Полигон аумағында әскери қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттырып, шеберліктерін шыңдауды мақсат тұтқан оқу-жаттығу жиыны үш күнге созылып, жауынгерлер өзара тәжірибе алмасты.
– Оқу-жаттығу жиыны барысында бөлім командирлері мен олардың орынбасарлары бронды тронспортер техникасын жүргізу, суда жузу, әртүрлі модификациядағы қару-жарақпен оқ ату сабақтарын өтті. Бүгінде олар өте жақсы нәтиже көрсетіп жатыр, – деді 5511 әскери бөлім командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасары, майор Аброр Абдуллаев.
Қуатты қарумен жабдықталған БТР-80 – соңғы үлгіде жаңартылған техника. Жол талғамайтын көлік ойлы-қырлы жерлермен де, суда да жүре береді. Оны кеңес әскерлері Ауған соғысында қолданған. Кейін 90-жылдардан бастап Ресей Қарулы күштерінің және басқа да бірқатар бұрынғы кеңестік республиканың барлық ірі қарулы қақтығыстарында өзінің тиімділігін көрсеткен. Оны жүргізу де екінің бірінің қолынан келе бермейді.
– Қазіргі уақытта БTР-80-ді суда жүргізу үшін практикалық сабақтар болып жатыр. Бұл техника алдынан кезіккен шұңқыр ғана емес, өзен секілді кедергілерді де оңай еңсереді. Суға түспес бұрын оны жақсылап тексеріп, барлық люктерді жабу керек, – дейді 5518 әскери бөлімінің аға механик жүргізушісі, сержант Руслан Бекенов.
Оқу-жаттығу жиыны барысында әскери қызметшілерге барлық жағдай жасалған. Тіпті оқу-жаттығудан кейін тыныстау үшін арнайы демалатын орындармен жабдықталған техникалар да бар. Әскери көліктің іші кең әрі барлық заман талабына сай жасақталған.
– Бұл жиынның әскери қызметшілердің өзара тәжірибе алмасулары үшін маңызы зор. Біз осында келіп, өзімізге көп пайдалы білім алдық. Жаңа машықтарды меңгердік. Күнделікті қызметте жүргенде оның бәріне көңіл бөлуге мүмкіндік бола бермейді. Ал мына жерде бар назарымызды осыған аударамыз, – дейді 5518 әскери бөлімінің командирі, подполковник Медет Ертайлақов.