Қазақстан • 22 Маусым, 2023

Газ транзиті кімге тиімді?

1478 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Биылғы жылдың 4-тоқсанында ел аумағы арқылы Ресейдің табиғи газы Өзбекстанға тасымалдана бастайды. Біздің тарап Орталық Азия аймағындағы энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыру және қаражат алу бөлігінде бұл газ транзитіне мүдделі болып отыр.

Газ транзиті кімге тиімді?

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

«Үштік газ одағы» бейресми атауын алған газ саласындағы ынтымақтастық былтыр қарашада жарияланған болатын. Серіктестік Ресей газын Өзбекстанға біздің ел арқылы транзитпен жеткізу және газды басқа экспорттық бағыттарға тасымалдау бойынша өзара іс-қимылды көздейді. Сол кезде бұл бастама төңірегінде даулы пікірлер айтылды. Әсіресе Өзбекстанда газ проблемасын билік халықты Қазақстанмен және Ресеймен одақ құруға итермелеу үшін жасанды түрде туындатқысы келеді, өзбек газ транспорттық жүйесі одақ шеңберінде жекешелендірілуі, сатылуы немесе сыртқы басқаруға берілуі мүмкін деген ақпараттық шу тарады. Өзбекстан билігі елдегі газ тапшылығы ішкі тұтынудың өсуімен байланыс­ты екенін, энергетика саласындағы серіктестік тек ұлттық мүдделерге сүйене отырып жүзеге асырылатынын түсіндіріп бақты.

Расында да, Орталық Азия аймағы экономикалық дамудың жоғары қарқыны мен халық санының өсуіне байланысты энергия тапшылығына ұшырап отыр. Биылғы қыста қатты аяз бен Түрікменстаннан газ жеткізілімінің тоқтауы салдарынан Өзбекстан ауқымды энергетикалық дағдарысқа тап болды. Құзырлы органдардың мәліметінше, қыста ең жоғары жүктеме кезінде рес­публикада тәулігіне 20 миллион текше метр газ тапшылығы байқалады. Былтыр желтоқсанда газ жетіспеушілігі автомобиль газ толтыру компрессорлық стансаларының жабылуына әкелді. Осыған байланысты газ, электр энергия­сы, көмір және мазут импортын жандандыру туралы шешім қабылданды. 2022 жылдың желтоқсанында Өзбекстан қысқы кезеңде (3 ай) 1,5 миллиард текше метр (тәулігіне 20 миллион текше метр мөлшерінде) түрікмен газын жеткізуге келісімшарт жасаған. Жылына 70 млрд текше метр табиғи газ өндіруге қабілетті болса да Өзбекстанның іс жүзінде өнді­ре­тіні одан аз. Газ өндірісінің төмен­­деуіне ‒ қорлардың сарқылуы, тех­но­­ло­гиялық шығындар, көмірсутек жет­кізілімін бақылаудың тиімді жүйе­сі­нің болмауы себеп. Дәл осындай проблемалар бізге де сын-қатер төндіруде. QazaqGaz еліміз 2023/2024 күзгі-қысқы кезеңде ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін тапшылықты болдырмау мақсатында табиғи газ экспортын тоқтатуы мүмкін екендігін ескерткен-ді. Ал біздің газға мүдделі ресми Қытай былтыр қарашада еліміз газ жеткізілімін тұрақты түрде қамтамасыз етіп, оны қысқы кезеңде барынша арттыратынына сенім білдірді. Осылайша, екі елдің билігі бірдей проблемаға тап болып, Қытай мен өз азаматтарының алдындағы міндеттемелерін қатар орындай алмай отыр. Газдың үлкен көлемін Қытайға жеткізіп, бұл үшін валюталық түсім алу да қызықтырмай қоймайды. Әйтсе де, ел ішіндегі энергетикалық дағдарыс сая­си­ режімдердің тұрақтылығына қауіп төн­ді­ре­тін ең жанды мәселе екеніне басымыздан өткен жағдайлар куә.

