Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Қымбат несиенің құрығы
Қаржыгер Мұрат Темірхановтың айтуынша, бұл жағдайға бірнеше фактор әсер етіп отыр. Ең басты себеп – ЕДБ ішкі жағдайды жеке құпия ретінде ұстайды, Ұлттық банк әр банктегі қайтарылмай қалуы мүмкін несиелер туралы білгенімен, ешқандай шара қолданбайды.
Жалпы, халықтың банктен қарыз алып, оны қайтара алмай жүруінің басты себебі – несиенің қымбаттығында.
Мұрат Темірхановтың пікірінше, қарыздың қайтпай қалуына экономикадағы құрылымдық проблемалар алғышарт болып отыр. Банктердің халықты жаппай несиелеуінің нәтижесі қарыздарын қайтара алмай жүрген борышкерлердің көбеюіне алғышарт болса, бұл өз кезегінде онлайн қарыз алушылардың да көбеюіне жол ашты. Өйткені несие тарихы бұзылған жұрт банктерден қарыз ала алмағаннан кейін амалсыздан онлайн қарыз беретін қаржы ұйымдарына жүгінеді.
«Бірінші кредиттік бюро» АҚ биыл сәуір айында жүргізген статистикасына сәйкес 7,5 миллион отандасымыздың қарызы өтелмеген. Бұл – елдегі экономикалық белсенді халықтың 77%-ы. Оның ішінде 1,5 миллион тұрғын несие бойынша төлемді 90 күннен кешіктіріп төлеген.
Ғаламдық проблемалардың ішіндегі күрделілерінің бірі кедейлік екені көп айтылады. Бірақ несімен күрделі деген сұрақтың кемі 100 түрлі жауабы бар. Әлем халқының басым көпшілігінің несиемен өмір сүретіні, тіпті кейбірінің несиесіз өмір сүруді елестете алмайтыны айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ табысының қомақты бөлігін несиесі жеп қойып, көшеге шыққаны туралы естіген жоқпыз?
Себебі дамыған елдердің ішкі жалпы өнімі бас банктерінің пайыздық мөлшерлемесін тұрақты деңгейде ұстап тұруға, бизнес өкілдерінен инвесторлар дайындап шығаруға мүмкіндік береді. Басқаша айтқанда ішкі жалпы өніміне дем беріп тұрған тірек мықты. Біздің жағдайымызда банк несиесі кедейліктің бетін «жылтыратып» көрсететін құбылысқа айналып кетті деген пікір бар. Қажетті тауарларды бөліп төлеу сырт көзге кедейлік деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретін фактор. Банктер несие алу мүмкіндігін шектеп қойса, елдегі кедейліктің нақты көрінісі тайға таңба басқандай айқындалып шыға келеді.
Бәріне банк кінәлі ме?
Кедейлік деңгейінің тереңдеп кетуіне банктерді кінәлаған пікір бұрын тәуелсіз сарапшылар деңгейінде айтылатын. Енді бұл тақырып Мәжіліске де жетті.
Маусымның басында Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында «take-profit.org» биржалық порталында әлем елдеріндегі банктердің пайыздық мөлшері туралы ақпаратты табуға болатынын айтқан.
Мәселені ары қарай сабақтасақ, Кореяда бұл көрсеткіш – 3,5, Қытайда – 3,65, Германияда – 3,75, Англияда – 4,25, Канада – 4,5, АҚШ-та – 5,25 пайыз деңгейінде белгіленген. Ал посткеңестік елдерге келсек, Өзбекстан Ұлттық банкінің пайыздық мөлшері – 14, Қырғызстанда – 13, Тәжікстанда – 10, Әзербайжанда – 9 пайыз деңгейінде.
«Тынық мұхитының оңтүстік-батыс бөлігіндегі шағын аралдарда орналасқан Фиджидегі банктер пайыздық мөлшері – 0,25, Камбоджада – 0,88 пайыз екен. Сонда жерінің асты байлыққа тұнған Қазақстан халқы несиені 16,75 пайызбен алып отыр», дейді мәжіліс депутаты А.Құспан.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің «ВТБ Банк» пен Bereke bank жылдық пайыздық мөлшерлемесі – 21,5, «Банк ЦентрКредитте» – 23,6, «Еуразиялық банк» – 23,7, Kaspi bank АҚ – 24,4, Home credit bank-те 28,5 екені айтылған. Бұған банктердің сақтандыру және тағы басқа міндеттерін қоса есептегенде 4-5 жылға рәсімделген несиенің банк алдындағы өсімі екі-үш есеге дейін қымбаттап кетеді.
