Президент • 17 Маусым, 2023

Президент: Соңғы кезде түсірілген тарихи фильмдердің олқылықтары көп

1817 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы кино саласына қатысты бірқатар мәселеге тоқталып, Мәдениет және спорт министрлігіне арнайы тапсырма берді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент: Соңғы кезде түсірілген тарихи фильмдердің олқылықтары көп

Мемлекет басшысы киногерлер мен кинотеатр иелерінің мүдделері тең болуы керегін атап өтті.

«Қазір кинотеатр иелері отандық фильмдерді экраннан көрсету үшін қомақты қаржы талап етеді. Билеттен түскен қаржының едәуір бөлігі тағы да кинотеатрлардың және жеке компаниялардың қалтасына кетеді. Бұған қоса, киногерлер фильмді нақты қанша адам көргенін анықтай алмайды. Қысқасы, киноға бүкіл білімін, күш-қайраты мен уақытын сарп еткен мамандарға табыстың аз ғана бөлігі тиеді. Кино мамандары пайда табу үшін өте арзан фильмдер түсіруге мәжбүр. Сондықтан, құны арзан, мазмұны арзан фильмдер пайда болып жатыр.

Отандық киноның дамуына жаңаша көзқарас, тың серпін керек. Мысалы, киноға барған көрермен санын есептейтін цифрлық жүйе енгізуге болады. Мәдениет және спорт министрлігіне жуық арада осы жүйені дайындап, қолданысқа енгізуді тапсырамын. Жалпы, киноиндустрияны экономиканың жеке тармағы ретінде қарастырып, мәселелерді нақты шешкен жөн. Әсіресе, киногерлер мен кинотеатрлардың арасындағы қарым-қатынаста екі жақтың да мүддесін теңдей ескеру қажет. Сонда жаңа кейіпкер, тарихи қаһарман, маңызды оқиғалар жайлы фильмдерді тек «Қазақфильм» емес, жеке компаниялар да түсіреді. Өскелең ұрпақ шетелдің кейіпкеріне емес, өз батырларымызға қарап бой түзейтін болады», деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазіргі тарихи кинолардың кемшіліктерін атап, бұрыңғы классикалық фильмдер секілді кәсіби фильм түсірілу керегін айтты.

«Кезінде шыққан «Қыз Жібек», «Отырардың күйреуі», «Атаманның ақыры» сияқты классикалық фильмдер түсірілуі керек деп санаймын. Сол кезде шығармашылық еркіндік, мол қаражат және компьютерлік графика да болған жоқ. Дегенмен, фильмдер түсірілді, әлі күнге дейін халықтың жүрегінен ойып тұрып орын алады. Шынын айтуымыз керек, соңғы кезде түсірілген тарихи фильмдердің олқылықтары көп. Сол үшін мамандармен ақылдасып, жалпы кино саласын реформалау керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.