Спорт • 16 Маусым, 2023

Qazaqstan Barysy Grand Slam: Екі қазақстандық дзюдошы финалға шықты

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысы басталды. Жарыстың алғашқы күнінде екі қазақстандық спортшы финалға шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Qazaqstan Barysy Grand Slam: Екі қазақстандық дзюдошы финалға шықты

Қазақстан сапынан 60 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын Мағжан Шамшадин алғашқы белдесуінде Әзербайжан спортшысы Назир Талибовты ұтты. Келесі кездесуінде Мағжан Бахром Ботуровты (Өзбекстан) иппон ұпайымен жеңген ол, жартылай финалдық белдесуде Мерзод Суфиевтен (Тәжікстан) басым түсті. Ақтық сында спортшымыз Франция өкілі Седрик Револмен белдеседі.

Жарысқа екінші айналымнан қосылған Ғұсман Қырғызбаев (-66кг) әлем чемпионы Яго Абуладзені сан қаптырып, кезіндегі есесін қайтарды. Келесі қарсыласы Нармандах Баянмунхты (БАӘ) сенімді түрде ұтып, ширек финалға жолдама алған ол, әзербайжандық дзюдошы Камран Сулеймановты да артта қалдырды. ½ финалда Ғұсман өзбек балуаны Мұхриддин Тилоловты жеңіп кетті.

Әйелдер арасында (-48 кг) салмақ дәрежесінде бақ сынап жатқан Ғалия Тынбаева қола медаль үшін бақ сынасады. Алғашқы кездесуінде Бельгия спортшысы Луиз Петитті жеңген Ғалия, ширек финалдың жолдамасы үшін өзбек қызы Халимджон Курбоноваға есе жіберген болатын. Осылайша, жұбаныш белдесуінде португалиялық Коста Катаринаны жеңіп, қазақстандық спортшы үшінші орынға күресу мүмкіндігін алды.

Финалдық белдесулер Астана уақытымен сағат 17:00-де басталады.

Айта кетсек, жарыстың бірінші күні татамиге 48 келі, 52 келі, 57 келіге дейінгі салмақ дәрежелеріндегі әйелдер және 60 келі, 66 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде белдесетін ерлер шықты. Бұл жарыста барлығы 42 елдің 334 спортшысы бақ сынап жатыр.

Әлемдік дода Астанадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде 16-18 маусым аралығында өтеді. Жарысты тікелей эфирде Qazsport және Judotv.com онлайн-платформалары көрсетеді.

Айта кетейік, бұл доданың нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында Әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпайлар бөлінеді. Атап айтқанда, 1 орын үшін – 1000, 2 орын үшін – 700, ал 3 орын үшін – 500 ұпай есептеледі.

«Qazaqstan barysy Grand Slam» турнирінде дзюдошылар 2024 жылы Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін ұпай жинайды. Үш күнге созылатын байрақты бәсекеге кіру тегін.

Соңғы жаңалықтар