Экономика • 19 Маусым, 2023

Өңір экономикасында өсім бар

788 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында БАҚ өкілдерімен кездесіп, Президент Жол­дауында жүктелген міндет­тердің жүзеге асырылу барысы мен өңірдің әлеуметтік-эко­номикалық дамуы туралы айтып берді.

Өңір экономикасында өсім бар

Өндіріс көлемі ұлғайды

Былтыр өңірдің өнеркәсіп саласы біраз бәсеңдеп қалғанымен, соңғы жарты жыл ішінде жағдай біршама тұрақталып, өндіріс өрісі кеңейе бастаған. Аймақ басшысының айтуынша, алғашқы жартыжылдықта өндіріс көлемі 2,6 пайызға ұлғайып, 1,1 трлн теңгеге жеткен. Өңдеу өнеркәсібінің ілгерілей түсуіне, әсі­ресе, машина жасау саласы, дайын металл бұйымдар, азық-түлік пен сусындар өндірісінің өсімі сеп болып отыр.

Жеңіл автомобиль 47,4%-ға, жүк көліктерінің өндірісі 11,1%-ға, трактор 39%, комбайн құрастыру 25,9%-ға ұлғайған. Сонымен қатар, кондитер өнімдері 35%, сары май өнімі 85,3%, ет өнімдері 63,4%, сүт өнімдері 10,7%, ұн өнімдері 8,6%-ға өскен.

Машина жасау саласында жеңіл автомобильдің әр алуан үлгілерінің желісі жолға қойылған. Мәселен, ел көлемінде шығып жатқан барлық автокөлік құралдарының 61 пайызы қостанайлық кәсіпорындардың конвейерлерінде құрастырылады. Қостанайда жыл басынан бері 35 мыңнан астам автомобиль құрас­тырылып, 7,1 мың автокөлік экс­портқа жіберілген.

 Өңір экономикасында маңыз­д­ы орынға ие машина жасау саласын жетілдіре түсу мақсатында ал­да бірқатар жаңа жобаны жүзе­ге асыру жоспарланып отыр. Мы­салы, «СарыарқаАвтоПром» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі 23,4 млрд теңге қаржыға «Chevrolet Enix» автомобильдерінің шағын торап­тық өндірісін іске қоспақ. 400 адамды жұмыспен қамтитын жаңа желіде жылына 30 мың автокөлік құрастырылмақ.

Биыл Қостанайда екі ірі жоба іске қосылады. «МТЗ-Қазақстан машина жасау зауыты» трактор кабиналарын жасап шығара бастайды. Жылына 10 мың кабина жасап шығаратын бұл өндіріс орны жүз адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ететін болады. Одан кейін жылына 45 мың тонна өнім шығаратын шойын құю зауыты жұмысын бастайды. Құны – 78,2 млрд теңгеге жететін инвестиция­лық жо­баның шеңберінде 300 жұмыс орны ашылмақ.

Әкімнің айтуынша, жыл басынан бері өңірге 187,7 млрд теңге инвестиция тартылған. Аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында өңірде өнді­рістік, транспорттық және инвестор­ларды қолдаудың сервистік инфра­құрылымын жетілдіру жұмыстары жалғасатын болады. Инвесторлар­ға арналған инфрақұрылымдық алаңдар құрылып, оларға құрыл­ғы­ларды импорттау барысында ке­дендік салықтан босату, ғимарат немесе жер тауып беру, 10 жылға дейін корпоративті табыс салығы мен жер салығынан, 8 жылға дейін мүлік салығынан босату секілді басымдықтар беріледі. Мұның сыртында, инвесторларға «Кәсіпкер­лікті дамытудың ұлттық жобасы» шеңберінде жылдық өсімі 6 пайыз болатын 3 млрд теңгеге дейін несие қарастырылған.

 

Өңдеу саласының өрісі кеңиді

Өткен қаңтар, мамыр айлары­ның аралығында өңірдің ауыл ша­руашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 106,9 млрд теңгеге жет­кен. Облыс әкімінің айтуынша, атал­ған салаға 35 млрд теңге инвес­тиция тартылған. Алда жоғары табыс беретін дақылдардың егістігін ұлғайту, жаңа технологияларды ен­гізу және жер өңдеуде минералды, сұ­йық тыңайтқыштарды пайдалану­ға басымдық беру, инвестиция тарту арқылы өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамыту міндеті тұр.

