Үкімет • 13 Маусым, 2023

Міндет – халықтың әл-ауқатын арттыру

275 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы жылдың қаңтар-мамыр айларындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралды.

Міндет – халықтың әл-ауқатын арттыру

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Кез келген апаттың алдын алу керек

Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс Абай облысындағы ірі табиғи өртке қатысты ахуал арнайы қаралды. «Жағдайды дұрыс бағалап, кез келген апаттың алдын алуға барлық күш-жігерді жұмсау керек», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы өрт жедел өршіп, бірқатар елді мекенге қауіп төнгенін атап өтті. Осыған байланысты тұрғындар көшіріліп, Семейде жергілікті деңгейде төтенше жағдай режімі енгізілді.

«Үйлестіру штабының отырыстары үнемі өткізіліп тұрды. Өкінішке қарай, адамдар қаза тапты. 14 адамнан айы­рылып қалдық. Үкімет атынан қаза тапқандардың туыстары мен жақын­дарына көңіл айтамын. Үкімет пен әкімдік тарапынан қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетілетін болады», деді Ә.Смайылов.

Отырысқа қатысушылар өрттен қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

 Премьер-министр Мемлекет басшы­­сының тапсырмасын орындау мақ­сатында қаза болғандардың отбасыларына келесі қолдау іс-шаралары көрсетілетінін айтты:

  1. «Қазақстан халқына» қорынан 7 млн теңгеден, сондай-ақ кәмелетке толмаған әрбір балаға 2 млн теңгеден;
  2. Отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшесіне (кәмелетке толмаған балаларға) республикалық бюджеттен асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы;
  3. Отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшесіне Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айы­рылу бойынша біржолғы әлеуметтік төлемақы;
  4. Қажетті жиһазбен жабдықталған тұрғын үймен қамтамасыз ету;
  5. БЖЗҚ-дан жерлеуге арналған біржолғы төлем.

Сондай-ақ несиелерді есептен шыға­ру үшін қаза болған адамдар мен олардың отбасыларының несиелік жүк­темесі анықталады. Оған қоса қаза тапқан­дардың отбасылары мен зардап шеккендерге қолдау көрсетуге арналған қор құрылды.

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, бүгінгі таңда өрттің жалпы ауданы шамамен 60 мың гектарды құрайды, 43 мың гектары – белсенді нүктелер. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Өртті сөндіру жұмыстары үш бағытта жүріп жатыр: шығыс бағытта – өртті тоқтату үшін ауыр техникамен орман кесіліп, қал­ған екі бағыт бойынша – жету қиын жер­лерде өрт тікұшақпен сөн­діріліп жатыр. Жалпы, өртті жоюға 1 532 адам, 321 техника және 14 тікұшақ жұ­мыл­дырылды. Үш үй және екі техника өртеніп кетті. Газдан уланған екі орман қызметкері сауығып келеді. Успен ор­ман шаруашылығының қаза болған 14 қыз­меткерінің отбасыларына көмек көрсету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Далада немесе орманда өрт шыққанда бірінші күні, алғашқы сағаттарда тиісті қадамдарды қабылдау өте маңызды. Мұндайда жағдайды дұрыс бағалап, кез келген апаттың алдын алуға барлық күш-жігерді жұмсау керек», деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр елдің ұлттық парк­тері мен орман шаруашылықтарын өртті ерте анықтау және мониторинг жүйе­­лерімен жарақтандыру жөнінде іс-шара­лар қабылдауды, сондай-ақ мемлекеттік ор­­ган­­дардың табиғи өртке қарсы әрекет ету алгоритмін қайта қарауды тапсырды.

 

Есеп халық тұрмысынан алынса игі

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров есепті кезеңде республика экономикасы 4,5%-ға өскенін баяндады. Атап айтқанда, нақты сектордағы өсім – 3,6%-ды, қызмет көрсету саласында 4,9%-ды құрады. Барлық негізгі сала оң динамика көрсетті. Бұл ретте ең жақсы көрсеткіштер құрылыс (+12,1%), сауда (+10,2%), сондай-ақ ақпарат пен байланыс (+9,1%) салаларына тиесілі болды.

Негізгі капиталға салынған инвести­цияның өсу қарқыны 17,2%-ды құрады. Олардың ағыны көлік және қоймалау салаларында – 56%-ға, ауыл шаруашылығында – 31%-ға, өнеркәсіпте – 15,7%-ға, сондай-ақ жылжымайтын мүлік операцияларында 3%-ға өсті.

Алдын ала қорытындылар бойынша қаңтар-сәуір айларында сыртқы сауда айналымы 11,1%-ға артып, 44,4 млрд долларды құрады. Экспорт 25,5 млрд долларды құрады, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 7,5%-ға өсіп, 8 млрд долларға жеткен. Тауарлар импорты 18,9 млрд долларға жетті. Жалпы алғанда, республиканың оң сауда балансы 6,6 млрд долларды құрады.

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев атап өткендей, бес ай ішінде мемлекеттік бюджетке 8 трлн теңгеден аса кіріс түскен. Сөйтіп, жоспар 103% орындалыпты. Оның ішінде республикалық бюджет – 5,4 трлн теңгеге (93,8%), жергілікті бюджеттер – 2,6 трлн теңгеге (128,9%) толықтырылды. Барлық өңірде дерлік табыс жоспарлары ойдағыдай қорытындыланды. Сонымен қатар мемлекеттік бюджет шығыстары 98,5%-ға, республикалық бюджет шығыстары 98,8%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,9%-ға орындалды.

Премьер-министр бес айдың қоры­тын­­дысы бойынша өңдеу өнеркәсібі сала­­лары республика экономикасының өсуі­не негізгі үлесті қосып отырғанын айтып өтті. Онда машина жасауда – 32%, оның ішінде автомобиль жасауда – 41%, сон­дай-ақ жеңіл өнеркәсіпте 31% өсу динамикасы тіркелді.

Құрылыс саласы 12,1%-ға, қызмет көр­сету секторы 4,9%-ға, ауыл шаруашы­лығы 3,5%-ға өсті. Дайын металл бұйым­дарының өндірісі – 11%-ға, пластмасса бұйымдары – 7,7%-ға, тамақ өнімдерін шығару – 6,5%-ға, минералды өнім шығару 4,1%-ға артты.

 Жалпы есепті кезеңде барлық негізгі макрокөрсеткіштердің өсімі Абай, Ақ­мола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Пав­ло­дар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыс­тары мен Алматы қаласында тіркелді. Ең төмен көрсеткіштер Атырау және Алматы облыстарында екен.

Үкімет басшысы халықаралық қаржы инс­титуттары әлемдік экономиканың өсу бол­жамдарын 2 есеге жуық азайтқанын айтты.

«Алайда сыртқы факторларға қара­мастан, біз макроэкономикалық тұрақ­тылықты сақтап қана қоймай, эконо­миканың өсу қарқынын қамтамасыз етуі­міз керек. Базалық салаларды сапа­лы дамытуға барынша көңіл бөліп, еңбек кірістерінің өсуі, сапалы жұмыс орын­да­рын құру есебінен азаматтардың әл-ауқа­тын арттыру жөнінде белсенді іс-шара­лар қа­былдануға тиіс», деді Әлихан Смайылов.

Бұл ретте Премьер-министр қаржылық тәртіпті күшейту маңызды екенін атап өтті. Өйткені бағдарламалардың бірқатар әкімшілері бюджет қаражатын игермеген. Осыған байланысты ең үлкен әлеуметтік-экономикалық нәтижеге қол жеткізу үшін бюджет параметрлерінің сақталуын, қаражаттың тиімді бөлінуін қамтамасыз ету қажет.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық инфрақұрылымын жөндеу және реконструкциялау бойынша жоспарлан­ған инвестициялық іс-шаралардың орындалуы ерекше бақылауда болуға тиіс. Әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық жоспарланған көрсеткішіне қол жеткізу керек», деп қорытындылады сөзін Әлихан Смайылов.

 

Мал көбейсе – ел ризығы

Еліміз мал шаруашылығы саласы­ның бірқатар өнімі бойынша импорт­қа тәуелділікті айтарлықтай төмендет­ті. Бұл жөнінде Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты. Сала басшысы қазіргі уақытта республиканың АӨК жалпы өнімінің шамамен 40%-ы мал шаруашылығының үлесіне тиесілі екенін баяндады. Талдау нәтижелері саланың тұрақты қарқынмен дамып келе жатқанын көрсетіп отыр. Малдың барлық түрі тұрақты өсуде. 2022 жылдың өзінде ірі қара мал саны – 4,2%-ға, қой – 4,8%-ға, жылқы – 10,5%-ға, түйе – 6,5%-ға, құс саны 4%-ға өсті.

Сонымен бірге мал шаруашылығын дамытудың сапалық көрсеткіштері де өсуде. Атап айтқанда, сауылған сүт мөлшері 4,7%-ға, сондай-ақ сойылған қой салмағы 8,6%-ға, тауықтардың жұмыртқа әкелу көрсеткіші 17,2%-ға өсті. Жалпы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 0,9%-ға, ал осы жылдың 5 айында 3,6%-ға ұлғайды.

