Қоғам • 14 Маусым, 2023

Әуе қатынасында халықаралық талаптарға сай мамандар жеткіліксіз

287 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Уақыт өткен сайын еліміздің ішкі әуе қатынасында жаңа бағыттар ашылып, халықаралық рейстер де көбейіп келеді. Елдің авиация саласы ИКАО-ның талабына сай 82% жұмыс істеп отыр деген мәлімет бар. Аталған халықаралық ұйым әуе компанияларын, ұшқыштарды, аэронавигацияны, аэропорттарды бәрін бөлек қадағалайды.

Әуе қатынасында халықаралық талаптарға сай мамандар жеткіліксіз

«Egemen Qazastan» газетінің тілшісі Сәндібек Асанәлі «Ұшқыш болу оңай ма?» мақаласында халықаралық талапқа сай маман даярлауға қатысты мәселе қозғады. 

Автордың жазуынша, кадр даярлауға байланысты 90 сұрақ болса, оның нақты 20-сы академияның жұмысына қарайды. Демек, осы талаптың жүйелі орындалуын да ел екіметі қадағалайды.  

«Бүгінде біз ИКАО-ның өзімізге жүк­телген талабына сай маман даярлауы­мыз қажет. Аталған ұйымға 192 мемле­кет­ қарайды. Соның ішінде біз де әуе қа­ты­насын Еуропа стандарттарына сай үйлестірмесек болмайды. Біз 2016 жылдан бері осы талапқа сай болуымыз керек деп межелі міндет қойдық. Біздегі әуе компаниялар Еуропа талабына сай жұмыс істейді. Бұл дегеніңіз біз де академия түлектерін халықаралық талапқа сай даярлауымыз керек дегенді ұқтырады. Енді академия не істеп жатыр, деген сұраққа тоқталайық. Біздің құжаттарымыз, оқулықтарымыз Еуропа тәжіри­бесінен алынған. Студенттерді талап­­қа сай оқытамыз. Бірақ «Air Astana»­ әуе компаниясы ұшқыштарды даяр­­­­лау үшін сол Еуропа одағының ауди­­­тына өту туралы талап қояды. Ал оған өту­ге бірінші уақыт, екінші қаражат керек», дейді Азаматтық авиация академиясының ректоры Бекен Сейдахметов.

Бұл бұрыннан бар мәселе. Мысалы, 2012 жылы елі­міз «Еуропа талабына сәйкес маман даяр­лау керек» деп ұрандатқан еді. Нәтижесінде оқу орнының басшылығы 2015 жылы академияның материалдық-техни­­ка­лық базасын жаңғыртуға Үкі­мет­­тен 3,5 млрд теңге қаражат сұра­­ған. Көп ұза­май академияның жоғын түген­деу­ге 1,7 млрд теңге қаржы бөлінеді. Оған оқу-жаттығуға арналған 7 ұшақ алы­нып,оның алтауы – бір моторлы, біреуі – екі моторлы ұшақ болса, осыған қоса Boeing, Airbus жаттығу тренажерлері де бар. Енді араға 7 жыл салып осы мәсе­ле қайта қозғалып отыр.  Өйткені бү­гін­гі даярлаған ұшқыштарды «Air Astana», «SCAT» әуе компаниялары мойын­дамайды. Ол үшін академия Еуро­па­ның ұшу қауіпсіздік аудитін өтіп, сертификат алуы керек.

Мақала авторының пікіріне сәйкес, түлектердің біліктілігі халықаралық талаптарға сай болуы үшін академияға кемі инструменталды үш ұшақ керек. Академияның балансындағы қазіргі ұшақты тізгіндеген ұшқыш­тар визуалды, яғни төңіректегі жағ­дайды көзбен бақылап ұшады. Ал әуе компанияларына күндіз де, түнде де ұшатын ұшқыштар керек.