Теннис • 16 Маусым, 2023

Үздіктер Уимблдонда бас қосады

256 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Шілде айының алғашқы аптасында Ұлыбританияның астанасы – Лондонда Уимблдон турнирі басталады. «Үлкен дулыға» санатындағы жарыста әлемнің ең үздік теннисшілері бақ сынайды. Жүлде қоры 40 миллион фунт стерлингті құрайтын дүбірлі доданың жекелеген сайысында дара шыққан ойыншылардың әрқайсысы 1,7 миллион фунт стерлингтен олжаласа, финалда ұтылғандар 900 мыңнан еншілейді. Жартылай финалға дейін жеткендер 465 000 фунт стерлингтен иеленсе, ширек финалға шыққандардың есепшотына 300 000 фунт стерлинг аударылады.

Үздіктер Уимблдонда бас қосады

146 жылдық тарихы бар Уимблдон додасы 1877 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Тұсаукесер турнир Лондонның тумасы Спенсер Гордың жеңісімен аяқталды. Финалда ол Уильям Маршалды ұтты. Алғашқы 30 жарыста корт қожайындары қарсылас шыдатпаса, 1907 жылы бас жүлде алғаш рет өзге елдің өкіліне бұйырды. Сол турнирде аустралиялық теннисші Норман Брукстың бағы жанды. Содан кейін же­ңімпаздардың географиясы кеңейе түсті. Аталған доданың ерлер сайысында жер­гілікті ойыншылар зор табысқа қол жет­кізді. Ұлыбританиялықтар 37 мәрте топ жарды. АҚШ теннисшілерінің де қар­қыны өте күшті. Америкалықтар 33 бәсекеде алдарына жан салмады. Жасыл құрлықтан келгендер 21 рет теңдессіз деп танылды. Сондай-ақ Швейцария – 8, Франция, Сербия, Швеция – 7, Германия мен Жаңа Зеландия – 4, Испания – 3, Мысыр, Нидерланд, Чехословакия және Хор­ватияның өкілдері 1 реттен дара шықты.

Жекелеген ойыншылар арасынан ХІХ ғасырда Уильям Реншолдың шоқ­тығы биік болды. Англияның Леминг­тон курортында дүниеге келген жампоз жеті жарыста (1881, 1882-86, 1889 жылдары) топ жарды. Одан кейін дәл сол Уимблдонның төл тумалары – ағайынды Дохертилердің дәуірі бас­талды. Үйдің үлкені Реджинальд 1897-1900 жылдардағы қатарынан төрт турнирде қарсылас шақ келтірмесе, інісі Лоу­ренс ағасынан асып түсіп, 1902-1906 жылдардағы бес жарыс­та бәсекелестерінің барлығынан басым болды. Одан бөлек, До­хертилер Олимпия ойындарын екі-үш реттен ұтып, Уимблдонның жұптық сайысында сегіз рет жеңіске жетті. Бұл рекордты әлі ешкім қайталай алған жоқ. Өкінішке қарай, ағайындылардың өмірі келте болды. Жүрегі сыр берген Ред­жи­нальд 1910 жылы 38 жасында қайтыс болса, арада тоғыз жыл өткенде жүйке ауруы­на шалдыққан Лоуренс 44 жасқа қара­ған шағында жарық дүниемен қош айтысты.

ХХ ғасырдың алғашқы 15 жылды­ғында Энтони Уилдинг асқан шеберлі­гі­мен көзге түсті. Аустралия өкілінің төрт турнирде (1910-1913) асығы алшы­сынан түсті. Жетпісінші жылдардың екінші жартысында швециялық Бьорн Боргтың бақ жұлдызы жарқырай жанды. Скандинавия түбегінің тарланы бас жүлденің бесеуін (1976-1980) қан­жығасына байлады. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Пит Сампрастың тасы өрге домалады. АҚШ-тың туы астында өнер көрсеткен грекиялық теннисшінің Уимблдонның жеті дүркін жеңімпазы (1993-95, 1997-2000) деген атағы бар.

ХХІ ғасыр табалдырықтан аттаған­нан кейін Роджер Федерер мен Новак Джо­ковичтің тегеурініне шыдас беру өте қиын еді. Швейцарияның мақтанышы сегіз рет (2003-07, 2009, 2012) теңдессіз деп танылса, Сербияның сайыпқыраны бас жүлденің жетеуін (2011, 2014-15, 2018-19, 2021-22) олжалады. Есімдері жо­ғарыда аталған қос саңлақ үстемдік құр­ған кезеңде оларға тек испаниялық Рафаэль Надаль (2008, 2010) мен ұлы­британиялық Энди Маррей (2013, 2016) ғана қарсылық көрсете алды. Ал өзге мықтыларға ондай бақ бұйырған жоқ.

