Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин республикада тұтынушы құқы бұзылғаны туралы шағымдар саны жыл өткен сайын көбейіп бара жатқанын баяндады. Мәселен, 2022 жылы тиісті министрлік 30,2 мыңнан астам шағым қараған. Басқа мемлекеттік органдар бойынша да жағдай осындай.
Көбіне азаматтар медициналық қызметтердің сапасы, байланыс қызметтері, қалалық қоғамдық көліктер және қоғамдық тамақтану қызметтеріне шағымданады. Бұл ретте өткен жылы келіп түскен шағымдардың 44,8%-ы бойынша консультациялық-құқықтық көмек көрсетіліп, 43,7%-ы бойынша оң шешім қабылданыпты. Нәтижесінде, тұтынушыларға 786 млн теңге қайтарылған.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша заңнамаға тұтынушы құқығын қорғау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған түзетулер әзірленді. Мәселен, тұтынушы құқығын қорғау мәселелері бойынша Омбудсмен институтын енгізу, олардың шағымдарын қарау рәсімін жеңілдету (4-тен 2 сатыға дейін), негізгі қағидаттарын коммуналдық, көлік, медициналық, туристік қызметтер, байланыс қызметтері және өзге де салаларға міндеттеу көзделіп отыр», деді С.Жұманғарин.
Сонымен қатар соттың шешімімен айыппұл салу арқылы азаматтық жауапкершілікті енгізу жоспарланып отыр. Бұл шара кәсіпкерлік нысандарын тұтынушының заңды талаптарын орындауға ынталандырады. Сондай-ақ онлайн-сауда сегментінде заңды талаптардың орындалуын қадағалау бойынша жұмыс жүргізіле бастайды.
Жалпы түзетулер нәтижесінде тұтынушы құқығын қорғау саласын мемлекеттік реттеу бойынша қанағаттану деңгейі 2025 жылға қарай 80%-ға жетуге тиіс. Ұсынылған түзетулер бойынша Қазақстанның ұлттық тұтынушылар лигасының төрағасы Светлана Романовская түсініктеме жасады.
Премьер-министр шағымдардың басым бөлігі сапасы төмен тауарларды сату, зат бағасының көрсетілмеуі және дұрыс көрсетілмеуі, интернет-дүкендерден ақшаның уақтылы қайтарылмауы бойынша екенін атап өтті.
«Тұтынушылар денсаулық сақтау, тамақтану, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, байланыс салаларындағы қызметтердің сапасына да жиі шағымданады. Мемлекеттік органдар өтініштерді уақтылы қарай бермейді. Көбінесе мәселе сол күйі шешілмей қалып жатады. Осыған байланысты Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңестің жұмысын күшейту қажет», деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, 2020 жылы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға енгізілген түзетулер үкіметтік емес ұйымдар мен бизнесті тарта отырып, біртұтас жүйе құруға ықпал етті. Оған қоса нақты нәтижеге қол жеткізу үшін заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру қажет. Осы мақсатта қолданыстағы заңдарға жаңа түзетулер әзірленген еді.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Омбудсмен институтын енгізу ұсынылады. Ол проблемалар мен шағымдарды реттеудің негізгі үйлестірушісі болуға тиіс. Бұл орайда тұтынушылардан түсетін шағымдарды қарау алгоритмін барынша жеңілдету қажет. Мұнда тұтынушы – қоғамдық бірлестік – мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді схемасын құру маңызды», деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы ұсынылған заң жобаларын қолдау бойынша дауыс беру рәсімі өткізілгеннен кейін олардың Парламент Мәжілісіне уақтылы жолдануын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ Үкімет басшысы кейінгі уақытта Қазақстанның туристік нысандарына қызығушылық артып келе жатқанын айтты. Негізінде, туризм саласындағы қазіргі жағдай және саланы дамыту бойынша алдағы атқарылатын шараларды жүзеге асыру барысы талқыланды.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов елімізде туризмнің дамып келе жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ішкі туристер саны 25%-ға өсіп, 8,6 млн адамға жеткен. Бұл пандемияға дейінгі деңгейден 2 млн-ға жуық адамға көп. Сондай-ақ өткен жылы Қазақстанға 1 млн-ға жуық шетелдік турист келсе, биыл бұл көрсеткіш 1,4 млн адамға дейін артады деген жоспарлы болжам бар екен. «Бұл шетелдік қонақтардың Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді», деді министр.
Республикадағы қонақүйлер саны 284-ке көбейіп, 4 мыңға жетті. Жалпы сыйымдылығы 203 мыңнан астам төсектік орынды құрап, 10 мыңға көбейген. Барлық туристік орын 2022 жылы жалпы сомасы 183 млрд теңге табыс тапқан. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 68%-ға көп. Нәтижесінде, туристік қызметтен түсетін салық түсімдерінің рекордтық деңгейі тіркелген. Осы жылдың І тоқсанындағы көрсеткіштер саладағы өсудің жалғасып келе жатқан үрдісін көрсетіп отыр.
