Құрылтайда Президент тіл мәселесін байыппен шешу керегін айтты. Шынымен де, мемлекет қазақ тілін үйренуге бар жағдайды жасады. Оған ешқандай кедергі жоқ. Тіпті өзге ұлт өкілдерінің емін-еркін меңгеруіне қолайлы мүмкіндік қарастырылған. Мәселен, Алматыдағы ұйғыр этномәдени орталығында қазақ тілін оқытатын жексенбілік мектеп бар. Тілді меңгеруге құлшыныс жүректен шығуға тиіс. Адамда қалау болмаса, қыруар қаржы бөлінсе де, тілді оқып жарытпайды. Ал жүректі ашатын құрал – патриотизм. Әсіресе ұлттық патриотизмге баланы жастай, балабақшадан баулу керек. Соның ішінде балаларға арналған мультфильмдерде халқымыздың батырлары көбірек көрсетілсе. Балдырғандар соларға еліктеп елін сүйетін, жерін қорғайтын ер-азамат болып өсуге талпынар еді.
Жалпы, балаларға арналған оқулықтар, оларға берілетін тәрбие жайында Президент жақсы ой өрбітті. Мұның барлығы ел дамуының алдағы стратегиялық жоспарына кіретіні мені ерекше қуантты.
Шаймардан НУРУМОВ,
Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени бірлестігінің төрағасы