А.Құспанның айтуынша, Ұлттық банктің несие пайызы жылына 56% пайыздан аспауы керек» деген шектеу шешімі халықтық емес, халықты қабырғаға тіреп қоятын шешімге айналып, бұрын ел-жұрттан жасырып келген кедейлік деңгейін жалаңаштап қойды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Экономиканың нақты секторын несиелендіруді кеңейту және халықтың борыштық жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжатта, басқалармен қатар, шағын несиелер бойынша мөлшерлемелерді реттеуді қатайту және 90 күннен астам кешіктірілген азаматтардың борыштық жүктемесінің өсуін шектеу туралы айтылады. Сарапшылардың сөзіне сенсек, бұл құжат несие сегментіндегі жағдайды өзгерте алмаса да Банкроттық туралы Заңды және кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін 56 пайыздан 44 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік беруі мүмкін» деген болжамды да жоққа шығармайды.
Сарапшы Ерлан Ибрагимнің сөзінше банк қайырымдылық қоры емес – бизнес. Ол халықтың талабымен санасуға міндетті емес. Тек біздің елде ғана емес, посткеңестік елдердің банктерінің ойын ережесі дамыған елдерге қарағанда өзгешелеу. Үкімет пен банктің бір-біріне деген «ықыласы» қаржы секторының ешбір халықаралық тәжірибеге ұқсамайтын «посткеңестік» үлгісін қалыптастырып, ішкі нарықпен арадағы сенімсіздік синдромын қалыптастырды.
Елдегі кедейлік деңгейінің тым қатты тамырланып кетуінің себебі мен салдары сарапшылар үшін зерделене қоймаған тақырып: Кейбір сарапшылар кедейлік деңгейіне банк несиесінің түк те қатысы жоғын айтады. Ал екінші топ «пайыздық мөлшерлемені төмендетсе, банктер қосымша табысынан айырылып қалады. Бұған жол бермей отырған лобби топтар бар» дейді. Осы тақырып туралы сөз болса, ел-жұрттың назары Ұлттық банк пен базалық мөлшерлеменің деңгейіне аударылады. Базалық мөлшерлемедегі өзгерістер экономикадағы ақшаның құнын қымбаттату үшін жасалады. Бірақ сарапшылардың пайымдауынша, бүгінгі жағдай біршама күрделі. Ендігі жерде халықты несиелендіру көлемі едәуір азаяды. Сонымен бірге несиені өтеу құны қымбаттайды.
«Тәуелсіз сарапшылар Ұлттық банк Үкімет пен нарықтың арасындағы оператор міндетімен шектеліп отыр»дегенді жиі айтады. Бұл да – шикізатқа бағдарланған елдердің экономикасына тән ортақ құбылыс.
Халықты қанаудың «сауатты-мәдениетті» схемасы
«Ұлттық банк маржасы инфляция деңгейінен 2 пайызға жоғары жүреді. Қазіргі көрсеткіш 16.5 екенін өткен аптадан бері жазып жатырмыз. Демек дәл қазір бас банктің ЕДБ-ға арналған маржасы 18 пайыздан асып жығылады», дейді Е.Ибрагим.
Бірер жылдан бері коммерциялық банктер саясатында бір жылымық барын сезіп жүрміз. Мұны сарапшылар олигархиялық топтардың Үкімет арқылы экономикаға қысымының әлсірей бастағанымен түсіндіреді. Бір кездері «экономика түзеуші банктер» ретінде мемлекеттің алақанында отырған банктердің біразы 2009 жылдардағы Үкіметтен алған несиесін қайтаруға ниеттеніп жатыр.
Ішкі нарық үшін пайыздық мөлшерлеменің кенеттен емес, нарықтың ыңғайына қарап төмендегені маңызды. Ұлттық банктің нарықты соған дайындай бастағанын біраздан бері байқап жүрміз. Базалық мөлшерлемедегі оң өзгерістердің әсерін нарық араға айлар салып қабылдайтыны белгілі. Өткен аптада Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов екінші жарты жылдықта базалық мөлшерлемені төмендетудің мүмкіндіктерін қарастыратынын айтты.
