Өңірге іссапармен келген Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов тұрғындармен кездесуде тұжырымдамада азаматтардың сұранысы ескеріліп, құқық бұзушылықтар профилактикасы бойынша басқа да мемлекеттік органдардың жауапкершілігі бекітілетінін айтты. Жұртты алаңдататын негізгі мәселелердің бірі – тұрмыстағы зорлық-зомбылық. Соңғы 5 жылда мұндай фактілер ел бойынша 3 есе өскен. 60 пайыз жағдайда жәбірленушілер полицияға арыз жазудан бас тартады, сол себепті «үй тирандарын» жауапқа тарту қиынға соғатын. Енді заңға түзетулер енгізіледі, яғни «өтініш беру» форматынан «анықтау» форматына көшу заң бұзған адамды арызсыз-ақ жауапқа тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ министр қылмыстардың басым көпшілігі мас күйдегі адамдармен жасалатынын айтты. Бес жылда мас қылмыскерлердің қолынан 2 360 адам қаза болған.
Өңірде ішімдіктен бас тартқан ауылдар да бар. Еліміздегі 380 ауылда 5 жыл ішінде бірде-бір қылмыс жасалмаған. Оның үшеуі – Төреарық, Жусансай, Аққойлы ауылдары Түркістан облысында. Есірткі қылмысы өңірде алаңдарлық жағдайда. Облыста биыл 111 кило есірткі тәркіленген. Бұл 21 мың бір реттік дозаға тең. Оның қара нарықтағы құны 327 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ облыс бойынша 5 ай ішінде 149 интернет-алаяқтық қылмысы, 455 ұрлық және 88 мал ұрлығы жасалған.
Түркістан облысында 21 мың бейнебақылау камерасы бар. Осы құрылғылардың көмегімен биыл 65 қылмыс ашылып, 36 мың әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліпті. Аймақтың қоғамдық жерлерінде 12 дабыл батырмасы қойылған. «Қорғау» жүйесі іске қосылған бір жылдың ішінде облыста 341 қауіпті жүргізуші куәлігінен айырылып, жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген 28 автокөлік анықталған. Бұл орайда министр жергілікті атқарушы органдарды жол инфрақұрылымына, жол белгілерінің орнатылуына назар аударуға шақырды. Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтің айтуынша, өткен жылы полиция қызметкерлеріне 252 жаңа көлік табысталса, биыл тағы да 30 автокөлік алынды. Облыс аумағында жалпы 12 стационарлық полиция бекеті орнатылған. Президенттің полицияны сервистік моделге көшіру туралы тапсырмасына сәйкес 2021 жылдан бастап облыста салааралық топтар құрылып, жұмыс атқарып келеді. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Түркістан облысы бойынша басқармасының мәліметінше, алғашқы тоқсанда қылмыстық құқық бұзушылықтардың тіркелу саны 12 пайызға төмендеген. Алайда қылмыстың тіркелуі Отырар ауданында – 42,9, Сарыағашта – 16,9, Төлебиде – 13,6, Жетісайда 7,3 пайызға өскен. Кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс саны бірқатар ауданда өсім көрсетіп отыр. Полиция департаментінің мәліметінше, жалпы қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде өңірде аса ауыр және ауыр қылмыстардың саны –14,3, ауыр қылмыстар – 15,1, орта және ауыр емес қылмыстар 8,1 пайызға төмендеген. Сондай-ақ қасақана кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, зорлау, қарақшылық шабуыл жасау, тонау, бұзақылық пен есірткі қылмыстары бойынша ашылым 100%-ды құраған. Қоғамдық орында жасалған қылмыстар 28%-ға төмендеген. Облыста жол-көлік оқиғалар саны 4,5%-ға, жарақат алғандар саны 16,8 пайызға төмендеген, ал жол апаттарынан қаза болғандар саны 66 пайызға өскен. Үш айда 150 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 2 млрд теңгеге жуық айыппұл салынған.
Айта кетелік, Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов облыстық полиция департаменті жаңа ғимаратының ашылу рәсіміне қатысып, көпқабатты нысанды аралап шықты. Жаңа ғимаратта тәртіп сақшыларының алаңсыз жұмыс істеуіне қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, барлық жағдай жасалған. Одан бөлек полиция департаментіне тиесілі соңғы заманауи үлгідегі көліктер мобильді кешендер және қару-жарақтар таныстырылды. Жаңа ғимаратта соңғы үлгідегі 126 мониторы бар жедел басқару орталығы орналасқан. Бұл орталық арқылы облыстағы көшелер мен жолдар, барлық білім ошақтары тәулік бойы қадағаланады.
Түркістан облысы