Әйелдер арасындағы турнирдің тұсауы 1884 жылы кесілді. Тұңғыш турнирдің жеңімпазы – Мод Уотсон. Лондонда діни қызметкерлердің отбасында дүниеге келген ол алғашқы екі жарыста алдына жан салмады. ХІХ ға­сырдың аяғында Лотти Дод бес (1887-88, 1891-93) және Бланш Бингли-Гильярд (1886, 1889, 1894, 1897, 1899-1900) алты рет үздіктер көшін бастады. Шамамен сол уақытта Шарлотта Купер (1895-96, 1898, 1901, 1908) атой салса, көп ұзамай До­ротея Ламберт-Чамберс (1903-04, 1906, 1910-11, 1913-14), Сюзан Ленглен (1919-23, 1925) және Хелен Уиллс-Муди (1927-30, 1932-33, 1935, 1938) сынды бұ­рымдылар бет қаратпады. Осылардың ара­сында тек Ленглен ғана Францияның өкілі. Өзгелердің барлығы да жергілікті ойыншылар.

Алпысыншы жылдары Билли Джин Кингтің даңқы дүркіреді. АҚШ-тың аруы алты жарыста (1966-68, 1972, 1973, 1975) жеңімпаз атанды. Жетпі­сін­ші жылдардың соңында Мартина Навратилова өзінің өрелі өнерімен жанкүйерлер жүрегін жаулай бастады. Алғашқы екі турнирде (1978-79) Чехословакияның намысын қорғаған асқан дарын иесі одан кейін АҚШ-қа қо­ныс аударып, тағы жеті турнирде (1982-87, 1990) дара шықты. Уимбл­дондағы тұңғыш табысына қол жеткіз­генде Мартина небәрі 21 жаста еді. Лон­­дондағы турнирді соңғы рет ол 34 жа­сында ұтты. 1975 жылдан бері аса ірі халықаралық додаларға қатыса бастаған Навратилова өз карьерасын 2006 жылы 50 жастан асқан шағында аяқтады. Бір сөзбен айтсақ, америкалық теннисші кортта бақандай 31 жыл бойы атой салды.

Мартина Навратилованың байрақты бәсекелердегі басты қарсыласы Штеффи Граф еді. Сексенінші жылдардың со­ңында үздіктер санатына қосылған Гер­манияның Мангейм қаласының тумасы өзінен 13 жас үлкен АҚШ-тың атақты теннисшісін талай турнирде сүріндірді. Кейіннен Штеффи шашасына шаң жұқтырмайтын болды. Неміс спортшысы жеті жарыста (1988-89, 1991-93, 1995-96) күміс науаны төбесіне көтерді. ХХІ ғасыр табалдырықтан аттаған тұста апалы-сіңлілі Уильямстердің күні туды. Винус бес бәсекеде (2000-01, 2005, 2007-08) алдына жан салмаса, Серена жеті жарыста (2002-03, 2009-10, 2012, 2015-16) жеңімпаз атанды.

Жалпы, әйелдер арасындағы бәсе­кеде АҚШ пен Ұлыбритания өкілде­рінің табысы мол. Америкалықтар 57 және жер­гілікті бұрымдылар 36 жарыст­а алдарына жан салмады. Сондай-ақ Гер­мания – 9, Франция – 8, Аустралия – 6, Бра­зилия – 3, Чехия – 3, Испания – 2, Ре­сей, Ру­мыния, Швейцария және Қа­зақ­­стан теннисшілері 1 реттен топ жарды.

Былтыр жалауы желбіреген Уимбл­донда Қазақстан теннисшілері өздерінің тарихи жеңісіне қол жеткізді. Біздің елдің өрендері бұған дейін «Үлкен ду­лыға» санатындағы турнирлердің жекелеген сайысында топ жармаған еді. Осы олқылықтың орнын Елена Рыбакина толтырды. Сол кезде WTA рейтингінде 23-орында тұрған 22 жастағы жерлесіміз небір танымал ойыншыларды жолынан ығыстырып, бас жүлдені олжалады. Тарқатып айтсақ, бастапқы бәсекелерінде Елена америкалық Коко Вандевеге (әлемнің 157-ракеткашысы), канадалық Бьянка Андрееску (56-ракеткашы), қытайлық Чжэн Циньвэнь (52-ракеткашы) және Петру Мартичтен (80-ракеткашы) басым түсті. Сол кездесулерде Елена қарсыластарына бірде-бір сетте есе жі­берген жоқ. Ширек финалда ол Айла Томляновичтен (44-ракеткашы) айласын асырса, жартылай финалда Румынияның даңқты теннисшісі Симоне Халепті (18-ракеткашы) қапы қалдырды. Ақтық сында Рыбакина әлемнің екінші ракеткашысы мысырлық Онс Жаберді 3:6, 6:2, 6:2 есебімен жеңді. Осы жарқын жеңісінің арқасында жерлесіміз 2,32 миллион еуроны еншіледі. Осылайша, әлемдік спорт тарихында Елена өз есімін алтын әріптермен жазды.

