Өйткені бұл – Ұлы даланың рухани құндылығы ретінде ежелден келе жатқан қасиетті ұғым. Тарих қойнауына үңілсек, адалдық қай заманда болсын мемлекетті билеушілердің басты қасиеті ретінде танылған. Мәселен, Әбу Насыр әл-Фараби адам міндетті түрде адал ниетті болу керек деп есептейді. Өйткені жақсы істер істеп, мұның төлеуін күтсе, адам бұл істерін жамандыққа айналдырады. Сонымен бірге, философ ел басқару iсiнде халыққа адал қызмет бiрiншi орында тұруға тиiс деп есептейді. Өйткені өркениетті Қарахандар мемлекетінің бастауына сәйкес келген Әл-Фараби өмір сүрген заманда қала-мемлекеттерді басқаруда бұл мәселе өте маңызды еді.
Әл-Фарабидің ел басқару жөніндегі ілімдерін ғалым, мемлекет қайраткері Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білік» шығармасында әрі қарай заң жүзінде қолданысқа енгізудің жолдарын белгілеп берді. Ойшыл 4105-бәйітінде: «Адал болғын, біл, адалдық – киелі, Бектер – адал, адалдықты сүйеді!» деп, хан мен уәзір, бектерден бастап, атшы мен емшіге дейін қоғам алдындағы міндеттерін адал орындауға меңзейді. Әсіресе мемлекетте әділ заң орнату және әділ басқару – басшыларға ең басты талап ретінде қойылған. Сол дәуірдегі түркістандық ғұлама Ахмет Ясауи де өз хикметінде бүкіл адам баласын адал еңбекке шақырып, ар тазалығы мен жан тазалығына арнайы көңіл бөледі.
Ұлы дала тұлғаларының рухани мұраларын сабақтастықпен жалғастырған данышпан Абай отаршылдық жағдайдағы қазақ елінің алдыңғы қатарлы, азат ел болудың жолын саралай отырып: «Адалдық – әрбір дүниенің бастауы. Құдайға, еліңе, ата-анаңа, ұстаздарыңа, махаббатыңа, достыққа, ең бастысы өзіңе «адал» болу – ұрпағыңа қалатын ең үлкен мұра, «қандай тірлік істесең де адал істе, бос жатпа, кәсіп тап, еңбек ет» дегенді насихаттайды.
Қазақ тарихында қоғамдағы адалдықтың ең жоғарғы үлгісін өз елінің тәуелсіздігі үшін жанқиярлықпен күрескен Алаш қайраткерлерінің өмірінен, ісінен, қызметінен айқын көруге болады. Олар өз алдарына ант беріп, алға қойған мақсатты орындау жолында өмірлерінің соңына дейін адал болғаны мәлім. Алаш зиялыларының бұл өнегелі тәжірибесі бүгінгі Әділетті Қазақстан үшін маңызды. Мұны Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда: «Алаш рухы Қазақ мемлекетімен бірге мәңгі жасайды», деген сөзінен-ақ аңғаруға болады.
Президент осы алқалы жиында: «Әділетті Қазақстан және адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс» деп, адал азамат болуға ұмтылуға шақыруы – Ұлы дала тұлғаларының қай тарихи дәуірде болсын мемлекеттіліктің, отаншылдықтың, елдіктің басты құндылықтарының бірі – адалдық және оның тарих сынынан өткендігіне сүйенгені анық.
Сатай СЫЗДЫҚОВ,
ЕҰУ Еуразия тарихы мен мәдениетін зерттеу орталығының директоры