Екі елде де газ өндірісі тез өсіп келе жатқан ішкі тұтынуды да, экспорттық міндеттемелерді де жауып үлгермей жатыр. Газдандырудың жалғасуына байланысты бізде энергия теңгеріміндегі газ үлесі үнемі ұлғайып келеді. 2013 жылы газбен халықтың 30%-ы, 2021 жылы 57%-ы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу көзделген. Осы секілді Өзбекстанда энергия балансындағы газдың үлесі 80%-дан асады. Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметі бойынша, 2020 жылы Өзбекстан қанша энергия өндірсе, соншасын тұтынған. Қазақстан мен Өзбекстан ішінде газ тұтынудың жыл сайын 7-10%-ға артуына халықтың өсуі (жыл сайын 1,5-2%-ға), тұрғын үй қорын кеңейту, өнеркәсіпті дамыту секілді басқа да себептердің әсері бар. Сондай-ақ республикамызда өнеркәсіп өндірісінің көлемі биыл 4%-ға өсуі мүмкін. Ал Өзбекстанда одан да үлкен көрсеткіштер күтілуде (2021 жылы өсім рекордтық 9,5%-ды құраған).

Сөйтіп, Батыстың санкцияларына қарамастан, еуразиялық кеңістіктегі ықпалдастық өздігінен одан әрі тереңдей берді. Соның ішінде өңір елдері энергетика саласындағы қарым-қатынастан ұзап кете алмайтынын тағы да сезіне бастады. Мәселен, жыл басынан бері еліміз арқылы Өзбекстанға жеткізу үшін «Транснефть» магистралдық мұнай құбырынан «ҚазТрансОйл» магистралдық мұнай құбыры жүйесіне 25 мың тонна Ресей мұнайы қабылданған. Сонымен қатар «ҚазТрансОйл» магис­тралдық мұнай құбыры жүйесі арқылы Ресей Федерациясынан Өзбекстанға 2023 жылға арналған мұнай транзитінің жалпы жоспарланған көлемі өзгеріссіз, 225 мың тонна деңгейінде қалды. Сол секілді биыл біз де Ресейден 850 мың тоннаға дейін дизельдік отын импорттап отырмыз.

Осы үдеріспен қатар, негізгі экспорт­тық нарыққа ‒ Еуроодақ елдеріне жеткізілімі төмендеген «Газпром» жаңа газ өткізу нарықтарын іздей бас­тады. Компанияның алыс шетелдерге, яғни Еуропаға, Түркияға және Қытайға жеткізілімі былтыр 100,9 млрд текше метрді құрап, алдыңғы жылға қарағанда 1,8 есе аз болды. Сонымен «Газпром» өз деректерінде келтіргендей, 2022 жылы газ өндіруді 20%-ға, 412,6 млрд текше метрге дейін қысқартты. Жеткізілім биыл да төмендеуін жалғастырды. Мамырда Ресей газының Еуропаға экспорты (Түркияны есептемегенде) тәулігіне 63,8 миллион текше метрге дейін төмендеді. Салыстырар болсақ, 2022 жылдың желтоқсанында Ресей газының Еуропаға экспорты тәулігіне 82,8 млн текше метрді құраған болатын. Нәтижесінде, Мәскеу өзімізде кеңес заманынан бері келе жатқан шын мәнінде бірыңғай газ тасымалдау жүйесі барын аймақ елдерінің есіне салды.

Транзит үшін Түрікменстаннан Өзбекстан мен біздің ел арқылы Ресейге өтетін «Орта Азия ‒ Орталық» (ОАО) газ құбыры жүйесі пайдаланылатыны мәлімделді. Бұл құбырдың өткізу қуаты жылына 50 млрд текше метр­ге­ дейін жетеді. Бұған дейін құбыр арқылы Түрікменстаннан Өзбекстан мен біздің еліміз арқылы Ресейдің орталық аймақтарына табиғи газ жіберіліп келген. Бірақ 2016 жылдан бастап тараптардың түрікмен газының бағасы жөнінде келісе алмауы себепті «Газпром» ОАО бойынша Түрікменстаннан табиғи газ импортын тоқтатқан. Енді газ тран­зи­ті­ осы құбыр арқылы кері бағытта пайда­ла­нылмақ.

