Әділ ағаның өмірден озғанына алдағы қыркүйекте төрт жыл толады. «Егеменде» қызмет істеген жылдарда қазақтың маңдайалды тұлғаларымен қанаттас, әріптес болған, қазақ зиялыларының ыстық ықыласына бөлене білген Әділ Дүйсенбек туралы әлі талай естелік жазылады деп ойлаймыз. Ал біз жоғарыда сөз еткен жинақтағы естеліктер асыл аға туралы болашақта жазылар жүрекжарды эссе-толғаныстардың бастамасы деп білеміз.
«Әділдің шыншыл әлемін» – жақсы адам, өнегелі өмір иесі, айналасына жан жылуын төге білген жайсаң жан Әділ ағаға деген лайықты ескерткіш деп ұғамыз.
Бұл кітапқа белгілі қаламгерлер Д.Исабеков, Е.Әлімжан, Ж.Бейсенбайұлы, Д.Ысқақұлы бастаған әріптес-замандастары, курстастары, іні-бауырлары, жұбайы мен ұрпақтарының соңында елеулі еңбегі, шынайы туындылары қалған Әділ Дүйсенбектің адами болмысын аша түсетін, қаламгерлік қуатын айқындайтын естеліктер енгізілген.
Жинақта Ə.Дүйсенбектің адамгершілік болмысы, журналистика саласындағы өнімді еңбегі ғана емес, əр жылдарда жазған сүбелі көркем шығармалары жөнінде де кеңінен сөз қозғалған. Бұл өз кезегінде Әділдің шыншыл әлемінен молынан хабардар етеді. Өйткені ол – қазақ руханиятына үлкен олжа салған қаламгер. Бұл сөзімізді жазушының əңгімелері мен повестері бірнеше ұжымдық жинаққа еніп, баспадан «Ақ күмбез», «Көкжиек», «Жүрек жылуы», «Тергеу əлі біткен жоқ», «Көкжиек», «Қара шаңырақ, «Шерағамның шеруі» деген кітаптарының жарық көргені растайды.
Қаламын қару, әділдікті ту еткен Әділ Дүйсенбектің өнегелі өмірі, соңында қалған шығармалары, адал еңбегі жас ұрпаққа зор тағылым, үлгі.