Экология • 19 Маусым, 2023

Күл-қож қалдықтары қайта өңделеді

1674 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы № 2 ЖЭО-дан шыққан күл-қож қалдықтары қала басшылары мен экологтар үшін түйткілді мәселелердің біріне айналып кеткен еді. Енді осы мәселе шешімін таппақ. А.Жақұтов атындағы №2 ЖЭО-да күл-қож қалдықтарын қайта өңдеу жөнінде конкурс жеңімпазы марапатталды. Іс-шара Алматы қаласы әкімдігі мен Алматы қаласы бойынша экология департаменті, БАҚ, «Arka Development» ЖШС, «Алматы электр станциялары» АҚ өкілдерінің қатысуымен өтті, деп хабарлайды  Egemen.kz.

Күл-қож қалдықтары қайта өңделеді

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 1 маусымында «АлЭС» АҚ Алматы ЖЭО гидркүл-қож қалдықтарын қайта өңдеу және кәдеге жарату жөніндегі ғылыми-техникалық жобаларды іздестіру конкурсын қорытындылаған болатын. Конкурсқа жеті өтінім келіп түскен. Оның құрамына әкімдіктің, Алматы қаласы бойынша экология департаментінің өкілдері, ғылыми институттардың техникалық мамандары және «АлЭС» АҚ кірді. Конкурс комиссияларының шешімімен «Arka Development» ЖШС жоба жеңімпазы атанды. Сондай-ақ  1 000 000 теңгелік сертификат табыс етілді.

Ұсынылған жоба бойынша Алматы 2-ЖЭО жанында жылдық өнімділігі 300 мың тонна күл-қож қалдықтарын қайта өңдеу кешені салынады. Күл-қож қалдықтарын қайта өңдеу нәтижесінде өнімнің төрт түрі алынады:

  1. көмір жағу (қазандықтарға арналған брикеттелген өнім),
  2. магнетит (металлургия өнеркәсібіне арналған шикізат ауыр бетон толтырғышы);
  3. микросфера (пластмассадан, гипстен, керамикадан, жеңіл цементтерден жасалған бұйымдар өндірісіндегі толтырғыштар);
  4. алюминий силикат өнімі (құрылыс материалдарына арналған шикізат).

Қазақстан Республикасының қолданыстағы экологиялық заңнамасының талаптарына сәйкес, 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 40 пайызға, 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін жетуі тиіс.

Бұл жоба Алматы ЖЭО-да пайда болатын күл-қож қалдықтарын өңдей отыра, олардан  99 пайызға дейін пайдалы элементтер алу, күл-қож алаңдарын қысқарту және оларды толық қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Іс-шара барысында «АлЭС» АҚ-ның «Arka Development» ЖШС-мен одан әрі ынтымақтастығы туралы Меморандумға қол қойылды.