Қоғам • 13 Маусым, 2023

«Coursera»-ның қазақша дәрістері

535 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Coursera» қазақ тілінде» жобасы аясында әлем профессор­ларының курстарын қазақ тіліне аудару басталды. Бұл туралы «Coursera» компаниясының бас атқарушы директоры Джефф Маджонкальдамен болған кездесуде мәлім болды.

«Coursera»-ның қазақша дәрістері

Кездесуге жобаға қатысушы 25 аймақтық университеттің ректорлары, проректорлары және студенттері жиналды. Олар өңір­дегі оқу орындарының акаде­мия­лық әлеуетін арттыруға бағыт­тал­ған жобаның алғашқы нәтижелерін үлкен қызығушы­лықпен талқылады.

«Astana IT University» ғимара­тын­да болған кездесуге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «Қазақстан хал­қы­­на» қоғамдық қорының төр­а­ға­сы Болат Жәмішев, «Coursera» ком­паниясының бас атқарушы директоры Джефф Маджонкальда, «BMG Upskill» компаниясының басшысы Рауан Кенжеханұлы және басқалар қатысты.

Джефф Маджонкальда бола­шақтағы білім мен еңбек нары­ғындағы мүмкіндіктер, өзгеріс­тер, жаңашылдықтар туралы ойымен бөлісті. «Біз жоғары оқу орындары студенттерінің цифрлық экономикада өркендеуі үшін маңызды дағдыларды дамытуда Ғылым және жоғары білім министрлігімен күш бірік­тіргенімізге қуаныштымыз. Бұл ын­тымақтастық – еңбек нары­ғын­дағы құзыреттерді дамытатын білім беру бағдарламалары мен қыз­меттеріне деген сұраныс­тың дәлелі. Әрі бұл жоғары білім жүйелері студенттер кон­тингентін «Coursera» көмегімен кәсіби дағдыларға қалай үйрете алатынының тиімді моделі ретін­де қызмет етеді», деді ол.

– Бұл жоба жергілікті студенттерге заманауи білім алып, жаңа трендтерді меңгеруге жол ашады. Нарықта біліктілігі жо­ғары әрі сұранысқа ие маман атануына, сондай-ақ қазақ тілінің өзектілігін арттыруға мүмкіндік береді. 2023 жылы түлектердің 75 пайызы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырғандықтан, әлемдік үздік курстардың мазмұнын қазақ тіліне аудару маңызды. Әрі бұл қазақ тілін қолданатын талапкерлер саны айтарлықтай екенін көрсетеді. Көрсеткіш жыл санап арта түсері анық, – дейді «Қазақ­стан халқына» қоғам­дық қорының төрағасы Болат Жәмішев.

Саясат Нұрбектің айтуынша, бүгінгідей жаһандану мен цифрландыру жағдайында халықаралық еңбек нарығындағы бәсекенің артуы ұлттық білім беру жүйесінің ашық әрі бәсекеге қабілетті, үздіксіз оқу мен кәсіби дағдыларды дамытуға жол ашатын икемді үлгісіне қажеттілік тудырды. «Біз «Coursera» қазақ тілінде» жобасы аясында әлемнің ең үздік профессорларының курстарын қазақ тіліне аударуды бастадық. Бұл – еліміздің болашағы, тіліміздің әлеуеті, білім сапасын көтеру тұрғысынан алғанда өте маңызды бастама», деді министр.

Еске сала кетейік, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен «Coursera» қазақ тілінде» жобасы аясында 654 курс қазақшаға аударылып, еліміздегі 25 өңірлік жоғары оқу орнының студент­теріне ұсынылады. Қазіргі таңда бұл университеттерде 155 мың студент білім алады.

Курстарды қазақ тіліне аудару жұмысы «Coursera»-ның техникалық және әдістемелік қолдауына сүйене отырып жүзеге асырылып жатыр. Қазір 50 курс қазақ және орыс тілдеріне толықтай аударылып, платформаға жүктелген. Аударма жұмысы жалғаса береді. Кезекті 50 курстың аудармасы да аяқталуға таяу. Жақын күндері олар да платформаға жүктеледі.

Қазіргі таңда аймақтық оқу орнының студенттері бірнеше курс­ты аяқтады. Бұл ретте курс­тарды студенттердің 11 358-і – қазақ тілін­де, 8 653-і – ағылшын тілін­де, 6 096-ы орыс тілінде өт­кен. Жер­­гілікті студенттер ара­сын­да «Кәсіп­керлік: кәсіптің негі­зін қа­лау», «Командаларға жетек­шілік ету: көшбасшы ретін­де даму», «21 ға­сыр жұмыс орнын­дағы қа­рым-қатынас», «Кәсіби және жеке өнім­ділікке арнал­ған уақытты бас­қару», «Инже­нерлерге арналған диффе­ренц­иалдық теңдеулер», «Проб­леманы тиімді шешу және шешім қабылдау» деп аталатын курстар жоғары сұранысқа ие екені анықталды.

«Coursera»-ның Қазақстан­дағы жергілікті ресми серіктесі – «BMG Upskill» компаниясы. Компания «Coursera-Qazaqstan» платформасын дайындап, өңірлердегі университеттерде «Сoursera» орталықтарын (компьютерлер мен құрылғылар) құрды.