«Егер осындай алапат өртпен алғаш рет бетпе-бет келіп тұрсақ, мәселе басқаша болар еді. Бірақ бізде мұндай оқиғалар жыл сайын қайталанып отыр. Күзде ғана Қостанай облысында үлкен өрт болды. Салдарынан 40 мың гектарға жуық жер өртеніп кетті. Соған байланысты Президентіміз тиісті органдарға нақты міндеттер жүктеді. Оны орындау үшін Үкімет ауқымды жұмысты қолға алдық деп есеп те берді. Бірақ Абай облысындағы оқиға бүкіл жүйенің уақтылы әрекет етпегенін, тиісті құрылымдар арасында үйлесім мен тәртіптің жоқ екенін көрсетті», деді Мәулен Әшімбаев.
Соған байланысты Сенат Төрағасы қазір осы бағытты түбегейлі өзгертетін уақыт келгенін, бұл бағытта Мемлекет басшысының нақты тапсырмалары бар екенін және алдағы уақытта тиісті бағдарлама мен басқа да қажетті шаралар қабылданатынын тілге тиек етті. Басталған тергеу жұмыстарының қорытындысы бойынша да бірқатар іс-шара іске асырылатыны анық.
«Біз осы мәселені келесі жылдың бюджетін қарау кезінде де назарда ұстаймыз. Бұл ретте төтенше жағдайлар кезінде әрекет ететін құрылымдарды қаржыландырудың маңызы зор. Ең бастысы, бөлінген қаражаттың мақсатқа сай, дұрыс жұмсалуын бақылауымыз керек. Егер біз осы бағдарламаны қабылдап, күзде оған миллиардтаған қаржы бөлсек, бірақ келесі жылы осындай оқиға тағы қайталанып жатса, онда оған бәріміз жауапты боламыз. Сондықтан сенаторлар бұл мәселе үнемі өз бақылауында ұстайды», деген Сенат Спикері депутаттар жағдайды жақсартуға арналған барлық ұсынысты қолдайтынын атап өтті.
Айта кетейік, бүгін Сенат отырысында Палата депутаттары Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарады.