Қоғам • 20 Маусым, 2023

«Дәстүрден тағылым» облыстық байқауы

299 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерілетіп, халыққа мінсіз қызмет етуді мақсат еткен мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі қарсаңында Алматы өңірінде алғаш рет «Дәстүрден тағылым» атты облыстық байқау ұйымдастырылды.

«Дәстүрден тағылым» облыстық байқауы

Іс-шараның мақсаты – мәдени-тарихи құндылықтарды кеңі­нен насихаттау арқы­лы­ ұлттық бірегейлікті ай­қын­­­дайтын адам­гершілік бағ­дар­ларды дәріптеу және қалып­тастыру. Мемлекеттік қыз­мет­тің құлағында жүрген жас мамандардың білімі мен білік­ті­лі­гі сарапқа салынған іс-шараға Мемлекеттік қызмет істер агент­ті­гінің Алматы облысы бойынша­ департаменті және Алматы облысы ішкі саясат басқармасы мен Алматы облысы жастар ресурстық орталығы ұйытқы болды. Бәсекелі байқауға 12 команда қатысты.

Тау етегіндегі «Ғұн» этноауы­лында өткен байқау шартына сай, әр ауданнан ат арытып жеткен мемлекеттік қызметшілерден құралған командалар төрт кезең бо­йынша білім-біліктілігін бай­қа­тып, күш-жігерлерін сынға сал­ды. Байқаудың шымылдығын аш­қан «Өнерлінің өрісі кең» атты алғаш­қы­ кезеңде қатысушылар өздерін таныстыра келіп, ән салып, би билеп, бойда бар өнерлерін паш етті. Ал екінші «Толағай» спорттық кезеңінде жүгіру мен секіруден тұратын бірнеше эстафеталық жарыс ұйымдастырылды. Өнер мен спорттық жарыстардан соң мемлекеттік қызметтегі әйелдер ұлттық тағам түрлерін, атап айтқанда, буын бұрқырата бауырсақ пісіру, иін қандыра қамыр илеу, құрт жасаудағы шеберліктерін көрсетсе, ер-азаматтар ат ерттеп, қошқар көтеруде толағай күш иелері екенін танытты. Тартысқа толы төртінші кезеңде тарих пен мәдениет, салт-дәстүрге қатысты таным көкжиегін танытқан вик­ториналық сұрақтарға жауап берудегі тапқырлықтары таразыланды.

Мемлекеттік қызметкер мем­­­лекеттің айнасы екенін ай­қын­­даған байқау барысында мемлекеттік қызметшінің бойын­да­ғы қасиеттер мен міндеттер кө­рініс тауып, іс-шараның маз­мұнын аша түсті.

Сонымен мемлекеттік қызмет ете жүріп, отбасы құндылығын арттырып, салт-дәстүрді дәріп­те­ген «Дәстүрден тағылым» бай­қауының қорытындысы бойын­ша бірінші орынды Талғар ауда­нының «Қазына» командасы жеңіп алып, 200 мың теңге сый­лық­қа ие болды. Ал екінші орынды Кеген ауданының «Көлсай» ко­ман­дасы ұтып алса, үшінші орын­­ға Ұйғыр ауданының «Қара­­дала қырандары» атты командасы тұрақтап, қаржылай сыйлықтарды қанжығасына байлады.

Жеңімпаз командаларды­ құт­тықтаған Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Ләззат Мұқатайқызы мемлекеттік қызметшілердің бүгінгі рөлі мен жауапкершілігін атай келе, ел дамуына қосып жүрген еңбектерінің абыройлы болуына тілектестігін білдірді.

«Алматы облысында мем­ле­­­­кет­тік қызметшілердің штат саны 4 152 болса, осы күні бұл бағытта 3 709 мемлекеттік қыз­мет­­ші еңбек етіп келеді. Олар­дың­ 50 пайызын әйелдер құрай­ды, олардың орта жасы – 39. Мем­­лекеттік қызметшілердің 94 па­­йызы жоғары білімді», дейді Ләззат Мұқатайқызы.

 

Алматы облысы