Аймақтар • 14 Маусым, 2023

Абайдағы трагедия басқа өңірде қайталанбауға тиіс

535 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Абай еліндегі алапат өртке Ертіс бойындағы орманды ауылдардың халқы айрықша алаңдап отыр. Жалқарағай ормандары Павлодар өңірімен шектесіп, бірнеше ауданның аумағын алып жатқаны мәлім. 277 мың гектар орманды жерге жауапты «Ертіс орманы» мемлекеттік резерваты бүгінде күшейтілген жұмыс режіміне көшкенімен, тәжірибелі орманшылар орман қорғау ісінде шикілік баршылық деп есептейді.

Абайдағы трагедия басқа өңірде қайталанбауға тиіс

«Семей орманы» мекемесіне қарасты жалқарағайлардың отқа оранып, салдарынан адам шығыны орын алып жатқаны павлодарлық әріптестерін айрықша алаңдатып отыр. Қос резерваттың жұмыстары бүгінге дейін біте қайнасып, ағаш өсіру, орманды өрттен қорғаудағы тәжірибелері де ортақ. Айрықша қорғалған аумақтарда өрт қауіпті кезеңде тілсіз жау тұтанбай тұрмайды. Алайда кәнігі орманшылар дәл биылғыдай алапаттың тәуелсіздіктен бергі тарихымызда алғаш рет кездесіп отырғанын айтуда. Биыл көктемнен бері орман аумағында жауын-шашын мүлде болған жоқ.

Қарағайдың жоғарғы тұстарындағы бұтақ­тарының әбден кеуіп тұрғаны сон­шалық, шырпы тисе қау ете қалады. Сон­дықтан алдағы айлар жергілікті орманшы­лар мен өрт сөндірушілер үшін нағыз сын кезеңі болатыны айқын. Семей ормандарын­дағы трагедия біздің аймақта қайталанбауы үшін қайтпек керек?

Бір кездері «Ертіс орманы» мекемесін басқарған тәжірибелі орманшы, еңбек ардагері Төлеген Шакармановтың сөзіне құлақ түрсек, орман қорғау ісінде жүйесіз­дік көп. Резерваттың бүгінгі басшылығы жергілікті жер жағдайын, жалқарағай ор­мандарының ерекшелігін білмейді. «Балық басынан шіриді» демекші, орман күзетін сонау орталықтан үйлестіретін Орман ша­руашылығы және жануарлар дүниесі ко­митетінің басшылығы өз ісінің мамандары емес. Мұны ашық айту керек. Қаншама басшылар ауысып жатыр, барлығы да бұл салаға титімдей жаңашылдық әкеле алмады. Әсіресе 2009-2013 жылдары осы комитетті басқарған Ерлан Нысанбаевтың тұсында орман өрттері өте көп болды. Біздің облысымызда Жалқарағай ормандары отқа оранғаны былай тұрсын, ағаш кесу, ұрлау фактілері көпе-көрінеу жиіледі. Осының барлығына комитеттің сол тұстағы басшылары түрткі болды деп ойлаймын. Себебі ол уақытта орман саласының жұмысын мен бес саусақтай білдім. Жергілікті тәжірибелі орманшылардың ұсыныс-пікірлері тың­дал­мады. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келе жат­қаны байқалады. Саладағы жүйесіздіктің бір ғана салдарын айтайын, 2010 жылы біздің облыс аумағында басталған алапат өртке өрт сөндірушілеріміз ие бола алмай, тілсіз жау Ресей Федерациясына өтіп кетті. Онда тұтас ауылды жайпап өтті. Біздің мемлекетіміз кел­­ген шығынды өтегені де есімде. Кейін резерват аумағында бірнеше елді мекенді өрт шарпыды. Тұрғындардың талай жыл тұрған баспаналары қора-қопсы, дүние-мүлкімен қоса жанып кетті. Мұндай салғырттықтың қай-қайсын айтып тауысарсың. Резерват басшылығының жергілікті халықпен байланысы дұрыс болмаған соң, орман меке­месіндегі қызметкерлер орман күзе­тіндегі техникалық базаға жүрдім-бар­дым қарай­ды. Техника жоқ емес, бар, бірақ сол ұқыпты пайдаланылмайтыны өкінішті. Адамдар жанар-жағармай, техника бөлшектерін ұр­лап, ұйымға көп шығын келтіреді», деп қын­жылады ардагер.

