Маман • 15 Маусым, 2023

Кадр тапшылығы қайтсе шешіледі?

232 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәртіп сақшылары жыл он екі ай бойы тынымсыз жұмыс істесе де, қылмыс саны азаймай тұрғаны кімді де болса ойландыруға тиіс. Өткен жылдың қорытындысына зер салсақ, өңірде кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер 128 қылмыс жасапты. Полиция департаменті келтірген дерекке көз жүгіртсек, жоғарыда айтылған 128 қылмыстың 17-не қатысты 2016, 2020, 2021 жылдары іс қозғалып, өндіріс 2022 жылы аяқталған.

Кадр тапшылығы қайтсе шешіледі?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Жалпы алғанда, жасөспірімдер ара­­сындағы қылмыс 2021 жылмен салыстырғанда, өткен жылы 45 де­рекке артқан екен. Бір айта ке­­терлігі қылмыстық жауап­кер­­­ші­лікке қатысы бар 131 жет­­­кін­­­шектің 46-сы еш жерде­ оқы­­май­тын болып шыққан. Қал­ған­­­дары – жоғары оқу орындары,­ кол­ледждер мен мектеп оқу­шы­лары. Жасөспірімдер ара­сын­дағы қылмыс бойынша жүр­гі­зілген тексерулердің нәти­же­сін­де­ 11 жа­уапты тұлға тәртіп­тік жауап­кер­ш­ілікке тартылған. Ал 128 де­рек­тің 77-сі ұрлықпен бай­ла­нысты болып отыр. Буы­ны қат­па­ған жастардың үл­кен өмірге жа­саған алғашқы қада­мы­ның қыл­мыспен байланысты бо­луы әр­и­не кімді де болсын тол­ған­ды­рады. Жыл өткен сайын елі­міз­де қылмыстың түрлі санаты­ бо­­йынша жаға ұстатарлық цифр­­лар­дан көз сүрінеді. Ал жол-­көлік оқиғалары салдарынан ба­қи­ға аттанған жеткіншектердің қа­расы жыл өткен сайын арта түс­ке­ні де көңілге қаяу түсіретіні даусыз.

Ішкі істер органдарында кадр тапшылығы өткір мәселеге айна­лғаны он жылдан астам уақыт бұрын айтылып жүрген. Саладағы проблема әлі күнге дейін оң шешімін таппай отыр. Рас, тәртіп сақшылары қыл­мыс­пен күресте аянып жатқан жоқ. Алайда кадр тапшылығы жұмыстың алға басуы­на кері әсер ететіні даусыз.

Біраз уақыт бұрын облыстық полиция департаменті басшы­сы­ның бірінші орынбасары­ Құр­мет Мәжікенов өңірде 544 патрульдік полиция қызмет­ке­рі­нің тапшылығы бар екенін айт­қан болатын. Саладағы кадр­ тап­шы­лы­ғы мұнымен шек­тел­мей­ді.

Департамент басшысының бі­рін­ші орынбасары ішкі істер орган­­­дарының материалдық-техникалық базасының жарақ­тан­дырылуына қатысты мәселені де жайып салған. Департамент өкілі келтірген деректерге зер сал­сақ, өңірдегі учаскелік полиция пункттерінің 163-і жылу­мен қамтамасыз етілген. Алайда 18-інде жылу жүйесі мүлде жоқ. Осы бір өткір мәселе жуық ара­да­ шешімін таба ма, кім біл­сін?­ «Облыстық полиция депар­таментінде учаскелік поли­ция инспекторларының штат­тық саны – 439, олардың көмек­ші­ле­рі – 85. Бүгінде 39 учас­­­­келік инс­пектордың өз аума­ғын­да тұруы­на­ мүмкіндігі бол­май отыр. Се­бе­бі тұрғылықты баспаналары жоқ», деген департамент бас­шы­­­­­­сының бірінші орынбасары өте өзекті мәселені қозғаған еді.

«Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы №222 бұйрығына сәй­кес, Жамбыл облысындағы ха­лық саны 1 млн 219 мың 437 адам еке­нін ескерсек, облыс бойынша қосым­ша 154 учаскелік полиция инс­пекторы және 288 көмек­ші қажет. Сонымен қатар осы бұйрыққа сәйкес, қоғамдық тәртіпті сақтау және жол жүру қауіп­сіздігін қамтамасыз ету бо­йынша патрульдік полиция­ қызмет­кер­лерінің штат саны жетіспей отыр. Тиімді жұмыс істеу үшін қо­сымша тағы 544 патрульдік полиция қызметкері қажет», дейді Қ.Мәжікенов.

Деректерге сенсек, облыстық полиция департаментінің ат­­тес­­­тат­талған құрамы 2 814 бір­­­лікті құра­са, бүгінде оның он пайыздан астамы бос тұр. Ал шалғайдағы Мойынқұм ау­да­­­нында бірнеше жыл бойы иесін таппаған жұмыс орындары бар. Облыстағы аума­ғы­ ең үлкен ауданға барған кадр­лар­ жағдайдың жасалмайтынын алға тартып, кейбірі ауа райының қатал­дығына шыдас бермей кетіп қала­тын көрінеді.

Өңірде ұзақ жылдар бойы шеші­мін таппай келе жатқан кадр мәселесінің түйіні қашан тарқай­ды? ­Зер салып қарасақ, өңірде жұмыссыз жүр­ген жас­та­р­ жетіп артылады. Тіпті по­ли­­ция қызметкері атану мақ­­­сатымен әскерге аттанып, Отан алдын­да­ғы борышын өтеп кел­ген жас­тар да жеткілікті. Алайда сала­дағы олқылық әлі күнге дейін жойылар емес. Сонда соқталдай жастарымыз жігерсіз бе? Әлде, олардың жауапты органда жұмыс істеуге қабілеті жетпей ме? Білетіндердің айтуынша, қызметке тұрғысы келетін жастар әңгімелесу барысында заң талаптарын білмей сүрініп жатады екен. Әрине, полиция болу, мойынға жүктелген жауапкершілік жүгін арқалап жүру оңай емес.

Өңір басшысы Нұржан Нұр­жі­гітовтің айтуынша, салаға биыл 5 миллиард теңге қаржы ар­тық бөлініпті. Әрине, ішкі істер органдарына жағдай жасалып жатқаны да қуантады. Өйткені қоғам тыныштығының күзет­шісіне айналған сала қыз­меткерлеріне ең алдымен әлеу­мет­тік қолдау қажет.

Полиция қызметкерлерінің тап­­шылығы мәселесі біраз уа­қыт­­тан бері көтеріліп жүр.­­ Алайда іл­герілеушілік бай­қал­майды. Әрине, үнем­дел­ген­ қаражат ең­бе­гі­не адал қыз­мет­керлерге сыйақы ре­­тін­де үлес­ті­рілгені жақсы. Әйт­кен­мен, по­лиция құ­ра­мы толық жа­сақ­тал­­ған­да ғана қылмыс дең­гейі айтар­лықтай төмендейтіні талас тудырмайды.

 

Жамбыл облысы