Қоғам • 20 Маусым, 2023

Сырым Шәріпханов: Қазақстан еріктілері - нағыз патриоттар

6208 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Халықаралық волонтерлер форумы өтіп жатыр. Онда Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Абай облысындағы өрт кезінде көмектескен еріктілер туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сырым Шәріпханов: Қазақстан еріктілері - нағыз патриоттар

Екінші сессияда Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, «Волонтерлік қозғалыс LIDER.KZ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дильмира Блац, Орталық Азиядағы Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдары федерациясының өкілдігінің басшысы Севаль Гузелкилинч, «Ұлттық волонтерлер желісі» Атқарушы директоры Татьяна Миронюк, Еуропа және ТМД елдері бойынша аймақтық менеджер, БҰҰ еріктісі Римма Сабаева сөз сөйледі.

Сессия басында Төтенше жағдайлар министрі Абай облысындағы қаза тапқандардың құрметіне бір минуттық үнсіздік жариялады.

«Еріктілердің абзал жұмысы Қазақстан үшін жаңашылдық емес. Бір-бірімізге қорған болып, қолдау көрсету қазақ халқының қанында бар. Бұның мыңдаған жылдық тарихы да бар. Жуырда Абай облысында алапат өрт болғаны баршаға белгілі. Осынау қиын-қыстау кезеңде халқымыз бірігіп, қайтыс болған азаматтардың жақындарына, зардап шеккен адамдарға қолдау көрсеткендер - еріктілер. Олардың қайырымдылық істерін ерекше атап өту керек. Әр өңірден гуманитарлық көмек жиналып, қаржылай болсын, моральдық тұрғыдан болсын қолдау көрсетілді. Мемлекет басшысының бастамасымен орман өрті салдарынан көз жұмған азаматтардың ерлігі еленді, балаларына қолдау көрсетілді. Осының барлығына еріктілер маңызды үлес қосты. Қазақстан еріктілері - нағыз патриоттар», деді Төтенше жағжайлар министрі.