Осылайша, мұндай ықпалдастықты «Үштік газ одағы» ұғымына екпін қоймай-ақ дамытуға болатыны түсінікті болды. Серіктестік посткеңестік елдерде көпшіліктің күмәнін тудыратын «одақ» атауынсыз, екіжақты, үшжақты форматтағы өзара тиімді қарым-қатынас түрінде жалғаса берді. Ресми түрде бұл идеяның мақсаты ‒ Қазақстан мен Өзбекстан аумағы арқылы ресейлік газды тасымалдау кезіндегі іс-қимылдарды үйлестіру болса керек. Биыл қаңтарда ресейлік «Газпром» біздің Үкіметпен, артынша Өзбекстанның Энергетика министрлігімен газ саласындағы ынтымақтастық бойынша жол карталарына қол қойды. Бұл бағытта жұмыс тобы құрылып, ол газ тасымалдау инфрақұрылымының жай-күйі мен техникалық мүмкіндіктерін зерттеуге кірісті.

«Газпром» басшысымен бұл құжат­қа қол қою барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Қазақстан тарапының Ресей Федерациясымен энергетиканың барлық саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайындығын растады. Ол газ тасымалдау жүйесін жаңғыртуда, солтүстік және шығыс аймақтарды газдандыруда, ресейлік энергия тасымалдаушыларды үшінші елдерге жеткізу көлемін арттыруда біздің еліміздің көрші елмен ынтымақтасуға мүдделі екенін атап айтты. Хабарланғандай, біздің ел, Ресей және Өзбекстан басшылығы ішкі тұтыну мен Қытайға экспорттық міндеттемелердің өсуін ескере отырып, ресейлік газды жеткізуді ұлғайту мүмкіндігін қарастырып жатыр. Ол үшін газ тасымалдау инфрақұрылымын жаңғырту, тіпті жаңа газ құбырларын салу қажет болуы мүмкін екендігі айтылды.

Өз кезегінде еліміз келер жылдың күзгі-қысқы маусымында Өзбекстанға ресейлік табиғи газ транзиті үшін инфрақұрылымның дайындығын қамта­масыз етпек. Мәжіліс комитетінің оты­рысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Өзбекстан «Газпроммен» газдың көлемі, бағасы бойынша келіссөздерді жалғастырып жатқандығын, соның нәтижесінде біздің аумағымыз арқылы газ транзиті бойынша техникалық дайындық жүзеге асырылатынын жеткізді.

Жуырда Петербург халық­аралық форумы аясындағы кездесуде «Газпром» мен QazaqGaz арасында ресейлік табиғи газды Өзбекстандағы тұтынушыларға тасымалдау туралы келісімге қол қойылды. Сондай-ақ газды жеткізу, өңдеу және тасымалдау саласындағы ынтымақтастық талқыланды. Екі елдің Энергетика министрлері 2033 жылдың соңына дейін көлемін 10 миллион тоннаға дейін ұлғайтумен ресейлік мұнайдың транзиті туралы үкіметаралық келісімдерді ұзартты. ПХЭФ аясында Ресей мен Өзбекстан ресейлік газды жеткізу туралы келісімге және Өзбекстанның газ тасымалдау жүйесін (ГТЖ) осы газды алуға дайындаудың жол картасына қол қойды. Екіжылдық келісімшарт еліміз арқылы транзитпен Өзбекстанға жылына шамамен 2,8 млрд текше метр Ресей газын жеткізуді қарастырады. Табиғи газ импортының көлемі тәулігіне 9 млн текше метрді құрамақ. Газ құны аймақтағы нарықтық бағаға, Өзбекстандағы ағымдағы бағаға, оларды нарықтық қағидаттар негізінде қалыптастыру бойынша жоспарлы реформаларға негізделмек.