«Елімізде туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыс жалғасып келеді. Мәселен, өткен жылы құны 27 млрд теңге болатын 28 жоба аяқталды. Оның ішінде Балқаш курорттық аймағында инженерлік коммуникациялар және Ақтау қаласының жылы жағажайына дейін автожол салынуы, сондай-ақ әуе тасымалы мүмкіндіктерін едәуір кеңейткен Үшарал және Үржар әуежайларының іске қосылуы ерекше маңызға ие. Қазіргі таңда 439,3 млрд теңгені құрайтын 83 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып отыр», деді А.Оралов.
Туризм саласының инвестициялық әлеуетін дамытуға да көп көңіл бөлінді. Мәселен, 2019 жылдан бері жалпы құны 420 млрд теңгеден асатын 360-тан астам инвестициялық жоба іске қосылды. Биыл 14,5 мың төсектік орын мен 2 мың тұрақты жұмыс орнын ашу бойынша 288 млрд теңгенің 115 жобасы жүзеге асырылып отыр екен. Кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру және бизнесті қолдау мақсатында өткен жылдан бастап елімізде мемлекеттік қолдаудың жаңа 7 шарасы қолданысқа енгізілгені мәлім.
Сондай-ақ Үкімет отырысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірлердегі туристік жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.
Премьер-министр туризм саласының көптеген әлем елдері үшін негізгі табыс көзі болып саналатынын, сондықтан да оның даму болашағы өте жоғары екенін айтып өтті. Осы саланы жандандыру және оған жүйелі түрде мемлекеттік қолдау шараларын көрсету үшін тиісті заңнамалық түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, Туристік саланы дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітіліп, республикалық және өңірлік деңгейдегі Туристификация карталары дайындалды.
Сонымен қатар шетелдік туристерге салықты қайтарудың әлемдік «Tax free» тәжірибесі енгізілді. Туристер Қазақстанға визасыз келе алатын мемлекеттер қатарына қосылу үшін де нақты жұмыс жүргізілген.
«Елдердің арасындағы осындай кедергілерді алып тастау Қазақстанда туризмнің дамуына елеулі серпін береді. Мұны салық түсімдерінен көруге болады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша туризм саласынан түскен салықтардың көлемі 390 млрд теңгені құрады. Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Жалпы, Қазақстанның туристік нысандарына қызығушылық артып келеді», деді Әлихан Смайылов.
Жыл сайын жағажайлар мен туристік аймақтардың ластануына қатысты сын айтылады. Тұрғындар мен бизнес тарапынан қарапайым жағдайдың жоқтығына, жолдардың нашарлығына, туристік объектілердегі антисанитарияға шағымдар көп. Туристік маусым енді басталды, соның өзінде қызметтердің сапасы бойынша мемлекеттік органдарға 500-ден астам ресми шағым мен өтініш түсіпті.
«Такси жүргізушісінің шетелдік қонақтарды әуежайдан қонақүйге дейін 800 долларға жеткізіп салған жағдай бәрінің есінде. Қонақүйлер мен жалпы турлардың, сондай-ақ ішкі билеттердің жоғары бағаларына, туристерге қызмет көрсету уақытына қатысты шағымдар бар», деді Премьер-министр.
Оның айтуынша, мұндай келеңсіз жайттар елдің имиджіне нұқсан келтіреді. Сондықтан мемлекеттік органдар да, бизнес те осы проблемалардың бәрін шұғыл шешуі керек.
«Міндетіміз – барлық өңірде инфрақұрылымның, логистиканың, сервистің сапасы мен қызмет көрсету мәдениетінің даму қарқынын арттыру. Қазақстан 2029 жылға қарай Саяхат пен туризмді дамытудың жаһандық индексі рейтингінде 50-орыннан төмен болмауға тиіс», деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Осыған байланысты Үкімет басшысы негізгі туристік орындарға баратын жолдарды жөндеу және салу жөніндегі жұмысты жеделдетуді, туристік объектілерді инженерлік инфрақұрылыммен уақтылы қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ курорттық аймақтар мен туристік объектілердің санитарлық жай-күйі мен абаттандырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Ол сондай-ақ қызметтерге тарифтерді көрсете отырып және туристік объектілерде қауіпсіздік шараларын күшейту, барлық отандық объекті бойынша буклеттер, жолсілтемелер мен карталарды басып шығаруға және таратуға ерекше назар аудару керек екенін атап өтті.