Қоғам • 20 Маусым, 2023

Ормандағы өрттің обалы кімге?

419 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары елімізде бірнеше алапат өрт болды. Салдары ауыр. Жақында Абай облысында болған ормандағы өрттен 15 адам қаза тапты. 2022 жылы да Қостанайда өрт болып 43 мың гектар жер жалынға оранған еді. Салдарынан 12 адам жарақат алып, 1 адам қаза тапқан. 91 тұрғын үй жанып кеткен. Артынша Абай облысында тағы өрт болды. 2 өрт сөндірушіні қатты күйік шалып, 1 қызметкер қаза тапты. Адам шығынынан өзге, экология ахуалы бар, ормандағы жануарлар мен өртеніп кеткен ағаштар бар.

Ормандағы өрттің обалы кімге?

Статистикаға сүйенсек, 10 өрттің 9-на адам кінәлі. Яғни ормандағы өрттің көбі адамның салғырттығынан болады. Әсіресе демалыс күндері өрт шығу 40 пайызға көбейеді екен. Осы тұста табиғатты қорғауға әрбір адам жауапты екенін еске салғанымыз жөн деп ойлаймыз.

Әкімшілік кодекстің 367-бабына сәйкес ормандарда өрт қауiпсiздiгi талаптары мен санитариялық қағидаларды бұзған – жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз елу айлық есептік мөлшерінде айыппұл салынады. Өрттiң шығуына, адамның денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтiруге әкеп соққан дәл сол іс-әрекет, егер бұл әрекет ірі залал келтірмесе, – жеке тұлғаларға – жиырма бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – қырық бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жетпіс, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады.

Жаз айларында құрғақ шөп өртеніп кететіндіктен табиғи өрттің шығу қаупі де жоғарылай түседі. Бұл кезеңнің болатынынан Төтенше жағдайлар министрлігі де, Экология министрлігі де хабардар. Дегенмен, өрттің алдын алу немесе өртті сөндіру жұмысы тиісті деңгейде орындалмай келеді. Оған себеп жауапсыздық сосын өрт сөндіру мекемелерінің қажетті құрал-жабдықпен жарақталмауы.

 

Жабдықсыз мекеме

ҚР Орман кодексінің ормандардағы өрт қауіпсіздігі қағидаларына 2-қосымшасында орман өртін сөндіру бекеттерінде болуы тиіс орман өрттерін сөндіруге арналған құралдардың тізімі көрсетілген.

1) алмалы-салмалы цистерналар, соның ішінде сыйымдылығы 1500 литр су құюға арналған қолдан жасалған немесе резеңке ыдыстар - 1 дана;

2) аспалы тісті дөңгелекті сораптар - 1 дана;

3) қысымды өрт сөндіру жеңдері - 100 қума метр, соның ішінде: Д 51 миллиметр жеңдердің 5 жиынтығы;

4) тасымалданатын радиостансалар (ұйымдастырылған радио байланысы болған жағдайда) - 2 дана;

5) өнімділігі минутына 600-800 литр, тасымалданатын өрт сөндіру мотопомпалары - 1 дана;

6) от жағу аппараттары - 4 дана;

7) НП-1 немесе басқа маркалы сулағыштар, көбік түзгіш - 500 килограмм;

8) күрек - 50 дана;

9) балта - 5 дана;

10) кетпен - 20 дана;

11) тырма - 20 дана:

12) шартылдақ - 20 дана;

13) бензин арасы - 1 дана;

14) арқаға іліп алатын орманда өрт сөндіргіш-бүріккіштер - 5 дана;

15) ауыз суға арналған сиымдылығы

10 литр бидондар немесе канистрлер - 2 дана;

16) алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмек қобдишасы - 1 дана;

17) кезекші арнайы киім (етіктер, шалбарлар, кеудеше, қолғаптар), өрт сөндіру командасы тұрақты мүшелерінің санына қарай - жиынтық.

