Әскер • 14 Маусым, 2023

Сардарлар сабағын аяқтады

223 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президент атындағы Ұлттық қорғаныс универси­тетінде оқуын тәмамдаған түлектерді салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. 150-ден астам магистрант Қарулы күштер офицерлер корпусының, басқа да әскери құралымдардың қатарын толықтырды.

Сардарлар сабағын аяқтады

Елордадағы Ұлттық қорға­ныс университеті – еліміздегі жоғары әскери білім берудің флаг­маны, жаңа үлгідегі әске­ри оқу орны, инновациялар­ды енгізу саласындағы көшбасшы, сондай-ақ Орталық Азия өңірін­дегі ірі әскери жоғары оқу орны. Университет ҰҚШҰ-ға мү­ше мемлекеттердің Қа­ру­­лы күш­тері үшін әскери кадр­­лар­ды бірлесіп даярлайтын оқу орын­дары тізі­міне енгі­зіл­­ген. Соны­мен қатар бұл уни­верситет еліміздің бар­лық әскери оқу орын­да­­ры үшін ведомствоаралық оқу-әдіс­темелік орталық болып саналады.

Ұлттық университеттің бас­ты­ғы, генерал-майор Лут Альче­кенов салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде қазіргі уақытта оқу орны жедел-тактикалық және жедел-стратегиялық бас­қару буыны үшін бір жарым мыңнан астам әскери маман даярлағанын атап өтті.

– Сіздердің алдарыңызда өз әскери бөлімшелеріңіздің беделін арттыру және жауын­герлік дағдыларды жоғары дең­гей­ге көтеру міндеті тұр. Мұнда біз Қазақстан армиясының офи­церлерін ғана емес, Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының және Арме­ния Республикасының өкілдерін де даярладық. Сіздер өз елде­ріңіздегі қарулы күштердің міндеттерін ойдағыдай шешуге және елдеріңіздің тәуелсіздігін нығайтуға мүмкіндік беретін білім мен дағдыларға ие бол­дыңыздар, – деді ол.

Бұл білім ордасында берілген білім мен дағдылардың ауқымы өте кең екенін атап өткен жөн. Түлектер әскери тактика мен стратегияның ерекшеліктерін зерттеп, шет тілдерін меңгерген.

– Сіздерді әскери қызметтің кезекті маңызды кезеңін – Қа­зақстан Республикасының ең беделді әскери жоғары оқу орнында білім жолын аяқтау­ларыңызбен құттықтай­мын. Сіздер үшін бұл университет ыстық сезім ұялататынына се­нім­дімін. Сіздер білімнің мол қорымен ғана емес, сонымен қатар достық қолдау мен өзара көмек рухын да бойға сіңір­­діңіздер. Бұл рух біздің елдеріміздің бейбіт және жос­парлы дамуы мүдде жолында жылдар бойы нығая түседі, – деді Армения Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Армен Гевондян түлектерді құттықтауында.

Магистранттарды салтанатты шығарып салу іс-шарасы Қорғаныс министрлігінің ан­самблі дайындаған мерекелік концертпен аяқталды.