Әскер • 15 Маусым, 2023

Аумақтық әскердің қуаты қандай?

3269 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елімізде аумақтық әскерлердің құрылғанына 6 жыл толды. 2017 жылғы 13 мау­сымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылған болатын. Ал 2018 жылғы сәуірде әкімдіктердің жанындағы аумақтық қорғаныс құрамалары Қарулы күштер аумақтық әскерлерінің әскери бөлімдері болып қайта құрылды.

Аумақтық әскердің қуаты қандай?

Аталған нормативтік-құқықтық актіде Қорғаныс министрлігінің ау­мақтық әскерлерді басқарудағы өкі­леттіктері мен оларды ұстап тұру жөніндегі жергілікті атқарушы орган­дардың функциялары бекітілген. Аумақтық әскерлер бейбіт уақытта қыс­қартылған штат бойынша жұмыс істейді. Қажеттілік туындағанда төтен­ше жағдай режімін қамтамасыз ету, табиғи, техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жоюға жұмылдырылады.

Украина жерінде болып жатқан әскери қақтығыстардан біз аумақтық қорғаныс жауынгерлерінің тиімді әрекетін көріп отырмыз. Олардың артықшылығы – біріншіден, елдің қай аймағынан жау шабуылдаса да, оған тез арада тойтарыс беруге мүмкіндіктің болуы. Сол себептен де бүгінгі таңда армияның мобильділігін арттыру үшін аумақтық қорғаныс әскерлерін жасақтаудың пайдасы орасан зор. Бұл – әсіресе жері үлкен біздің еліміз үшін ауадай қажет құрылым. Қорғаныс министрлігі Бас штабы бастығының орынбасары – Аумақтық қорғаныс департаментінің бастығы, генерал-майор Серік Борамбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта Қарулы күштеріміздің аумақтық әскерлері еліміздің барлық облыстарында, республикалық маңы­зы бар қалаларында және астанада құрылған. Яғни дұшпан қай тараптан кірсе де, оған тойтарыс беруге әзір аумақтық әскерлеріміз бар. Ендігі мәселе – олардың дайындығы және заманауи қару-жарақпен қамтамасыз етілуі.

– Еліміздің аумақтық қорғаныс жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» заң жобасын әзір­леу және оны қолданысқа енгізу бо­йынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар аумақтық қорғанысты дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленіп жатыр. Жыл сайын аумақтық әскерлердің әлеуеті арттырылып, оларды материалдық-техникалық жабдықтау, қажетті инфрақұрылым нысандарын салу және бөлу бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді, – дейді генерал-майор Серік Борамбаев.

Оның айтуынша, аумақтық әскерлер кез келген қауіпке және жауға тойтарыс беру үшін жауынгерлер ауқымды республикалық оқу-жаттығуларға қа­тысып тұрады. Жергілікті атқарушы ор­гандардың лауазымды адамдары мен аумақтық қорғаныс мамандары үшін біліктілікті арттыру курс­тары ұйым­­дастырылады. Аумақтық қорға­ныс бөлімшелеріне тіркелген әскери мін­дет­тілердің, яғни запастағы офицерлер мен сержанттардың әскери жиын­да­ры да дәстүрлі түрде өтіп келеді. Бұл бөлімшелердің әскери қауіпсіздік пен егемендікті қорғауы және елдің аумақ­тық тұтастығын қамтамасыз етуі үшін, сондай-ақ қиын жағдайларда халық пен елді қорғауы әрі көмек көрсетуі үшін барлық іс-шаралар қабылданып жатыр.

Жоғарыда айтылғандай, бейбіт уақытта аумақтық әскерлер қысқар­тылған штатпен аумақтық қорғаныс бригадаларының басқармасы құрамын­да, өңірлік қолбасшылықтардың әске­­ри бөлімі (мемлекеттік мекеме) ретін­де жұмыс істейді. Қажет болғанда жер­гілікті халық арасынан әскери мін­дет­­тілерді шақыру жүзеге асырыла­ды. Сондай-ақ ел ішінде болып жат­қан кез келген келеңсіздіктің алдын алу­ға жұмылдырылады. Мәселен, олар COVID-19 пандемиясы мен Сар­до­ба су қоймасы бұзылған кезде тө­тенше жағдайлардың салдарын жою іс-шараларына қатысып, тәжірибе жи­на­ға­нын атап өту керек. Өткен жы­лы Қостанай облысындағы орман өртін сөндіруге және биыл Батыс Қа­зақстан облысындағы су тасқыны салдарын жоюға тартылды. Сондай-ақ аумақтық әскерлер ел басына күн туғанда халықты көшіруге, объектілер мен коммуникацияларды диверсиялық топтардың террористік әрекеттерінен қорғауға атсалысады.

