте бай, бірақ белсенді халықтың 30%-ы жұмыссыз отыр. Онда Бразилия немесе Суринамнан келгендер алтынды заңсыз, технологиясы нашар, қауіпті түрде өндіреді. Кейбір ірі компаниялар француз үкіметіне алтын өндіруге жауапты қарайтындарын айтты. Бірақ елде қоршаған ортаны қорғау идеяларымен айналысатын агрессивті ҮЕҰ әр гүл мен әр көбелекті қорғап шығады. Мен айтқан Франция мысалы Еуропаның басқа елдеріне де қатысты. Германияда қандай да бір шахтаны, тау қойнауын ашу мүмкін емес. Батарейкалар мен телефондар үшін пайдалы қазбалар қажет. Бізде бұл қазбалар болса да, шахтаны аша алмаймыз», деді ол.
«Бәйтерек» басшысы Қанат Шарлапаев болса өз кезегінде тұрақты дамуға жету мен адамдардың әлеуметтік қажеттіліктерінің тепе-теңдігі сақталуы керегін айтты. «Еуропадағы энергетикалық дисбаланс пен инфляцияның өсуі жағдайын талдап, «жасылға»
ауысу сомасы жеткілікті бағаланбады деп ұйғардық. Біз өз әрекетіміздің салдарын түсінуіміз керек. Егер халықтан гөрі қоршаған ортаға көбірек көңіл бөлсеңіз, табысқа жету қиын. Мәселе дұрыс тепе-теңдік жолын табуда. Тұрақты даму мақсаттарын қолдау керек, бірақ Үкіметтің реттеу шаралары өмір сапасының төмендетпеуін ойлаған жөн», деді «Бәйтерек» басшысы.
Гендерлік теңдік
«Әйелдердің көшбасшылығын қолдау: халықаралық жаһандық бастамаларды дамыту» панельдік сессиясында гендерлік теңдік мәселесі, халықаралық ұйымдардың жұмысы айтылды.
«Caliper» компаниясы, Нью-Джерси басқару консалтингтік фирмасы, сондай-ақ Лондон «Аврора» әйелдер ұйымы зерттеу жүргізіп, ерлерден әйелдер көшбасшыларын ерекшелендіретін бірқатар қасиетті атаған еді. Зерттеу нәтижесінде мамандар әйел көшбасшылар сенімді, ерлер көшбасшыларына қарағанда тәуекелге көбірек барады, олар адамдарға мейірімді әрі икемді, өз көзқарасын жеткізе алады, қамқорлық жасайды, өз қарамағындағы қызметкерлерге көбірек қолдау көрсетіп, түсіністікпен қарайды және бағалайды деген қорытынды жасады. Сондай-ақ әйел көшбасшылар мәселелерді шешуге және шешім қабылдауда инклюзивті, команда құрудың көшбасшылық стилін көрсетеді.
Сессияға қатысқан спикерлердің пікірлері де осы зерттеу қорытындысымен астасып жатыр. Олар әйелдер ерлермен тең дәрежеде мансап құрып, алатын жалақылары да бірдей болуы шарт дейді. Сонымен қатар әйелдердің әрбір бастамасына мемлекет, жекелеген ұйымдар барынша қолдау білдіру қажет екенін алға тартты.
«Егер өңірлерде жарық, газ, су секілді тұрмыстық мәселелер болса, онда әйелдерге жағдай жасалмаған деуге болады. Өйткені үйдегі тұрмыстық жағдай әйелдердің үлесінде екені белгілі. Қазір әлемде қақтығыстар жиі орын алып, дес бермей барады. Осы қақтығыстарды шешуге арналған келіссөздерге әйел көшбасшыларды араластыру маңызды, өйткені олар бейбітшіліктің жолын табады», деген пікірде ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Тери Хакала.
ЕҚЫҰ-ның гендерлік мәселелер жөніндегі төрағасының арнайы өкілі Лилиана Палихович болса, әйелдер халықаралық жиындарға қатысып, өзара диалогте пікір алмасулары қажет дейді. Оның айтуынша, олар осылайша көшбасшылыққа тәжірибе жинайды.
«Қазір халықаралық жиындар өте көп ұйымдастырылады. Мәселен, осы Астана халықаралық форумы өте жақсы алаң, түрлі өзекті тақырыптарды қамтыдық. Әйелдер осындай форумдарға, тренингтерге, арнайы бағдарламаларға қатысуы қажет. Қазіргі таңда медиация жақсы дамып жатыр. Оған әйелдердің қосар үлесі зор болмақ. Жалпы, әйелдер бейбіт өмірді қалыптастыруға ат салысуы керек. Қоғамнан шет қалмай, оқшауланбауы қажет. Қазіргі геосаяси шиеленісте әйелдер жоғары дипломатиялық келіссөздер жүргізуге де ат салысса, одан ұтарымыз көп», деді Лилиана Палихович.
Айта кетсек, БҰҰ-Әйелдер ұйымы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өткен жылдың аяғында Астанада «Tomiris» ақпараттық-білім беру бағдарламасы аясында әйелдердің саяси мүмкіндіктерін арттыру және көшбасшылық әлеуетін дамытуға арналған тренинг өткізген еді. Тренинг бағдарламасын халықаралық сарапшы, ЕҚЫҰ төрағасының гендерлік мәселелер жөніндегі арнайы өкілі Лилиана Палихович әзірледі.