– Қоғамдық ұйым қашан құрылды және оның дүниеге келуіне не түрткі болды?
– «Өлі риза болмай тірі байымайды» дейді қазақ. 2019 жылы құрылған «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің миссиясын осы бір ауыз сөзбен бейнелеуге болатын сияқты. Оның басы-қасында осынау тәмсілдің таудай салмағын сезініп, игілікті іске бел шеше кіріскен белсенді азаматтар жүр. Із-түзсіз кеткен әкесінің дерегі табаны күректей сексен жыл өткен соң табылып, қабіріне туған жердің бір уыс топырағын апарып тұрып егілген қарияны көргенде еріктілер еңбегінің зая еместігін сезінесің.
Жеті атасын жетік білген қазақ қашаннан іздеусіз, жоқтаусыз қалғаннан қорыққан. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, үзілмей келе жатқан ата тектің, басқаша айтқанда әруақтардың қолдаушы күшін Берт Хеллингер бастаған Батыс ғалымдары енді ғана мойындап отыр. Ендеше сол көбінің артындағы ұрпағы да қалмаған 271 мыңнан астам боздақты іздемеу, жоқтамау ендігі жерде елдігімізге сын болар еді.
Сол себепті биыл 22 маусым күні тұңғыш рет ел аумағындағы мешіттерде хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің рухына арнайы құран бағышталып, дұға оқылмақшы. Біздің осы ұсынысымызға қолдау білдіргені үшін Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына алғыс айтамыз.
– Ұйымның көпшілік көзіне көріне бермейтін күнделікті қызметін тарқатып айта кетсеңіз.
– «Atamnyn Amanaty» өз жұмысын негізі үш бағыт бойынша жүргізеді. Бірінші бағыт – майдангерлерді әскери құжаттары бойынша архивтерден, түрлі форумдар мен қауымдастықтар арқылы іздестіру. Бұл өзі инемен құдық қазғандай дүние. Екінші бағыт – майдан даласында тікелей қазба жұмыстарын жүргізу. Былтыр біздің еріктілер тобы Калуга облысында «Батыс майданы. Варшава тас жолы» халықаралық әскери-тарихи экспедициясына қатысып қайтты. Биыл да сапарға дайындық жүріп жатыр. Ол туралы сәл кейінірек. Үшінші бағыт – ел ішінен туыстарын іздестіру, яғни ТМД ғана емес бүкіл Еуропа мемлекеттерінің аумағында қаншама отандастарымыз жатыр. Олардың көбі Еуропаны азат ету барысында шейіт болса, енді біразы тұтқынға түсіп, концлагерьлерде қаза тапқандар. Қазір біздің қолымызда елден тысқары жерде мәңгілік мекенін тапқан он жеті мың қазақстандықтың тізімі бар. Соларды облыс-облыс бойынша бөліп, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды бастап та кеттік. Алғашқы нәтиже де баршылық. Жақында Польшаның Седльце қаласында көз жұмған Қостанайдың тумасы Тотан Ачановтың туған-туыстары табылды.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, әлі күнге кескілескен ұрыстар жүрген майдан даласындағы қазба жұмыстары барысында қазақ сарбаздарының көмусіз қалған денелері табылуда. Сол боздақтардың аты-жөндерін (медальондары, хаттары, архив құжаттары т.б. арқылы) анықтап, кіндігінен тараған ұрпақтарын немесе туған-туыстарын тауып, арнайы әскери ұшақпен елге жеткізіп, жауынгерлік құрметпен жер қойнына тапсыру – біздің мойнымыздағы үлкен жұмыс, сауапты іс.
Осы уақытқа дейін бізге хабар-ошарсыз кеткен майдангерлерді іздестіру жөнінде 7 000-нан астам өтініш келіп түсті. Еріктілер тобының еңбегі арқасында 2200-ге жуық қазақстандық солдаттардың жерленген орындары анықталды. Еліміздің әр аймағында 140-тан астам ерікті-волонтерлеріміз жұмыс істейді. Халықаралық ынтымақтастық туралы 50-ден астам келісімге қол қойылып, нақты жұмыстар атқарылуда. Майдан даласында қаза тапқан 14 жерлесіміздің сүйегі туған жеріне жеткізіліп, үлкен әскери құрметпен жерленді.
Алтынбек Қоразбаевтың әйгілі «Қара кемпір» әні естеріңізде болар. Қос құлынын соғыстан қырық жыл бойы күткен ән кейіпкері Қали апа өмірде болған адам. Кейін Қали апаға ескерткіш те орнатылды. Ол әлі күнге дейін батысқа қарап, таяғына сүйене ұлдарын күтіп тұр. Енді соғыстан қайтпай қалған сол ұлдардың ұрпағының өзі ата-әже атанды. Олар да әлі күнге әкелері туралы бір хабар күтеді.
– Іздестіру барысында жүректі шымырлатар оқиғалар мен қилы тағдырлар жиі кездесетін шығар?