Сонымен қатар аумақтық әскер­лер Қарулы күштердің әскери қыз­метшілеріне көзделген барлық әлеу­меттік қамтамасыз ету түрлерін толық көлемде пайдаланатынын атап өткен жөн.

«Жаман айтпай жақсы жоқ», жау  жағадан, бөрі етектен алса, басқыншы дұшпанмен алғашқы болып бетпе-бет келетіндердің бірі – осы аумақтық әскерлер. Сондықтан «Қыс қамыңды жаз ойла» дегендей, олардың соғыс жүргізу қабілеттілігін барынша арттырған жөн. Жуырда сондай үлкен оқу-жаттығу жиындарының бірі «Оңтүстік» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтары нұсқаушыларының қатысуымен өткен болатын. Қызылорда және Маңғыстау облыстары әкімдері орынбасарларының басшылығымен аумақтық қорғаныс бригадасының басқару органдары және бөлімшелерінің жиынына қатар­дағы жауынгерлер, сержанттар мен офицерлер құрамындағы әскери міндет­тілер жұмылдырылып, кәсіби әскери нұсқаушылардың жетек­шілігімен теориялық жә­не тәжірибелік тұрғыда оқы­ту­­дан өтті. Әскерде алған мамандығы бойын­ша машығын нығай­тып, қару-жарақ және техникамен жұ­мыс істеу дағды­ларын жетілдірді.

Мұндай оқу-әдістемелік сабақ­тар кезең-кезеңмен өтіп жатыр. Бастап­қыда жеке, содан кейін бөлімше­лер құра­мында дайындықтан өтсе, соңын­да іс-шаралар тактикалық және арнайы жаттығумен аяқталады. Бұл оқу-жат­тығуларға запастағы офицерлер ша­қырылғанын айта кету керек. Солардың бірі – Маң­ғыстау облысының аумақтық қорғаныс бригадасына әскери жиынға шақырылған запастағы сержант Нұрбол Жұмабай. Ол 2007 жылы теңіз жаяу әскері бригадасында батальонның атысты қолдау ротасы бөлімшесінің командирі болып қызмет еткен.

– Шақыру қағазын алып, белгіленген уақытта Ақтау қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасына келдім. Туыстарым да бұған түсіністікпен қарады. Олар менің запастағы сержант екенімді және қажет болған жағдайда әскерге шақырылатынымды біледі. Жеке құрамды қабылдау пунктінде бізге киім-кешек пен әскери құрал-жабдықтар берілді. Енді бұрын алған дағдыларымды пысықтап жатырмын, – деп ойымен бөлісті ол.

Мұндай оқу-жаттығу жиындары маусым-шілде айларында Қарағанды, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында да өтпек. Әскери жиын кезінде әскери бөлімге дейін және кері қайту жолындағы жүру уақытымен қоса әскери міндеттілердің жұмыс орны мен атқаратын лауазымы сақталатынын, республикалық бюджет есебінен орташа жалақы төленетінін айта кету керек.

Сонымен қатар таяу күндері Қор­ғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабы­ның бастығы, генерал-лейтенант Марат Құсайынов Павлодар облы­сын­да аумақтық қорғаныс құрама­сы­ның инфрақұрылымымен танысты. Аумақтық әскерлер дегенде, ең алды­мен, шекаралық облыстардағы құры­лымдардың дайындығына баса назар аударған абзал. Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары жергілікті әскери қызметшілермен кездесу барысында әлемдегі әскери-саяси жағдайға шолу жасап, әскери жағдай енгізілгенде облыстың Қорғаныс кеңесінің қызметін ұйымдастыру, төтенше жағдай кезіндегі іс-шараларды орындау барысында аумақтық қорғаныс құрамасын қолдану мәселелерін пысықтады.

Әскері қуатты елдің әлеуеті жоға­ры. Бүгінгі алмағайып заман соны көрсетіп отыр. Ендеше ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігін қадір тұтатын Қазақ елі үшін қауіпсіздік мәселесі әрқашан бірінші орында болуға тиіс.