Мәселен, 2018 жылдың 21 мамырында болған өрттің аумағы 300 гектардан асқан. Сол уақытта бұл 15 жыл ішінде болған ең ірі апат ретінде тіркелген. Өрт салдарынан 20 адам көз жұмып, 2,3 мыңға жуық мал қырылды. 300 өрт сөндіруші мен орманшы жалынмен бірнеше күн бойы күрескен. Жанып тұрған орманға 25 тонна су төгілді.
Кейін тергеу жұмыстары жүргізіліп, бұл қасақана ұйымдастырылған өрт екені анықталды. Нәтижесінде мемлекетке 78 млн теңге көлемінде шығын келген.
Еске сала кетсек, 2020 жылы «Семей орманы» резерватында екі ірі өрт болған. Сәуір айындағы өрт найзағай жарқылынан шығып, үлкен аумаққа тарап кеткен. Өртенген аумақтың ауданы шамамен 6 000 гектарды құрады. Ал одан кейінгі өрт 4 000 гектарға жуық аумаққа тараған.
Биылғы жылдың мамыр айында Абай облысының үш ауданында өрт болған. Ресей аумағынан шыққан өрт «Семей орманы» табиғи резерватына да тарап кеткені белгілі болды. Сол кезде өрт аумағы 3 500 гектарға тең еді. Бірақ екпіні 6-10 м/с болған желдің кесірінен өртті оқшаулау қиынға түсті.
8 маусымда Абай облысында ел тарихындағы ең алпауыт өрт орын алды. 9 маусымда оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайды. Нәтижесінде орман шаруашылығының 14 қызметкері қайғылы жағдайда көз жұмды. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 12 маусым – жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Жыл басынан бері ел аумағында 146 орман өрті тіркелген. Қызыл жалын 24 мыңға жуық гектарды шарпыған. Жалпы шығын 66 миллион теңгені құрайды.
Ал өткен жылы Қазақстанда 801 орман өрті тіркелген. Салдарынан орман қорының 104 мың гектары жойылды. Мұндағы шығын 20 миллиард теңгеден асты. Айта кетсек, ең ауқымды өрт Қостанай облысының Әулиекөл ауданында болған. Басаман және Семиозерный орман шаруашылығында 91 тұрғын үй өртеніп, бір адам қайтыс болған. Шығын көлемі – 18 миллиард теңге. Өрттің жалпы аумағы 43 мың гектардан асқан. Бұл орман шаруашығының үштен бір бөлігі жанып кеткенін білдіреді.
2021 жылғы көрсеткішке тоқталатын болсақ, 712 орман өрті тіркелген. 148 мың гектар алқап тұтастай жанып кеткен. Мемлекетке 4,6 миллиард теңге көлемінде шығын келген. Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы маңындағы орман өртінен 35 үй мен 9 шаруашылық құрылысы жойылған еді. Қызыл жалын шарпыған аумақ 310 мың гектарды құрады.