Оның пікірінше, Абай еліндегі жағдай­ға орай Павлодар облысы әкімдігінің жанынан орман қорғау бойынша үйлестіру кеңесі құрылуы керек. Барлық жағдайды сараптап, алдағы қадамдардың қалай жү­зеге асатынын тәжірибелі орманшылармен ақылдасқаны абзал. Бүгінде «Ертіс орма­нында» Ақсақал­дар алқасы бар бол­ға­нымен, оның мүшелері­нің пікіріне басшылық мүлде құлақ аспайтын көріне­ді. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген қағиданы ұстанатын қы­ңыр жетек­ші­лердің кесірінен жергілікті ха­лық­ты бақы­лап ұстау мүмкін болмай бара жатыр. Орман ұрлығы мен қасақана өрт қою фактілері де осыдан туындауы ықтимал. Біз­­дің үнімізді ешкім естімейді. Бұған де­йін Үкімет деңгейінде осы мәселелерді бір­неше мәрте көтерсек те, жауапты комитет қоз­ғалған жоқ. Ұйымдастыру жұмыстары рет­ке келмейінше Абайдағы трагедия біз­дің де ба­сымызға келіп жетуі әбден мүмкін деп ойлай­мын. Өзіміз де қалың орманның арасында, Аққулы ауданындағы Шоқтал ауылында тұрып жатырмыз. Құдай бетін аулақ қылсын, қалың өрт шықса, жақын маңнан ауылға келіп көмектесетін арнайы өрт сөндіру жасағы жоқ. Шоқталда не өрт сөндіретін машина, не арнайы трактор жоқ. Былтыр ауыл шетінде өрт шығып, күйіп кете жаздадық. Ауылға жақын жерде өрт бақы­лау мұнарасының өзін әрең орнатқыздық. «Тайбағар» орманшылығы негізінен кезінде осы Шоқталда орналасуы керек болған. Алайда оның орталығы әлі күнге Шалдайда тұр», деп әңгімесін жалғастырды ол.

Ал «Ертіс орманы» мекемесінің бас директоры Арман Бектеміров орман қорғау ісіндегі өртке қарсы дайындық шарала­ры ойдағыдай деп сендіріп отыр. Қазіргі күні резерваттың қызметкерлері кез келген тосын жағдайға әрекет етуге мығым дейді. Мұнда 307 адам тұрақты еңбек етсе, оның 286-сы мемлекеттік инспекторлар. Кадр жетіспеушілігін «Оңтүстіктен – солтүстікке» бағдарламасы арқасында шешу мүмкін болып отырған көрінеді. «Қызметкерлері­міз жеткілікті, жазғы кезеңде қосымша 250 адам­ды еңбекке тартып отырмыз. Резерват аумағында орман өртіне қарсы 11 станса бар, оның екеуі екінші типті. «Урал», «Зил», «Газ» маркалы 29 өрт сөндіргіш машина, соқасы, басқа да асай-мүсейлері бар 34 тракторымыз, 14 шағын өрт сөндіргіш кешен, 21 патрульдеу көлігі бар. «Қазавиаорманқор­ғау» респуб­ликалық мекемесіне қарасты МИ-2 тік­ұшағы өрт қауіпті кезең басталғалы тұрақ­ты ұшып, аумақтарды бақылауда ұстап отыр. Ұшқыштар ағашты заңсыз кесу оқиға­ларын және орманға келтіріліп жат­қан кез келген ­зиянды уақытында бай­­қап, хабар береді. Бұ­ған қоса әр тұста 18 өрт бақылау мұнарала­ры орналасқан. Бұлар­да тәулік бойы кезекшілік жүргізіліп, қызмет­керлеріміз әр жағдайды бақылап, хабарлап отырады. Бұйыртса, жа­қын уақытта бұл мұнаралар тепловизормен, камералар­мен және GPS бағыттағыштармен жабдық­та­лады. Жаңа аспаптарға конкурс жариялап қойдық. Мемлекеттік инспекторларымыз бен өрт сөндіру стансаларының қыз­мет­керлері өзара «Кенвуд» және «Хит» радиостансалары арқылы тұрақты байла­ныста. Әр орманшылықта жазғы уақытта өрт жағ­да­йына деп кемі 500 литрден бензин және дизель отыны сақталады», дейді ол.

Жалқарағай ормандарының аумағын­да негізі су көздері тапшы. Өрт жағдайына қа­жеттілік үшін көбіне жасанды шағын су қой­малары салынған. Әр орман шаруа­шы­лығында гидранттар, 50 және 100 текше метр су сыятын үлкен ыдыстар орналасқан. Өрт сөндіру машиналарын сумен жедел қамту үшін орман жамылғыларының әр жерінде мұндай 32 ыдыс бар екен. Алдағы айларда резерватқа жаңадан 5 өрт сөндіргіш машина сатып алынбақ. Бұл мекеменің материал­дық-техникалық әлеуетін күшейте түсетіні сөз­сіз. Дейтұрғанмен, мұндағы қолданыста жүр­ген барлық техникалардың қолданыс­тағы мерзіміне 10 жылдан асып кетіпті. Яғни соңғы 10 жылда жаңа машиналар мүлде алынбады десе болады.

