Қоғам • 15 Маусым, 2023

Өнертапқыш қария өртті ауыздықтайтын машина ойлап тапты

2743 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл болған Абай облысындағы өрт оқиғасы бәрімізді бей-жай қалдырмағаны анық. Материалдық, эконо­мика­лық шығынды былай қойғанда, 15 отбасының қайғыдан қан жұтқаны барлық елдің қабырғасын қайыстырды. 

Өнертапқыш қария өртті ауыздықтайтын машина ойлап тапты

Жамбыл облысының тұрғыны Марат Аюбаев өрт сөндіру машинасын ойлап тапқанын алға тартып, Төтенше жағдайлар министрлігінің табалдырығын тоздырғанына да талай жылдың жүзі болғанын «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Табиғат Мұсылманқұлға берген сұхбатында айтты. 

М. Аюбаевтың айтуынша, ол ойлап тапқан өрт сөндіру машинасы тәулік бойы дамылсыз жұмыс істейтін көрінеді. Билік тарапынан қолдау болса, жобасын аяғына дейін жеткізуге дайын. 

«Тілсіз жаудан келетін трагедия туралы сөз қозғағанда өрт сөндіру техникалары туралы айт­пай кетуге болмас. Мен ойлап тапқан техника әлем елдерінің еш­бірінде жоқ. Жаһан жұрты пайдаланып отырған техника ә дегенде жарты сағат қана жұмыс істейді. Олардың барлығы дерлік өртті сумен өшіреді. Ал мен ойлап тапқан өрт сөндіру машинасы бір қуаттаған соң 24 сағат дамылсыз өрт сөндіре алады», дейді өнертапқыш.

Жобасы шынында да өршіген өртті жедел сөндіруге қауқарлы көрінеді. Өйткені қазіргі техникалар бір ғана тәсілмен жұмыс істесе, М. Аюбаевтың өрт сөндіру машинасы жеті тәсілмен төтенше жағдайды ауыздықтай алады екен. 

Өнертапқыш азамат жаңалы­ғының Үкімет тарапынан қолдау таппай келе жатқанына күйінеді. Алайда әлі үміті өшкен жоқ. Тіл­сіз жау тығырыққа тіреген кезде билік басындағылар оның жоба­сына оң көзбен қарайтынына сенеді.