Қазіргі мемлекеттік қолдау іс-шара­лары мал шаруашылығы саласының инвестициялық тартымдылығын сақтауға мүмкіндік берді. Өткен жылы инвес­тиция көлемі 67%-ға артып, 117,5 млрд теңгеге жеткен. Барлығы 102 инвес­тициялық жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, инвестициялардың ең көп көлемі тауарлы-сүт фермаларының құры­лысына салынған. Мәселен, 2022 жылы қуаты 52,4 мың тоннаны құрайтын 36 тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Сонымен қатар жалпы қуаты жылына 41,9 мың тонна құс етін құрайтын 7 құс фабрикасы пайдалануға берілді.

Биыл Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлінді. Нәти­жесінде, өндірістік қуаты жылына 373 мың тонна сүтті құрайтын 65 тауарлы-сүт фермасын құру жоспарланып отыр, бұл республиканың импортқа тәуелділігін 39%-дан 11%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында мал шаруашылығын субсидиялау тетігін одан әрі жетілдіру бо­йынша жұмыстар жүргізілді. Бақылаушы органдардың ескертулері назарға алынып, субсидиялау қағидаларынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар нормалар алып тасталды. Сонымен қатар ветеринария жүйесін реформалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өңірлерде мал шаруашылығын дамыту туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов баяндама жасады.

Премьер-министр мал шаруашылығы еліміз үшін ауыл шаруашылығының негізгі және дәстүрлі салаларының бірі екенін атап өтті. Сондықтан мемлекет тарапынан салаға елеулі түрде қолдау көр­сетіліп келеді. Атап айтқанда, мал басын және мал шаруашылығы өнімдерін ұлғайту үшін биыл 108 млрд теңге бөлініп отыр.

«Бұл іс-шаралар мал басы мен құс санының өсуіне, мал шаруашылығы өнім­­дерінің өндірісіне оң әсерін тигізеді. Нәтижесінде, өткен жылдың қорытын­дысы бойынша осы салаға құйылған инвестициялар көлемі 67%-ға өсті», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, мал шаруашылығы саласының әлеуметтік маңызы бар бірқатар өнімі бойынша импортқа тәуелділік айтарлықтай төмендеді. Мәселен, импорт сүт өндірісі бойынша 45%-дан 39%-ға дейін, құс етінің өндірісі бойынша 51%-дан 32%-ға дейін төмендеді.

Оған қоса мал шаруашылығы өнімін­дегі отандық өндірістің үлесін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамта­масыз ету үшін бірқатар проблемалық мәселені шешу қажет. Мысалы, жемшөп өндірісі бойынша.

Ауыспалы егістегі, бірінші кезекте суармалы жерлердегі жемшөп дақыл­дарының үлесін кеңейту жұмысы тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. Сондай-ақ Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының желісі бойынша Қазақстан ұзақ уақыт бойы аусылдан таза мәртебесін ала алмай жүр екен. Үкімет басшысы осы мәселеге арнайы тоқталды.

«Бұл жұмысты биылғы мамыр айында аяқтау жоспарланған болатын. Бірақ ол уақтылы жүргізілмеді. Сондықтан халықаралық ұйымнан мақұлдау алынған жоқ. Бұл отандық мал шаруашылығы өнім­дерін жеткізу географиясын кеңей­туге, оны өндіруді ынталандыруға мүмкін­дік бермейді. Бұл – ветеринарлық қызметтің әлсіз жұмысының дәлелі. Халықаралық озық тәжірибені ескере отырып, оның қызметін қайта қарау қажет», деп нығыздады сөзін Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, сала көрсеткіштерін қалыптастыру әдістемесі бойынша да мәселе туындаған. Стратегиялық жос­парлау және реформалар агенттігінің ақпараты бойынша ресми дереккөздердегі мәліметтерде орта есеппен 20%-ға алшақ­тық бар. «Дәл осы мәселені шешу үшін ауыл шаруашылығы санағы жүргізілуі керек», деді Үкімет басшысы.

 Одан бөлек, Қазақстанда жүн мен былғары өңдеу саласын дамытуда айтар­лықтай әлеует бар, сол үшін жоғары қайта өңделген өнімдерді шығаруды кеңейту керектігіне де назар аудартты.

Қорытындылай келе, Үкімет басшысы ауыспалы егістегі жемшөп дақылдары­ның үлесін кеңейтуді қамтамасыз етуді, халықаралық тәжірибені және цифрландыруды ескере отырып, Ветеринария жүйесін реформалаудың жол картасын әзірлеуді, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы санағын жүргізу жөніндегі жол картасын дайындауды тапсырды.

Оған қоса Әлихан Смайылов отандық мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайту жөніндегі іс-шаралар кешенін және алгоритмді әзірлеу, сондай-ақ осы жылдың соңына дейін аусылдан таза мәртебесін алу қажеттігін тағы қайталап айтты.