– Әлбетте. Мысалы, қазір 80-нен асқан Мәдениет әже әкесі Хамен майданға аттанғанда небәрі 3 жаста екен. Бейнесі есінде жоқ, қолында тек суреті қалған әкесінен жылдар бойы үмітін үзбеген. Ең болмаса қабірі табылса басына барып, бір уыс топырақ салсам ғой деген арманы «Atamnyn Amanaty» еріктілерінің арқасында орындалды. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде белгілі болғандай Хамен Жұманұлы Ржев түбіндегі шайқаста қаза тауыпты. «Пионер» іздестіру тобы қазақ жауынгерінің сүйегін медалі арқылы анықтаған. Бір жерден табылған үш сарбаздың екеуінің аты-жөні белгілі. Бірі Хамен Жұманұлы болса, екіншісі – Төлеубай Жұмабекұлы. Өкінішке қарай, үшінші жауынгердің есімі жұмбақ күйде қалды. Олардың сүйегін елге әкелген соң Мәдениет әже ата салтымен әкесін үйіне бір күн түнетіп, үшеуін бөле-жармай қатар жерледі. Есімдерін ескерткіш тасқа қашап жазған бейіт басынан Мәдениет әжені жиі көруге болады...
Жақында Астана түбіндегі Төңкеріс ауылында майдангерлерге ескерткіш ашылды. Оған сол соғысқа осы ауылдан аттанған азаматтардың аты-жөндері қашап жазылған. Ескерткіш ашылмас бұрын «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің іздестіру тобы Төңкеріс ауылынан майданға аттанғандардың жеке тұлғаларын, жерленген жерлерін анықтау бойынша үлкен жұмыс атқарды. Іздестіруге қосымша мәліметтердің: әкесінің, атасының аты мен тегі, әйелінің, шешесінің аты-жөні, балаларының бар-жоғы, соғысқа дейінгі қызмет түрі, қай жерде және ол шақырылған кезде және т.б. жоқтығы кедергі келтірді. Дегенмен, үш күнге созылған іздестіру жұмыстары ақыры сәтті аяқталды. Барлығы 14 сарбаздың жерленген жерлері анықталды, олар Польша, Украина, Беларусь және Ресей аумағындағы бауырластар зиратында жатыр. Қалғандар адамдарды да іздестіру РФ Қорғаныс министрлігі Орталық архивіндегі деректердің жаңартылуына орай жалғасатын болады.
Жоғарыда сөз болған 69 майдангердің басым көпшілігі ерлігі мен қаһармандықтары үшін «Қызыл Жұлдыз», «Даңқ» жауынгерлік ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған екен. Бір сөзбен айтқанда, алақандай Төңкеріс ауылының балалары өздерінің батыр бабаларымен мақтана алады.
Ал Сыр өңірінің тумасы Әбдірайым Жаманбаев соғысқа 1942 жылдың маусым айында аттанып, үш айдан соң қыркүйекте қаза табады. Сол уақытта артында қалған ұлы Алмас небәрі жеті жаста екен. Қара қағаз келгені болмаса, оның қайда жерленгені кешегі күнге дейін белгісіз болып келді. Бірақ ұлы үмітін үзбей әкесі туралы әйтеуір бір дерек табылар деп өмір бойы іздеумен болады. Ақыры «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің арқасында үміті ақталды. Сексеннің сегізіне аяқ басқан кезде әкесінің Ленинград майданында қаза тауып, алдымен Липки селосында, сосын Синявино елді мекеніндегі бауырластар зиратына қайта жерленгені туралы хабар жетеді. Сол хабарды ести сала мамыр айының басында қасына қызы Күләшті ертіп, Алмас ақсақал әкесінің басына барып қайтты. «Осы игілікті іске себепші болған барлық азаматтарға алғысымыз шексіз. Туған жердің бір уыс топырағын ала келіп, қабір басында атамыздың рухына құран бағыштап, бауырластар зиратында жатқан барлық боздақтардың ерлігіне тағзым еттік. Ең бастысы әкемнің өмір бойғы арманы орындалды», – дейді Күләш Алмасқызы.
– «Atamnyn Amanaty» ұйымының алдағы жоспары қандай?
– Жаз шыға, жер қарайғасын еріктілер мен әскери-техникалық мектеп курсанттарынан тұратын іздестіру тобы Ресейдің Калуга облысына аттанады. Олар майдан даласында қазба жұмыстарын жүргізіп, хабар-ошарсыз кеткен жерлестерін іздейтін болады. Осы облыстың Ульяновск ауданында Қазақстанда жасақталған 312-атқыштар дивизиясы ерлік-
пен шайқасқан. Сол сапар барысында қазақстандық дивизия қиян-кескі шайқастар жүргізген жерге ескерткіш-белгі орнату жоспарда бар. Биыл күзде Орта Азия елдеріндегі әріптестердің басын қосып, үлкен жиын өткізбекпіз. Ондағы ойымыз – осындай іздестіру жұмыстарымен айналысатын ұйымдардың қауымдастығын құру. Өйткені ортақ тарихымызға ортақ көзқарас қажет.
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында «Белгісіз қазақстандық сарбаз» монументін орнатуды ұсынып отырмыз. Осылайша біз бостандық жолында қаза тапқан боздақтардың алдындағы азаматтық парызымызды орындаймыз. Бұл ескерткіш соғыста хабар-ошарсыз кеткен немесе қайда жерленгені белгісіз барлық отандастарымыздың рухына тағзым ететін көпшілік орынға айналар еді.
Осының бәрі өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеудің қамы. Өйткені оларға кешегі от кешкен ата-бабаларының өмірі үлгі-өнеге болуға тиіс. Біз үшін сырттан біреу келіп хоккей ойнап, зілтемір көтеріп беруі мүмкін, бірақ ешкім Отанымызды қорғап бермейді. Осыны түсінетін уақыт жетті.
Әңгімелескен
Азамат ЕСЕНЖОЛ,
«Egemen Qazaqstan»