«Абай облысындағы жағдай біз үшін үлкен сабақ болатыны сөзсіз. Өрт – айтып келмей­тін қауіп. Ормандар арасындағы бос кеңістік­тер­ге соқа түсіріп, жыртып жа­­тырмыз. Алда-жал­да жалын тұтана қал­са, өзге аумақтарға тара­лып кетпесін де­ген сақтық. Жалпы ұзындығы 570 ша­қы­рым жердің топырағы аударыла­ды. Ре­зерват аумағын­дағы ауылшаруашы­лық құрылымдарына өрт қауіпсіздігін сақтау жа­йында ауызша да, жазбаша да хабарлап, естеріне салып отырамыз. Өртті ерте бастан анықтап, жайылып кетпей тұрғанда өшірген абзал. Мұны әр орманшы қаперінде ұстайды», дейді мекеме басшысы.

Жыл басынан «Ертіс орманы» аумағында 6 орман өрті тіркеліп, жалпы аумағы 215,3 гектарға жуық жердің өсімдіктерін (оның ішінде 40 гектары – орман жамылғысы) тілсіз жау тып-типыл еткен. Бұдан мемлекетке келген шығын көлемі 28,5 млн теңге. Мысал үшін Аққулы ауданының тұрғыны А.Копаев шабындық жерді өртемек болып, өрт аумағын кеңейтіп алған. Аталған азамат абайсыздығы үшін жауапқа тартылып, қылмыстық іс қозғалған.

Жалқарағай ормандарында заңсыз ағаш кесу оқиғаларының тыйылмай тұрғаны да белгілі. Соңғы бес айда резерватта заңсыз ағаш кесу және ұрлау бойынша 20 факті тіркеліп, 6,9 млн теңгенің шығыны кел­тірілген. Заңсыз ағаш кесу оқиғаларының тек 5-еуінде ғана кінәлі тұлғалар анықталып, жаза арқалаған.

Түсініктірек болуы үшін айтып өте­йік, баға жетпес байлығымыз саналатын ре­ликті қылқан жапырақты ағаштар елі­міз­дің солтүстік-шығыс өңірінде ғана кез­деседі. Ежелгі мұхиттың табанында, құм жал­дарында өсіп шыққан Ертіс «орман жолағы» Шалдай және Бесқарағай орман шаруашылықтарынан, оның ішінде 16 орман­шылықтан тұрады. Жалпы аумағы 162 мың орман жамылғысы қорғалуы жа­ғы­нан аса құнды орман алқаптары санатына енеді. Бүгінде резерват аумағында өсімдіктердің 84 түрі тіркелсе, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде флораның алуандығы кеңейіп, былтырға дейін 226 түрі анықталыпты. «Қызыл кітапқа» енгізіл­ген жануарлар мен құстардың 7 түрі, түрлі тұяқты аң, соның ішінде шамамен 190 бұлан орманды мекен етеді.

Негізі Павлодар облысының аумағын­да «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі», сондай-ақ жалпы аумағы 127,5 мың гектар жерге ие орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі коммуналдық мем­ле­кеттік мекемелер («Павлодар», «Үрлітүп», «Максим Горький») бар екенін айтып өтейік. Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Сағын Төлеутаевтың дерегінше, жергілікті орман мекемелерінің өртке қарсы техникалармен қамтылуы 62 пайыздан аспайды. Ормандардың 80 пайызында өртке қарсы мұнаралар жоқ, тағы 36 пайызына өрт сөндіру стансалары жеткіліксіз. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін биыл өңір бюджетінен 355,2 млн теңге қаражат бөлініп, 3 цистерналы өрт сөндіргіш машина, 11 ағаш отырғызатын техника және 6 соқа сатып алу жоспарланған. Тех­ни­ка­­­лардың алды бүгінде келе бастаған. Не­гі­зі «Павлодар», «Үрлітүп», «Максим Горь­кий» мекемелерінде норма бойынша 15 өрт сөндіргіш машина болуы керек. Алай­да қолда барының саны – 7 бірлік. Бұл көр­сеткіш техникалық жарақтану бағытындағы жұмыстардың мардымсыз жүріп жатқанын айғақтап тұр.

 

Павлодар облысы