Өңірде жыл сайын, кемінде 10 жаңа сүт-тауар фермасын салу жос­парланып отыр. Олар толығымен автоматтандырылады. Сүт фермасын салғысы келетін шаруашылықтар­дың бәріне де осы талап қойылатын болады. Жобаларды іске асыруға 100 млрд теңгеге жуық инвестиция тартып, 800-ден астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.

Аймақ басшысы биылдан бас­тап ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуге көбірек инвестиция са­лынатынын айтты. Бұл бағыттағы ­­12 жобаны іске асыруға 80 млрд теңге қарастырылған.

– Халықтың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына деген қажеттілігі бізде іс жүзінде өз өн­дірісіміз есебінен қамтамасыз етіледі. Тұз, күріш және қантты қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар 19 тағам­ның 16-сын өзіміз өндіреміз. Біз өзі­мізді ұнмен 15,7 есе, макаронмен 12 есе, нанмен 1,2 есе, сүтпен 1,8 есе, жұ­мыртқамен 2,6 есе, күнбағыс майымен 1,7 есе, сиыр етімен 1,5 есе, құс етімен 74%, картоппен 2 есе, сәбізбен 79%, қырыққабатпен 74%, пиязбен 25%, сары маймен 44%, ірімшікпен және сүзбемен 35%, кефирмен және йогуртпен 74%, қарақұмық жармасымен 98% қамтамасыз етеміз, деді Құмар Ақсақалов.

Сонымен қатар немістің әйгілі «Deutsches Milchkontor GmbH» фир­­масын тарта отырып, ірімшік­тің бар­лық түрін шығаратын жаңа кешен салу жоспарланған. Бұл сүт өнімдерін өңдеу саласын ілге­рі­летуге, импортқа тәуелділік деңгейін төмендетуге септігін тигізеді. Құны 7,2 млрд теңге болатын ауқымды жобаны жүзеге асыру нәтижесінде жылына 2 мың тонна ірімшік шыға­ру көзделіп отыр. Жаңа зауыт іске қосылса, өңделетін сүттің үлесі 60%-ға дейін артады.

Облыста майлы дақыл алқап­тарының көлемі ұлғайған сайын оны жергілікті жерде өңдейтін зауыт қажет екені сезіле бастады. Сон­дықтан алда жылына 100 мың тоннаға дейін майлы дақыл өңдейтін зауыт салу жоспарда бар. Жобаның құны 10 млрд теңге болады. Зауыт өсімдік майын шығарумен қатар, шикізат қалдығынан күнжара, жом өндіреді. Аса құнарлы мал азығы болып табылатын бұл өнімдер бордақы малдың жеміне араластырып беретін бағалы қоспа ретінде пайдаланылады.

Мемлекет басшысының ауыл­шаруашылық өнімдерін сақтау­дың заманауи инфрақұрылымын қа­лыптастыруды жеделдету жөнін­дегі тапсырмасына сәйкес биыл өңірде 6 мың тонна картоп сақталатын ауа температурасы автоматты түрде рет­телетін қойманы пайдалануға беру жоспарланған. 2024 жылы дәл осындай тағы екі қойма салынады.

– Инвестициялық жобалар­ды іске асырудың астарында жа­ңа жұмыс орындарын ашу, ауыл тұр­ғындарының табысын арттыру деген мәселе жатыр. Бұл мәселе­нің реттелуін «Ауыл аманаты» бағ­дар­ламасы да жеделдетеді. Мысалы, биыл аталған бағдарлама аясында тұрғындарға 400 шағын несие беруді және 420-дан астам жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз. Бағдарламаны тиімді жүзеге асыруға 1,6 млрд теңге қаржы бөлін­ді. Ауылдағы жұмыс орындарын көбейту атаулы әлеуметтік көмек алатындардың азаюына ықпал етеді, деді әкім.