Жекелеген сайыстарда Елена Рыба­кинадан басқа Қазақстанның бір­де-бір теннисшісі осындай дәрежеге жетпегенін біз жоғарыда айттық. Десек те, жұптық бәсекеде Ярослава Шве­до­ваның жасындай жарқылдағаны жан­күйерлердің жадында. 2010 жылы америкалық Ваня Кинг екеуі Лондонда қарсы келгендердің барлығын қоғадай жапырып, бас жүлдені иеленді. Шведова мен Кинг жұбы финалда ресейлік Елена Веснина мен Вера Звонаревадан ба­сым түсті. 2016 жылы Ярослава жо­ғарыдағы көрсеткішін қайталауға ша­қ қалған еді. Мажарстандық Тимея Бабош екеуі ақтық айқасқа дейін алқынбай жеткенімен, шешуші тұста олар Винус пен Серена Уильямстерге есе жіберді. Сон­дай-ақ Шведова мен Кинг жұбы 2010 жылы АҚШ-тың ашық біріншілігінде де бар­лық бәсекелестерін бет қаратпай жеңді.

Былтыр Уимблдонның ерлер ара­сындағы тартысы Новак Джоковичтің жеңісімен аяқталды. Сербиялық саң­­лақ финалда аустралиялық Ник Кирьос­ты 4:6, 6:3, 6:4, 7:6 есебімен қапы қалдырды. Жігіттердің жұптық жары­сында жасыл құрлықтың өкілдері – Макс Перселл мен Мэттью Эбден еш­кімге дес бермеді. Бұрымдылдардың бәсекесінде Чехияның өкілдері – Бар­бора Крейчикова мен Катерина Синя­кованың бағы жанды. Миксте ұлы­британиялық Нил Скупски мен америкалық Дезире Кравчиктің мерейі үстем болды.

 

Дерек пен дәйек 

  • Жекелеген сайыста ерлер арасында ең көп жүлде алған Роджер Федерер. Швейцарияның мақтанышы 8 турнирде топ жарды. Әйелдер арасында Мартина Навратилова молынан олжаға кенелді. АҚШ спортшысы 9 мәрте бас жүлдені олжалады. Ал бәсекелердің барлық түрлерін қоса алғанда, ең керемет көрсеткіш Билли Джин Кинг пен Навратиловаға тиесілі. Олар 20 реттен жеңімпаз атанды.
  • Уимблдонның ең жас чемпиондары – ұлыбританиялық Лотти Дод пен германиялық Борис Беккер. 1887 жылы Дод жеңімпаз атанғанда 16 жасқа да толмаған еді. 1985 жылғы жарыста 17 жастағы Беккердің бақ жұлдызы жанды.
  • Жекелеген жарыстың «ең қарт» чемпиондары – Артур Гор (1909 жыл, 41 жас) мен Шарлотта Купер (1908 жыл, 41 жас). Атақты Мартина Навратилова 2003 жылы миксте топ жарды. Ол кезде АҚШ теннисшісі 46 жастан асқан еді.
  • Жан Баротра (1964 жыл, 64 жас), Мейдлин О’Нил (1923 жыл, 55 жас) және Джозия Ричидің (1926 жыл, 55 жас) есімдері шау тарқан шағында Уимблдонда өнер көрсеткен ойыншылар ретінде тарихта қалды. Бір ғажабы, Баротра барлығы 35 тур­нирге қатысса, Артур Гор 34 жарыста бой көрсетті. Ал Навратилова 31 додада бақ сынады.
  • 2010 жылы өткен жарыста америкалық Джон Изнер мен франциялық Николя Маю 11 сағат 05 минут ойнады. Бұл тартыс 6:4, 3:6, 6:7, 7:6, 7:6 есебімен алғаш­қысының пайдасына шешілді. Ал 1922 жылы франциялық Сюзан Ленглен мен АҚШ-тың өкілі Молла Малори арасындағы бәсеке небәрі 23 минутқа созылды. Бұл кездесуде 6:2, 6:0 есебімен Ленглен жеңіске жетті.
  • 2010 жылы америкалық Тэйлор Денттің соққысы сағатына 238 шақырым жыл­дамдықты көрсетті. Әйелдер арасындағы рекордтық көрсеткіш Винус Уильямске тиесілі. Оның бағыттаған добы 208 шақырым жылдамдықпен жүйткіген еді.