Осындай қиындықтың күрмеуін тарқатуда Талғар ауданындағы «Тұлпар Экспресс-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Еңбекшіқазақ аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі ортақ келісім негізінде іргелес екі ауданның орталығына қатынайтын қоғамдық көлікті жолға шығарды.
Бұл мәселе аудан тұрғындары тарапынан сан мәрте көтеріліп келді. Сол себепті, қоғамдық көліктің тапшылығын жойып, тиімділігін арттыру мақсатында апта басынан бері қарай 18 орынды 6 автобус Есік – Талғар – Есік бағыттары бойынша жолға шықты. Қоғамдық көліктер таңғы 6:10-нан бастап, кешкі сағат 20:10-ға дейін әр 20 минут аралығында кестеге сай қызмет көрсететін болады. Жолақысы – 80 теңге. Осы күні автобус аялдамалары нақтыланып, арнайы белгілер қойылып жатыр. Халық саны артып, соған сай қатынас көлемі ұлғайып тұрған Талғар мен Еңбекшіқазақ аудандарының тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мәселесі осылайша оңтайланып келеді.
«Жолаушыларға заман талабына сай қызмет көрсету, жолақысын төлеуге ыңғайлы электрондық төлем түрлерін енгізуде бірқатар жұмыс атқарылды. Сапа мен үнемге бағытталған «AlemPay» электрондық жүйесі іске қосылды. Бұл – Алматы облысы бойынша тұңғыш жүзеге асқан жоба. Тасымалдау қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, салық түсімдерін ұлғайту, қоғамдық көлік сервисінің сапасын жақсартып, автобус бағыттарының табыстылығын талдау, маршруттық желіні жоспарлауды мақсат еткен жобаның тиімділігі артып келеді. Талғар қаласы бойынша күніге жеті мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсетіледі. Облыста алғашқылардың бірі болып, субсидияға қол жеткіздік. Соның арқасында жолаушы тасымалы жанданып жатыр. Өткен жылы 4 айға облыстық бюджеттен 100 млн теңге субсидия бөлініп, игерілді. Биылғы жылға бұл бағытқа 564 млн теңге бөлініп отыр. Қоғамдық көліктер қаламен қатар, шалғайдағы Туғанбай, Нұра, Орман ауылдарын да қамтыды», деді «Тұлпар-Экспресс-А» компаниясының иесі, Талғар аудандық мәслихатының депутаты Бауыржан Әукенов. Енді міне, Есік пен Талғар арасына өз қаржысына қоғамдық көліктерді жүргізе бастады.
Есік қаласы тұрғындарының ендігі тілегі – қалаішілік маршруттардың қайта қалпына келіп, іске қосылуы. Аталған компания басшылығы бұл талап-тілектерді де аяқсыз қалдырмауға уәде беріп отыр.
Алматы облысы