Шомылуға барған кезде жазатайым оқиғалардан сақ болу мақсатында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамыз.
Суға түскенде сақтық керек
Ең алдымен шомылатын судың тереңдігі мен тазалығына мұқият болу қажет. Әдетте соңы қайғыға ұласатын оқиғалар суға шомылуға тыйым салынған жерлерде болатыны жасырын емес. Сондықтан, тек рұқсат етілген орындарда шомылған жөн. Белгіленген қоршаудан тыс аумаққа және техникалық ескерту белгілерінің үстіне шығуға болмайды. Бассейн, теңіз бен көлдерге ішімдікке масайған күйде кірмеу қажет.
Тағы бір ескеретін жайт - балаларды қараусыз қалдырмау. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы кішкентай балалар үнемі үлкендердің қарауында болуы тиіс. Сәл үлкенірек жастағы жасөспірім балалар, өздері су айдынына шомылуға барған кезде суға түсуге рұқсат етілген, қауіпсіздігі сақталған жерлерде шомылуы қажет. Оларға белгі қойылған жерден асып жүзуге болмайтынын, жағадан алыс жүзбеу керектігін егжей-тегжейлі түсіндіру қажет.
Осы орайда қосымша тыйымдарға тоқтала кетуді жөн көрдік.
- Кемеге жақын жүзуге болмайды.
- Таяз жерге немесе белгісіз тереңдікке секіруге болмайды.
- Күнге қыздырынғаннан кейін немесе ұзақ жүгірістен соң суға секіруге болмайды, мұндай жағдайда адам есінен танып қалуы мүмкін.
- Суға кірер алдында шайынып алу керек.
- Дауыл немесе толқын болған жағдайда шомылуға болмайды.
- Суда қауіпті ойындарды ойнауға болмайды, себебі суға тұншығу қаупі зор.
Жәрдемдесу қағидалары
Тілсіз жаудың бірі – су. Ол адам өмірін бір сәтте-ақ алып кете алады. Бірақ зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсету мүмкіндігі бар екенін естен шығармау қажет. Сол мүмкіндікті жіберіп алмауымыз аса маңызды. Осы орайда ҚР ПІБ МО ауруханасы Check-up бөлімшесінің терапевті Марина Наженова суға батып бара жатқан адамға алғашқы медициналық көмек қалай көрсетілетінін айтып берді.
«Суға батқан кездегі алғашқы көмек – зардап шегушіні судан шығару. Содан кейін тыныс жолдарын судан тазарту қажет. Ол үшін құтқарушы тізесін бүгіп зардап шегушіні бүгілген тізесіне ішімен жатқызып, оның кеуде тұсын қысып, арқа жағынан қағып, суды шығарады. Егер адамның есі анық болған жағдайда оған ыстық су беріп, денесін құрғатып, жылы жерге апару қажет. Ондай жағдай, өкінішке қарай, көп бола бермейді. Көбі ессіз болып жатады. Сол кезде адамды жағалаудағы тегіс жерге жатқызып, ауыз қуысын тазалап алу қажет. Ауыз қуысында лай, балшық, протез, ас қалдықтары болуы мүмкін. Ол үшін екі саусақты орамалмен орап, ауыздағы заттарды шығарып, дұрыстап тазалаған жөн. Зардап шегуші есін жинамаған жағдайда, оның жағдайын үш белгіге қарап, анықтап білуіміз қажет. Олар: көз қарашығының жарыққа әсер етпеуі, пульстың анықталмауы, тыныс алмауы. Осы үш белгі байқалған жағдайда дереу жүрек-өкпе реанимацияларын бастау қажет», дейді дәрігер.
Суға түскен кезде сіңірдің тартылып қалу қаупі бар. Бұл кезде қорқыныш-үрейге жол бермей, судан тезірек шығу үшін бар күш-жігерді салу қажет.
«Сіңірдің тартылуына бірнеше себеп бар, солардың бірі - жүзушінің суық суда жүзуі және ұзақ уақыт бойы суда болуы. Тағы қоса кететінім, дене шынықпаған жағдайда да сіңір тартылып қалады. Бұлшықет ұзақ жүзу салдарынан қалжырайды. Бұл кезде жүргізілетін шаралар – жүзу түрін өзгерту және мүмкіндігінше судан тез шығу. Жағаға шыққаннан кейін тартылған бұлшықетті міндетті түрде уқалау қажет. Егер саусақ бұлшықеттері тартылса онда саусақтарды жиі әрі жылдам ашып жабу арқылы бұлшықеттерді босаңсытуға болады. Егер аяқ бұлшықеттері тартылса онда арқаға жатып қол арқылы жүзу қажет. Ал егер қол тартылса аяқпен жұмыс жасау қажет», дейді дәрігер.
Инфекция жұқтыру қаупі бар
Халық көп жиналатын жағажайларда, өзен-көлдерде инфекция жұқтыру қаупі жоғары. Сондықтан шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түспеген абзал.
«Лас жағажайларда ішек инфекцияларын, тері ауруларын қоздыратын инфекцияларды жұқтырып алуымыз мүмкін. Олар: лямблиоз, криптоспоридиоз, ротавирустар, дизентерия, холера, сальмонеллез, лептоспироз, гепатит А вирустары. Сонымен қатар ферма, зауыт, саябақ маңайларында иттер көп серуендейтінін байқаған боларсыз. Олар да суды ластауы мүмкін. Сондай-ақ суда жүзетін құстардан паразит, микробтар тарайды. Жағымсыз иіс шығатын су қоймаларына мүлде жақындамаған жөн», деп түсіндірді маман.
Биыл Астанада шомылуға арналған 4 орын белгіленгенін еске саламыз. Олар: Орталық жағажай, «Три пескаря» демалыс аймағы, «Астаналық аула» және Ш.Бейсекова көшесіндегі көпір маңындағы коммуналдық жағажай.
Айта кетейік, Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанның су айдындарында 44 адам, оның ішінде 6 бала құтқарылды. Бүгінгі күні, өкінішке қарай, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамаған 9 адам, оның ішінде 2 бала суға батып кетті.