Олай дейтініміз, тау шыңына жаппай көтерілу Жетісу облысына туристердің келуін арттырып, белсенді тау туризмін сүйетін жандардың назарын аудара алады. Сонымен қатар облыстағы тау туризмінің дәстүрлерін сақтай отырып, тұрғындарды бұқаралық туризмге, тау жорықтарына тартып, тау туризмі мен жүгіруді насихаттауға мүмкіндік береді. Биіктігі теңіз деңгейінен 2551м болатын Шаған тау шыңына көтерілу – әр қатысушының қиындықтар мен сынақтарды жеңіп, өзінің спорттық жетістіктерін көрсетуге мүмкіндік беретін ерекше тәжірибе. Оны бізге «Visitzhetysu» туристік ақпараттық орталығының басшысы Жандос Нұриев айтып берді.
«Биыл туристер санын арттыру үшін Көксу, Ақсу, Сарқан, Алакөл және Ескелді аудандарының туристік орындарына ақпараттық турлар өткізу, сондай-ақ, «Алтынемел» және «Жоңғар Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында іс-шаралар өткізу, облыстың туризм саласының өкілдері үшін оқыту курстарын, мастер-класстар мен семинарларды ұйымдастыру және өткізу, іс-шаралық туризмді дамыту мақсатында фестивальдар өткізу жоспарланған. Ол қатарда «Shagan Fest», «Koksu Water Fest», «Winter Fest», «Zhetysu travel» туристік форумы сынды бірқыдыру іс-шаралар бар. Қазіргі таңда облысқа келушілер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында туристік дестинацияларды дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде», дейді Ж.Нұриев.
Оның айтуынша, туризмді айтқанда ұмыт қалмай айтылуға тиіс тағы бір басым бағыт – Жоңғар Алатауы тау жүйесінде туризмді дамыту. Бұл мақсатта Қора шатқалындағы Бурхан-бұлақ сарқырамасына дейін жол жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Жобалық-сметалық құжат әзірлеуге жергілікті бюджеттен 94,8 млн теңге бөлінген. Осы айда жобалау ұйымы айқындалмақ.
Аталған фестиваль аясында қатысушылар күннің аптап ыстығына қарамастан, Шаған тау шыңын бағындыруға тиіс. Аңызға бай таудың ұшыр басында қос арудың бейнесі көрінеді. Әйтсе де оның өз әлеті бар. Жүздеген туристер бірлесе, алдағы қиындықтарды еңсеруі шарт. Іс-шара барысында ұйымдастырушылар қатысушылардың денсаулығын қадағалап, сумен қамтамасыз етіп отырды.
«Таудың ұшар басына шығу оңай емес екен. Бірақ табиғат қанша шаршап тұрсаң да өзіне қарай тартады. Осындай керемет әсер үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Мен үшін үлкен тәжірибе болды әрі қорқынышымды жеңуге күш сыйлады. Жетісудың жақұтты жерлері көп қой, соның бірін бағындырғаныма қуаныштымын», дейді қатысушы Айгерім Нұрланқызы.
Фестиваль соңында шыңға шыққан әрбір адамға арнайы медаль мен естелік сыйлықтар табысталды. Бәрі бірлесе естелік суретке түсіп, алда болар іс-шараларға қатысуға бейіл екенін жеткізді. Мұндай игілікті істер адамдарды саламатты өмір салтына тартуға, туристік әлеуетті арттыруға және облысымыздың туризмін дамытуға көмектеседі.
Жалпы, былтырғы статистика деректері бойынша Жетісу облысында туристерді қабылдаудың 346 нысаны жұмыс істеді. Ақылы туристік-сауықтыру қызметтерінің көлемі де артып, 5,2 млрд теңгеге жетті. Осы жылы 3,2 млрд теңгеге 18 нысан пайдалануға берілген.
Облыстың туристік әлеуетін ілгерілету мақсатында туризм басқармасының өкілдері наурыз айында Берлин (ГФР) және Дубай (БАӘ) қалаларындағы ірі халықаралық туристік көрмелерге қатысқан. Сонымен қатар сәуір айында «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының ашылуы шеңберінде БАҚ өкілдері мен блогерлерге арналған ақпараттық тур ұйымдастырылды. Бұған қоса, «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында БАҚ өкілдеріне ақпараттық тур өткізілді.
Алакөл көлі жағалауында инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2021-2022 жылдары мемлекеттік бюджеттен бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Айталық, Алакөл көлінің жағалауында кәріз жүйесінің құрылысы, жағалауды бекіту жұмыстары, жолаушылар тасымалындағы автожол және теміржол бағытындағы жобалардың іске асуы. Оның ішінде, бүгінде «Астана – Достық» қатынасымен «Тальго» пойызы жүргізілуде. Әуе тасымалында субсидияланатын әуе рейстері жүзеге асуда. Бұл ретте «Жетісу» әуекомпаниясының қатысуымен жазғы маусымда рейстерді күніне 3 ретке дейін арттыру мүмкіндігі бар екенін атап өткен жөн.
Балқаш көлі жағалауының туристік инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Балқаш «Туристік-рекреациялық демалыс аймағының инженерлік-коммуникациялық желілерін салу» жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жалпы құны 4,9 млрд теңге көлемінде жобаланған. Қазіргі кезде қаржыландыру Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арқылы қарастырылуда. Автомобиль жолдарын реконструкциялау бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, көл жағалауында жобаланатын аумақта нөмірлік қоры 40 мың төсектік орын болатын демалыс орындарын салу арқылы 30 млрд теңгеге инвестициялар тарту күтілуде. Туристік индустрияның ең қарқынды дамып келе жатқан және танымал секторы экологиялық туризм екені белгілі. Оның дамуы «Алтынемел» және «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық парктерінің әлеуетіне негізделген.
Бүгінде «Алтынемел» ұлттық паркінің аумағында экологиялық туризмді дамыту жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру жүргізілуде. Инвестициялардың жоспарланған сомасы 2 млрд теңге болса, «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркінің аумағында жалпы құны 1,6 млрд теңгеге 8 инвестициялық жоба іске асырылуда, оның 6-ауы аяқталды, бір жобаны 2024 жылы аяқтау көзделсе, тағы бір жобаның құрылысы бастау сатысында.
Жетісу облысы