«Автомашиналар мен трактор тіркемелері аспалы сораптар орнату үшін жабдықталып, өрт қаупі бар маусымға өрт сөндіру бекеттеріне бекітіледі. Қалған жабдықтар мен өрт сөндіру құралдары бекетте тұрақты түрде тұрады. Ағаш тасымалдайтын автожолдардың ұзындығы 50 километрден асқан жағдайда (ағаш тасымалданатын қиғаш жолдарды қоса алғанда) алмалы-салмалы цистерналар саны 50 километр жолға бір цистерна есебімен көбейтіледі», делінген кодексте.

Алайда Абай облысындағы алапат кезінде орманшылар өртті сөндіруге өз көлігімен кеткен. Жалаң қолмен барып жер жастанды.

Өткен жылы көктемде бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин: «Қабылданып жатқан шаралар мен талаптарға қарамастан, қазір өңірлердегі орман шаруашылығы мекемелерінің өрт қауіпті кезеңге толық дайындығы туралы айтудың қажеті жоқ», деп жауапты органдардың жұмысын өзі сынаған болатын. Биыл да жағдай өзгере қоймағанына дәлел көп. Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми мәліметінше, Республикада 3228 өрт сөндіру техникасы мен 98543 жабдық бар. Республика бойынша өрт сөндіру мекемелерінің жарақталуы 80 пайызды құрайды. Ал 2022 жылғы статиска бойынша, табиғат қорғау және орман мекемелерінің жарақтандырылуы 50 пайыздан аспайтын өңірлер бар. Мәселен, Атырау облысының әкімдіктеріне қарасты мекемелерде жарақтандыру 20 пайызды, Қызылордада 33 пайызды, Батыс Қазақстанда 47 пайызды, Шығыс Қазақстан облысының Экология министрлігіне қарасты мекемелерде жарақтандыру 24 пайызды, Ақтөбеде 47 пайызды, Солтүстік Қазақстанда 48 пайызды құрайды.

 

Жауапсыздық

Шығыстағы оқиғадан кейін Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрін қызметінен босатты. Бірақ бұл мәселенің түбегейлі шешімі емес. Ормандағы өртке кінәлі адамдардың аты аталып, қандай айып арқалайтыны белгілі болған жоқ. Әзірге арнайы құрылған комиссия жағдайды зерттеп, Бас прокуратура қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Ал Абай облысы әкіміне Президент сөгіс жариялаған еді. «Қателік көп. Шұғыл әрекеттің жетіспеуі, мәселеден сырт қалуыңыз осы апатқа әкелді. Сондықтан жергілікті атқарушы органның жұмысына көңілім толмайды. Он төрт адамнан айырылып қалдық. Бұл не сізге, ойыншық па? Олар қызметтік борышын атқара жүріп қаза тапты. Сөз бен іс қабысу керек», деген болатын.

Орманды қорғауға жауапты мемлекеттік ұйымдарға заң бойынша аумақтық органдарды орман өрттері шығуының алдын алу және олармен күресу мақсатында толыққанды жабдықпен қамтамасыз етуге міндеттелген. Жергілікті атқарушы органдар да жеке және заңды тұлғаларды, сондай-ақ ұйымдардың өрт сөндіру техникасын, көліктері мен басқа да құралдарын ормандағы өрттерді сөндіруге тарту тәртібін айқындап, осы жұмысқа тартылған жеке тұлғаларды жүріп-тұру өрт сөндіру құралдарымен, тамақпен және медициналық көмекпен қамтамасыз етуге, ҚР заңнамасына сәйкес қоғамдық өрт сөндіру бірлестіктерінің жұмыс істеуіне жәрдем көрсетуге, орманда өрт қаупі болатын маусымда мемлекеттік орман қоры аумағында өрттерді сөндіру үшін жанар-жағармай материалдарының резервін жасауға, шаруа қожалықтары мен өзге де ауыл шаруашылығы ұйымдарының орман қорына іргелес аумақтардағы ауыл шаруашылығы алқаптарында, жайылымдық және шабындық жерлерде сабантүбін, аңыздарды және өзге де өсімдік қалдықтарын өртеуіне, қау шөбін өртеуіне бақылау жасауды қамтамасыз етуге міндетті.

Мінекей осы аталған міндеттер орындалмағаннан кейін салдары ауыр оқиға жиі қайталанып келеді. Тиісті мекеме жауапкершілік таныптайтын болса, қайталана беруі де мүмкін.