Тойға жиналғандар Тобыл жағалауына тігілген ақшаңқан киіз үйлер мен бөренеден өрілген татардың ағаш үйінен дәм татып, жергілікті өнерпаздар мен Ақтөбе облысынан, Татарстаннан арнайы келген әнші-бишілердің өнерін тамашалады.
– Сабантой Қостанай өңірінде бұрыннан тойланып келеді. Сондықтан мұны тек татардың немесе башқұрттың ғана мерекесі деп айта алмаймын. Бұл біздің өңірдің тойы. Мерекеге қаншама халық келіп, концерт көріп, демалып, спорт жарыстарын тамашалап жатыр. Татар мен башқұрттың ұлттық асханасы аса бай. Тойға жиналған көпшілік татардың қуырдақ, чак-чак, орамасынан ауыз тиіп, қазақтың бал қымызымен шөл басып жатыр. Бұл жарасымды емес пе, – дейді облыстық татар-башқұрт ұлттық мәдени орталығының төрағасы Ринат Бектеміров.
Мерекеде Ақтөбеден келген «Өмірзая» халық ансамблі, Рудныйдағы «Байрам» татар-башқұрт ансамблі, Татарстанның халық әртісі, әнші-композитор Лиллия Муллағалиева өнер көрсетті.
– Жол шалғай болған соң, шаршаңқырап жеттік. Бірақ Қостанай халқының ыстық ықыласы бойымызға күш беріп, шаршағанымызды ұмытып кеттік. Репертуарымызда отыздан астам ән бар, бүгін соның ең таңдаулыларын ғана орындаймыз. Сабантой біздің өңірде де өтіп тұрады. Біз де көрші елдің шекаралас аймақтарына барып, концерт қойып, ондағы аз санды ұлттардың мәдениетімен танысып, тәжірибе алмасып тұрамыз, – дейді ансамбль мүшесі Әсия Фаизова.
Мереке алаңында балаларға арналған алуан түрлі ойындар мен байқаулар ұйымдастырылды. Ал қариялар киіз үйдің алдындағы тапшанға жайғасып, тойдың қызығын шай ішіп отырып тамашалады.
Қостанай облысы