Дін • 14 Маусым, 2023

Марал ишанның ақ мешіті

344 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қостанайда кезінде Тобыл жағалауын мекендеген Мінайдар болыс бастаған қазақ байларының қаржысына салынған Марал ишан атындағы ақ мешіттің 130 жылдық белесі аталып өтті. Дүбірлі тойға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай, өңір зиялылары, Марал ишан Құрманұлының Тобыл, Сыр өңірі мен Ташкентке тараған ұрпақтары келіп қатысты.

Марал ишанның ақ мешіті

Мемлекет қорғауындағы та­рихи ескерткіш саналатын көне ғимаратты салу жұмысын ұйымдастырған жергілікті татар көпесі Әбдуәлі Яушев 1893 жылы мешіт құрылысын толық аяқтап, халыққа тапсырып береді. Көнекөз қариялардың айтуынша, мешіттің ашылу құрметіне орай үлкен той өткен. Осы тойда атақты Нұржан ақын күресіп, түйе балуан атанған. Содан бері қырық жылға жуық ел игі­лігіне қызмет еткен ақ мешіт 1931 жылы қалалық кеңестің ше­шімімен жұмысшылар клу­бы болып өзгертіледі. Ал соғыс жылд­ары эвакуациялық орта­лыққа айналған мешіт ғимаратын Ленинградтан қоныс аударып келгендер паналайды. Соғыстан кейін жергілікті мұсылмандар мешітті қайтарып беруді өтінген екен, бірақ қала басшылары халықтың бұл өтінішін ескерусіз қалдырады. Осылайша, қасиетті ақ мешіттің ғимаратында со­ғыстан кейінгі жылдары кино­театр, ал 1980 жылдан 1991 жыл­ға дейін филармония жұмыс іс­тейді.

чмяи

Араға жетпіс жыл салып, яғни 1991 жылдың қара­ша айын­да ғана ақ мешіт қайтадан өз қызметіне көшеді. Ел тәуел­сіз­­дігінің алғашқы кезе­ңінде не­ше жыл бойы күтім көр­мей тозығы жеткен ғимарат қайта жөн­деуден өтіп, бастапқы қал­пына келтірілді. Кезінде алынып тасталған көк күмбезі орнына қайта қондырылып, мұнарасы ұзартылды.

2002 жылы ХІХ ғасырдың сәулет ғимараты саналатын ақ мешітке Марал ишанның аты берілді. Мешіттің әулие бабаның есі­мін иемденуіне сол кездегі бас имам Ер­­тай қажы Балахметтің зор еңбек сіңір­генін де айта кету керек.

Мешіттің 130 жылдығына қайта оралсақ, мерейтой барысында, веломарафон, ақындар мүшәйрасы, қарилар арасында аймақаралық Құран жарысы өтті. Оған Қостанай, Қы­зылорда, Солтүстік Қазақ­стан, Павлодар, Ақмола, Абай облыстарының кәлім-шәріф­ті толық жаттаған 13 өкі­лі қа­тысты. Нәтижесінде, құран­ның 30 парасын жатқа оқу­дан бірінші орынды Павлодар об­лысынан келген жас қари Әліби Бөрібаев иеленіп, 1 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық алды. Екінші орынды жеңіп алған Әлібидің жерлесі Гиесжан Әбдіқадыров 700 мың теңгенің сыйлығын иемденсе, үшінші орын алған Қостанай облысының қариі Сұлтан Нұр­ма­хамбетке 500 мың теңге ақша­лай сыйлық берілді.

Мерейтойдың мән-мазмұнын арт­тыра түскен іс-шараның бі­рі «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында өткен «Мешіт – мейі­рімділік мекені» атты рес­пуб­ликалық ғылыми конференция болды. Жиын барысында «Марал ишан атындағы ақ мешіт» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Жинаққа ақ мешіт туралы әр жылдары жазған мақалалар, архив құ­­жат­тары мен фотосуреттер, Ма­рал ишан туралы жа­зылған ғы­­лыми мақалалар мен көркем дү­ниелер енген.

Конференция мінберіне шық­қан зиялылар ақ мешіттің тарихын арыдан қаузап, Марал ишан Құрманұлының діни, саяси қайраткерлігі туралы ой толғады.

– Бір мақаладан «Қазақ – тарихын мазармен бекіткен ел» деген жолды оқығаным бар. Ес­тіген құлаққа жағымсыз жетеді. Ал үңіліп қарасақ, бабаларымыз сыртта жүріп шейіт болған ба­ты­рын, ақынын, әулиесін жат елде қалдырмаған. Қай өңірде аруақты ерлеріміз бен ел аузында қалған аналарымыз жатса, сол елдің иесі де – өзіміз екені ақи­қат. Ертіс –Баян өңіріндегі Мәш­­һүр Жүсіп, Көкше өңірінен шыққан Алашқа мәлім Науан хазірет, Үш жүздің пірі Марал ишан – қазақтың ел болуына, дін мен дәстүрін жеткізуге зор еңбек сіңірген тұлғалар. Марал бабамыз теріскейдегі Қостанай жерінде туып, күнгейдегі Сыр бойында жатуы Қазақ жерінің ортақ тумасы екенін айғақтайды,  деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай.

Конференциядан кейін Марал ишан ұрпақтары ас берді. Астың соңы қайырымдылық акциясына ұласып, көпбалалы және тұр­мысы төмен 130 отбасына азық-түлік таратылды.

 

Қостанай облысы