Қоғам • 14 Маусым, 2023

Абай облысындағы өрт: Даниал Ахметовтен жауап алынады

1601 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Абай облысындағы өрт бойынша қозғалған қылмыстық іске қатысты бірқатар түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл іске немқұрайды болған әр адам міндетті түрде тиісті жазасын алады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Абай облысындағы өрт: Даниал Ахметовтен жауап алынады

Сурет: primeminister.kz

Жандос Өмірәлиевтің айтуынша, бүгінде «екі және одан да көп адамның қаза болуына әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» 292-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша тергеу жұмыстарын Бас прокуратура жүргізіп жатыр. Ведомствоның арнайы қызметі тергеуге кірісті, ведомствоаралық тергеу-жедел тобы құрылып, оған барлық құқық қорғау қызметтерінің ең тәжірибелі, білікті тергеушілері мен жедел қызметкерлері кірді. Жұмыс тобын Бас прокурордың орынбасарларының бірі басқарады. Іс Бас прокурордың ерекше бақылауында.

«Сонымен қатар осы трагедияның ауқымын, экологияға келтірілген залалды, ең бастысы – қызметтік міндеттерін атқару кезінде 14 орман қызметкерінің қаза табуын ескере отырып, біз де лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғадық. Осы қылмыстық істі тергеу шеңберінде өз міндеттеріне, қызметіне жосықсыз, жауапсыз қараған, соның салдарынан өзіне жүктелген міндеттемелерді орындамаған, осындай қайғылы оқиғалар мен адам өліміне әкеп соққан барлық лауазымды адамдардың шеңбері белгіленетін болады», деп түсіндірді Жандос Өмірәлиев.

Бұл ретте Төтенше жағдайлар министрлігінің бұрынғы басшысы Юрий Ильин, Экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменова, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов сынды лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне әлі ешқандай баға берілген жоқ.

«Қозғалған қылмыстық іс аясында қызметтік міндеттеріне қатысты тиісті шара қолданбай, соның салдарынан ауқымды өрт пен адам өліміне әкеп соқтырғандардың бәрі сөзсіз жауапкершілікке тартылады. Қазір шенеуніктердің әрекеті сараланған жоқ, тергеу енді басталды. Айта кетсем, жауапқа тек басшылар ғана емес, орта буын басшылары да тартылады, олар қазір өртті сөндіруге атсалысып жатқанын ескердік. Біздің басты мақсатымыз – өртті сөндіру. Бірақ алдағы уақытта олардан міндетті түрде жауап алынады. Тергеу мерзімі - екі ай», деп сендірді Бас прокурордың орынбасары.