Мен бұл форумда волонтерлік қозғалыстың аймақтық консолидациясы тақырыбында сөз сөйледім. Соның ішінде Орталық Азиядағы бес мемлекет еріктілерінің бірігуі туралы айттым.
Шын мәнінде бұл аймақтағы әрбір адам өмірге келгеннен волонтер болып тәрбиеленеді. Өйткені біздің дәстүріміз соны үйретеді. Жанымыздағы адамға қолұшын созу, оның қайғысы мен қуанышын бөлісу, қиын кезде жәрдемдесу – қанымызға сіңген қасиет. Сондықтан біз қазіргі алмағайып заманда тек көрші болып қана қоймай, сын сағатта бір-бірімізге көмекке келетін жанашыр дос болуды тереңдете беруіміз қажет.
Сол себепті, ғаламдық волонтерлер қозғалысының бірігуі дегенде, біз ең алдымен осы Орталық Азия еріктілерінің бірігуі үшін жұмыс істеуіміз керек. Сол арқылы біз бір-біріміздің әлеуетімізді, достығымызды, тату көршілігімізді бұрынғыдан да нығайта береміз. Екі жыл бұрын біздің қауымдастығымыз заңды түрде тіркелді. Сол кезден бері біз Қазақстан, Тәжікстан және Түрікменстанмен достық қарым-қатынастарымызды оң жолға қойдық. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз одан әрі жалғасын таба береді.
Ширин АБДИОВА,
Өзбекстан волонтерлер
қауымдастығының басшысы