Бұл жолдың құрылысы осыдан үш жыл бұрын түрік-корей консорциумы негізінде басталған. Жоспар бойынша жоба 2024 жылы аяқталуы керек еді. Дегенмен ауқымды әрі қарқынды жұмыстың нәтижесінде концессионер жобаны мерзімінен бұрын жүзеге асыруға қол жеткізді. Айналма жол Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Қырғауылды ауылынан басталып, Талғардың «Қызыл Қайратына» дейін, жалпы 14 елді мекен арқылы өтеді.
Сарапшылар аталған жоба «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің негізгі элементіне айналады деп үміттеніп отыр.
Жобаның Орталық бірінші халықаралық МЖӘ (мемлекет-жекеменшік серіктестігі) ретінде қарастырылғаны осыған дейін де айтылған. МЖӘ мағынасы – мемлекет жобаның өзін-өзі ақтауы үшін барлық жағдайларды қарастырады, белгілі бір кепілдіктерді алады, ал жеке инвестор өз ақшасын (өзінің және қарызға алған) инвестициялайды және инвестициясын жобаның кірісінен өтейді. Аталған жобаны әзірлеу 2000 жылдардың басында басталған болатын. Құрылыс 2008 жылға дейін аяқталады деп жоспарланған, бірақ сол кездегі әлемдік дағдарысқа байланысты жоба белгісіз уақытқа кейінге шегерілді.
Түркиялық «Аларко-Макёл-СК» мердігерлік консорциумының қауіпсіздік, экологиялық және әлеуметтік шаралар бөлімінің басшысы Чары Йылдыз бізбен әңгімесінде жобаның тауды айналып өтетін бөліктерін жоспарлау қиынға соққанын, құрылысқа жұмсалған қаржының қомақты бөлігі осыған салынғанын айтады. Біздің жеке серіктес ретіндегі міндетіміз – Үкімет белгілеген шеңберден аспау. Концессия аясында бізге техникалық-экономикалық негіздеме («ТЭН») берілді, ол біздің жобаны жасауға негіз болды. Жобаны өзгертуге құқығымыз жоқ» дейді ол.
Жоба концессиялық механизм бойынша жүзеге асырылды. Бұл жобалаудан бастап 16 жылға дейінгі жұмыс мерзімін қамтиды. Концессионер – «BAKAD Investments and Operations» ЖШС, ал құрылтайшысы – «Alsim Alarko – Makyol – SK Ecoplant – Korea Expressway» түрік-корей консорциумы. Концессионердің қызмет ету мерзімі – 15 жыл. Жобаның құны 770 миллион долларға бағаланады: қаржыландырудың 80 пайызы синдикат банктердің қарыздары есебінен жүзеге асырылды. 185 миллион долларды «BAKAD Investments and Operations» компаниясы бөлді, қалған 585 миллион доллар үш қаржы институтынан: Еуропалық қайта құру және даму банкінен, Ислам даму банкінен және Еуразиялық даму банкінен қарызға алынды.
Концессионер өкілдері – Аднан Чеби, Хам Джин Гю, Джун Сик Чо мырзалар журналистермен кездескен кезде біздің елге жобаны қолдағаны үшін алғыс айтты. Бұл жобаның Орталық Азиядағы логистиканы дамытудағы маңыздылығын, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесі екенін атап өтті. «Қазақстан солтүстігінде Ресеймен, шығысында Қытай және Моңғолиямен, оңтүстігінде және батысында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен шектеседі. Ол Еуразиядағы көлік логистикасының жүрегі ретінде әрекет етеді. Жоғары жылдамдықты тасжолдың енгізілуіне байланысты бүгінде қала мен оған жақын облыстарды үлкен өзгерістер күтіп тұр», деп атап өтті Оңтүстік Корея өкілдері.
Нарық заңында тегін деген ұғым жоқ. Рас, мемлекет бұл жобаға қаржы салған жоқ. Бірақ аты айтып тұрғандай, жолдың ақылы болатыны әу бастан айтылған. Үлкен Алматы айналма жолының жол ақысы алғашқы айда тегін. Тариф мәселесі шешілді. Жеңіл көліктерге бөлек, жүк көліктеріне бөлек тариф бекітілді.
Зерттеу қорытындысына сай, жолмен күніне 30 мың – 70 мың көлік жүреді деп күтілуде. Мұндай қарқынмен 15 жылда 231 млрд табыс түспек. Ал 25 жылда 570 млрд теңге кіріс кірмек. «Тариф бекітілген және қашықтыққа байланысты емес. Бір төлем бір сағатқа жарамды. Жалпы, айналма жолдың бір басынан екінші шетіне дейін 40 минутта жетуге болады», деп түсіндірді «BAKAD» ЖШС PR маманы Екатерина Жирова.