«Біздің шешімдеріміз негізінен бағаның нақты өсуінің болжамды бағалауларға сәйкестігіне, жанар-жағармай мен коммуналдық қызметтерге бағаның жоғарылауының жанама әсерлерінің қалыпты әсері аясында базалық инфляцияның баяулауының тұрақтылығына, инфляциялық күту динамикасына, сондай-ақ 2024-2025 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде бюджеттік ережені сақтау», деп түсіндірді Ғалымжан Пірматов.
Сарапшы-талдаушы Петр Своиктің айтуынша, Қазақстанның қазіргі жағдайы әлемдік қаржы дағдарысына себеп болған құбылыстардың кері, қисынсыз жаңғырығы. Өнеркәсіптік несиелеуден тұтынушылық несиелеуге қайта бағдарланғаны АҚШ президенті Рейганның тұсында байқалыпты. Жаңа үлгі капиталистік өндірісті ұстап тұруға және дамытуға көмектесті, бірақ қоғамды қарызға белшесінен батырып жіберді. Содан әлемдік қауымдастық бұл жүйені кедейлік деңгейін көтеріп жіберетін фактор ретінде қарастырады. Стратегиялық тұрғыдан Үкіметте «экономиканы неліктен жақсарту керек деген сұраққа жауап бар,бірақ іс жүзінде бұл сұраққа жауап іздеп, бас қатырып жүргендердің аз екені байқалып қалады. Сарапшы айтып өткендей, кедейлік деңгейі қызыл сызықтан асып кетсе, халық Ұлттық банкке, Ұлттық банк Үкіметке қарайды. «Біздің елде кедейлікті бағалау әдісі өзгермейді. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары адам кедей емес. Бұл тәсіл кедейлік деңгейін ресми түрде төмендетуге мүмкіндік береді. Бүгінде әрбір оныншы азамат кедейлік шегінде өмір сүреді», дейді П.Своик
Осы тұста сарапшы біздегі жағдай халқын қанаудың «сауатты-мәдениетті» түрде ойластырылған схемасы деген пікірге басымдық беретінін қаперге салды. Экономиканы несиелендірмесе де шикізат экспорты жүріп, бюджетке қаржы түсіп жатыр. Біздің ел сыртқы нарыққа тиімді – шикізатты экспортқа шығаруды және елде өндірілмейтіннің барлығын импорттауға басымдық беретін жобаларды ғана қаржыландырады», дейді П.Своик.
Несие статистикасы зерделенбейді
Сарапшы айтып өткендей, кедейлік – өте субъективті құндылық. Елдің экономикалық даму деңгейі, орташа және ең төменгі жалақыға, тұтыну қоржыны да кедейлік деңгейіне қарап анықталады.
«Біздің экономика арқылы тұрмысымыз да шетелдік экономикамен интеграцияланып кетті. Дамыған елдердің экономикасын жел шайқаса, бізде дауыл тұрады. Сондықтан «экспорттық» экономиканы тезірек қайта құруға кірісу керек еді. Біз осының шеңберінде ғана кедейліктен құтыламыз», дейді П. Своик.
Қарыздық жүктемені азайту шаралары туралы қаулы мәселені шешуге жеткілікті емес екенін сарапшы-экономист Рахым Ошақбаев та құптайды. Оның пайымдауынша, бұл мәселе – экономикада аз зерттелген және қауіп-қатері тиісті деңгейде бағаланбаған бағыт.
Сарапшы 2016 жылдан бері жеке тұлғаларды несиелендіру 340 пайызға, яғни 4,2 триллионнан 14,2 триллион теңгеге дейін өскенін, ал заңды тұлғаларды несиелеу 8,5 триллионнан 8,7 триллион теңгеге, 1,7 пайызға өскенін келтірді. «Бізде тауарлық несиені, тұтыну тауарларын артық төлемсіз бөліп-бөліп алуға болады деген түсінік қалыптасқан. Тауардың құнына комиссиялық платформалар немесе сатып алу жүзеге асырылатын экожүйе кіретінін қаперге алынбайды. Ұлттық банк мұны ет пен терінің арасындағы жел сияқты назар аударуға тұрмайтын мәселе ретінде қарастырғысы келеді. Ал шын мәнінде мұндай жүйе банктердің пайдасына жұмыс істеп жатыр», дейді Рахым Ошақбаев.
Оның айтуынша, ЕДБ-ның пайдасына да, кедейлік деңгейінің бақылаудан шығып кетуіне де қас пен көздің арасында жасырынып қалатын осындай ұсақ-түйектер де әсер етеді екен.
АЛМАТЫ