2021 жылы жоспарланған іс-қимыл нәтижесінде «Jusan Bank» және телекоммуникация, ауыл шаруашылығы және өзге де салалардың бірқатар басқа да ірі активтерін қамтитын «Jusan» тобы шетелдік юрисдикцияға шығарылып, үкіметі бақылау құқығынан айырылған еді.
«Әділет министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп қабылдаған іс-шаралар нәтижесінде «Jusan» тобын қазақстандық юрисдикцияға қайтаруға қол жеткізді. Қажетті құжаттарға қол қойылды. Қазақстан заңнамасына сәйкес топ үкіметтің және басқа да мемлекеттік құрылымдардың бақылауымен жұмыс істейтін болады» делінген министрлік мәліметінде.
Енді «Jusan Bank» еліміздегі білім беру ұйымдарын қаржыландыруды жалғастыру бойынша міндеттемелерді өзіне алды. Банк бұрын алған мемлекеттік көмек мерзімінен бұрын қайтарылады. Бұл Мемлекет басшысының шетелге шығарылған активтерді қайтару туралы тапсырмаларын іске асыру шеңберінде жасалған кезекті қадам екенін айта кеткен жөн.
Банк бұл шешімге қатысты пікір білдіріп, оның бір шарты отандық білім беру ұйымдарын қаржыландыруды жалғастыру екенін атады.
«Банк өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң түрде жүзеге асыруды жалғастырады. Біз отандастарымыздың қаржылық және қаржылық емес қызметтер бойынша артып келе жатқан сұраныстарын қамтамасыз ете алатын заманауи цифрлық банкингті құру бойынша қабылданған стратегияны ұстанамыз. Өткен жылдың табысты нәтижелері және банктің ағымдағы қаржылық жағдайы өзіне алған барлық міндеттемелерді орындауға, соның ішінде мемлекет көмегінің бір бөлігін мерзімінен бұрын қайтаруға мүмкіндік береді» делінген банк мәлімдемесінде.