Әртүрлі көліктер үшін жолда жүру ақысы қалай қалыптасатыны бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінде айтылған болатын. Құрылыс барысында жоғары сапалы материалдар мен жүк көліктерінің салмағын еш қиындықсыз көтере алатын асфальт жабындылары қолданылды. Бұл автомобильдердің мерзімінен ерте тозуын азайтуға және оларды оңай басқаруға көмектеседі, әртүрлі климаттық жағдайларда тұрақты және қауіпсіз жүруіне мүмкіндік береді. Елді мекендердің маңында жол өтетін жерлерде металл қоршаулар мен шу бөгеттері орнатылды. Жануарлардан қорғайтын тор да бар. Бұрылыстардың өзі жол жағдайына барынша икемделген, көру мүмкіндігі шектеулі аймақтар жоқ. Жолдың үстіңгі қабаты доңғалақтың жол жағдайына бейімделуін қамтамасыз ететін түйіршікті материалдардан құйылған. Енді алдағы 16 жыл бойы жол инвестордың кепілдік мерзімінде болады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин автожолдың тиімділігі мен басымдықтарын атап өтті. Оның айтуынша, Үлкен Алматы айналма автожолы мегаполис көшелеріндегі және қала маңындағы кептелісті азайтып, экологиялық жағдайды жақсартады. «Бұл – еліміздің тарихындағы маңызды сәттердің бірі. Себебі Үлкен Алматы айналма автожолы Орталық Азиядағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба саналады. Осы жол құрылысы халықтың игілігі үшін қолға алынғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ аталған жоба мегаполис тұрғындары мен жергілікті халықтың еркін қозғалуына септігін тигізері анық», деді Төлеген Абдуллин.
Осыған дейін жобаны тау арқылы Қытай, Қырғызстанмен байланыстыру мүмкіндігі туралы жиі айтылатын. Халықаралық тәжірибеде мұндай үрдіс бар. Осыдан 5-6 жыл бұрын Иран сапары кезінде Тегеран мен Горганды жалғастыратын жолдың оншақты шақырымы тауды жарып өтетінін көргенбіз.
Т.Абдуллин бұл жобада толық сақиналық иірімдер қарастырылмағанын, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолынан бастап, Қорғаспен аяқталатын, Шығысқа шығатын және одан әрі орталыққа дейінгі барлық көлік дәліздерін қамтуға басымдық берілгенін айтып берді.
Ал Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың пайымдауынша, біздің жағдайымызда бұл идеяны жүзеге асыру әбден мүмкін. МЖӘ жобасында инвесторлардың капиталымен қоса халықаралық қаржы институттарының қарыз капиталы да тартылған. «Мұндай жобалардың өзін-өзі ақтау мерзімі өзге жобаларға қарағанда ұзаққа созылады. Бірақ соған қарамастан бір емес, бірнеше шетелдік инвесторлардың қаржы салғанын көріп отырмыз. Алматы айналма жолы жобасы өзге жобаларға жол ашатын, алға тартатын зәкір деп қабылдауға болады», дейді Ұлттық экономика министрі.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, жаңа жол-көлік инфрақұрылымы өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін жақсартып, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етпек. «Аталған айналма автожолы – мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында салынған еліміздегі маңызды инвестициялық жобалардың бірі. Ол тұтастай өңірдің экономикалық дамуына серпін беретін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің негізгі тармағы саналады. Осы жол облысымыздың дамуына әсер етіп, инвестициялық және туристік әлеуетті арттырады деген сенімдеміз», деді М.Сұлтанғазиев.
Мамандардың есептеуінше, Үлкен Алматы айналма автожолы мегаполис көшелеріндегі көлік кептелісін 60 пайызға дейін жеңілдетіп, транзиттік бағыттардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Аймақтық, халықаралық сауда аясы кеңейіп, транзиттік ағынды Алматы аумағынан шығаруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, ауаның ластану деңгейі азаяды.
Осы жиынға қатысқан Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, Үлкен Алматы айналма автожолы – Алматы агломерациясының көліктік-магистралдық эпицентрі.
Алматының магистральды жолдарының өткізу қабілеті шегіне жеткені осыған дейін айтылған. Еске салсақ, Алматыда жеті негізгі кіру магистралінің бесеуі республикалық маңызы бар жол. Олар – Талғар жолы, Құлжа жолы, Алматы – Қонаев тас жолы, Алматы–Бішкек тас жолы, жоғарғы Қаскелең тас жолы және екі облыстық маңызы бар жол – Боралдай тас жолы – Шамалған стансасы, Іле жолы–Бішкек, Қонаев және Құлжа жолының тас жолдары. Олардың әрқайсысы күн сайын 40 мыңға жуық көлікті өткізеді. Бәрін қосқанда шамамен 120 мың көлікті құрайды. Нақты трафик – 230 мың көлік.
Алматы әкімі айтып өткендей, қаланың 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспары аясында бүгінде Алматы айналма жолына апаратын алты жолақты жол салынып жатыр. Аталған жобаны қаржыландыруға Еуразиялық даму банкі қатысқанын атап өткен абзал. «Үлкен Алматы айналма автожолы Қазақстан мен Еуразия аймағында көлік маршруттарын кеңейту бойынша маңызды рөл атқарады. Жаңа нысан «Шығыс-Батыс» бағытындағы халықаралық автокөлік маршруттарын байланыстырып, көлік қатынасын жақсартуға, жүк тасымалының мүмкіндіктерін кеңейтуге оң ықпал етеді. Осы жол арқылы тасымалданатын жүктің болжамды көлемі таяу 10-15 жылда 87%-ға ұлғайып, 35,9 млн тоннаға жетуге тиіс», деді Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов.
АЛМАТЫ