 

Жылу құбырлары жаңартылып жатыр

Өткен қыста Рудный қаласын­да әбден тозығы жеткен жерасты құ­бырлары қайта-қайта жарылып, тұрғындардың қақаған аязда жылусыз қалғанда кеншілер қаласына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі арнайы келіп халық­пен дидарласып, өңір басшысына ел осы қыстан амалдап шыққан соң, тоң жіби сала жеделдетіп жылу же­лілерін жаңарту жұмыстарына кірісуді тапсырған болатын.

Осының нәтижесінде, биыл жылу желілерін жөндеуге жылдағыдан 14 есе көп қаржы бөлінді. Биыл Қос­танай, Арқалық, Рудный және Лиса­ков қалаларындағы жылу құбыр­ларын ауыстыруға 18 млрд теңге қарастырылған. Мысалы, Қостанай қаласының жылу желі­лерін жөндеуге – 2,7 млрд теңге, Рудныйға – 9,3, Лисаковқа – 1,3, Арқалыққа 4,1 млрд теңге бөлінген.

Осылайша, алдағы жылу маусымы басталғанша 21,4 шақырым жылу желісі жаңартылады. Өңірде жыл сайын кем дегенде 20 км жылу желісі жаңартылып, тозған құбырлардың үлесін 2029 жылға дейін 40 пайызға дейін азайту көзделіп отыр.

– Былтыр Рудныйдың жылу желі­лері сақылдаған сары аязға шыдай алмады. Рудный мен Арқалық еліміз бойынша жылу желілері ең тозып кеткен қалалардың тізі­міне енеді. Біз бірінші маусымға дейін орталықтандырылған жылу желілеріне қосылған елді мекендердің бәрін қамтып, техникалық зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Рудныйда құбыр жарылғанда арнайы барып өз көзіммен көрдім, құбыр шіри-шіри әбден жұқарып, кәдімгі қағаз сияқты болып қалған. Амалсыз сол құбырдың үстінен басқа құбыр тар­туға тура келді. Қыстың ортасы болған соң, жедел қаржы бө­ліп, жөндеу жұмыстарын бастап кету үшін жергілікті масштабтағы төтен­ше жағдай жарияланды. Қазір қомақты қаржы бөлініп, жылу же­лілері жаңартылып жатыр. Жұ­мыс атқарылу барысын тікелей өзім қадағалап отырмын, – деді аймақ басшысы.

Құмар Ақсақаловтың айтуын­ша, Торғай өңірін дамытуға ерекше кө­ңіл бөлініп отыр. Облыс орталығы­нан шалғай жатқан Арқалық қала­сы мен Амангелді, Жангелдин аудан­дарын дамытуға биыл 23,1 млрд теңге бөлінген. Қомақты қаржы­ның негізгі бөлігі сумен жабдықтау желілерін жетілдіруге, «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде Арқа­лық қаласында мемлекеттік тілде оқытатын 300 орындық жалпы білім беретін мектеп салуға және 24 білім беру нысанына жөндеу жүргізуге, көлік инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады.

Биыл облыстың оңтүстік аудандарын дамыту мақсатында, Қостанай және Ақмола облыстарын байланыстырып жатқан республика­лық маңызы бар «Жезқазған-Пет­ро­павл» автожолының Арқалық пен Астананы байланыстырып тұрған учаскесі жөнделеді.

Облыс басшысы кә­сіп­кер­лікті қолдауға арналған бағ­дар­ламалардың іске асырылу барысын тілге тиек ете келіп, алдағы уақытта «Даму» кәсіп­кер­лікті да­мыту қорының қол­дауы­мен Арқа­лық қаласындағы, Аман­­гелді және Жангелдин аудан­да­рындағы шағын және орта бизнес ны­сан­дарын өңірлік қаржыландыру бағ­дарламасы іске қосылатынын айтты.

Баспасөз жиыны барысында Құмар Ақсақалов өңірдегі бірқатар өзекті мәселеге қатысты БАҚ өкіл­дерінің сауалдарына жауап берді.

 

Қостанай облысы