Сөйтіп, коммерциялық тұрғыдан алғанда, газ мәмілесі барлық қатысу­шының мүддесін тоғыстырады. Өзбекстан елдегі өсіп келе жатқан сұранысты ескере отырып, ішкі нарық үшін газ тапшылығы мәселесін, сондай-ақ экспорттық қажеттілікті шешеді. Біз еліміздің солтүстік және шығыс аймақтарын газдандыруға, сондай-ақ газ тасымалдау жүйесін жаңғыртуға мүмкіндік алмақпыз. Сонымен қатар Қытайға экспорттық келісімшарттар, ішкі газдың нарыққа да, экспортқа да жетіспеушілігі қосымша жеткізілімді қажет етеді. Бұл ретте еліміз газ альянсы шеңберінде экономикалық өсуді, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуді көздейді. Жаһандық экономикадағы турбуленттілік жағдайында газдың жақын жерден үздіксіз жетуі Қытай үшін де ерекше маңызды. Ал Батысқа жеткізілімдері күрт төмендеген Ресей өз газын сатуды арттырып қана қоймай, газ жеткізудің арқасында Орталық Азияға ықпал ету құралдарының ауқымын да кеңейте түсері хақ.

Аймақ елдерінің газға барған са­йын өсіп келе жатқан қажеттілігі өз өндірісімен өтелмейді. Жақын келешекте Өзбекстан секілді біздің елдің де келісімшартқа қол қоюын күтуге болатынын ресейлік талдаушылардың іші сезеді. Республикамыздың ауқымды газдандыру бағдарламасы, солтүстік-шығыс өңірлерді газдандыру жоспары да түбі осы шешімге келіп саяды. Айта кету керек, ресейлік газ қандай бағамен сатылатыны, егер тараптардың бірі доллардан бас тартса, ол қалай есептелетіні жайлы сұрақ туындайды. Отандық сарапшы Рашид Жақсылықовтың ойынша, «Үштік газ одағында» Қазақстанның құқықтық позициясы айқын көрініс табуға тиіс. «Көмірсутегін тасымалдау барысында пайда болуы ықтимал тәуекелдерді ескере отырып, біз бұл жобада екінші рөлде қалып қоймай, өз дауыс құқығымызға ие болуымыз керек. Мұндай тәуекелдердің мысалы ‒ өткен жылы жазда құрылысына 20 акционер қатысқан Каспий құбыр консорциумының (КҚК) тоқтап қалуы, сол секілді Ресей газын Еуропаға өткізіп келген Украинадағы қазіргі жағдай», дейді ол.

Сондай-ақ жақын арада жаңа жобалар мен шикізат өндірісінің артуы күтілмейтіні, сондықтан көкжиекте көрінген тығырықтан шығу мүмкіндігін дұрыс пайдалану қажеттігі туралы да пікірлер айтылып келеді. Бұл жерде біздің аумақ оңтүстікке ресейлік отынды айдайтын транзиттік аумақ болуы мүмкін. «Бізде газ өндіруді ұлғайтуға мүмкіндік жоқ, баға өндірушілер үшін тиімсіз. Олар қазіргіден орта есеппен 3 есе жоғары болуы керек. Кез келген жаңа кен орнының өнеркәсіптік пайдалануға берілуіне кемінде 5-7 жыл кетеді. Ал бізде газ бұрыннан тапшы. Қазір оңтүстік көршілерімізден әкеліп жатырмыз. Бірақ жағдайдың қиындауына байланысты олар елімізге экспортты қысқартып, Қытайға немесе өздерінің газ-химиялық үдерістеріне бағыттамақ. Сондықтан газ тапшылығын өз бетімізше шешіп, ресейлік газдың транзитінен ақша табу мүмкіндігін қарастыруымыз керек», деп сендіреді сарапшы Олжас Байділдинов.

Сонымен қалай аталса да, үш елдің газ мәселесі жақын келешекте бір жағына шығып, шешілуге тиіс. Байыптап қарасақ, жоба жаһандық және геосая­си сипат беретіндей ауқымды емес. Аймақтағы елдердің бәрінде өндірісті ұлғайту проблемасы өткір тұрған қазіргі жағдайда бірыңғай инфрақұрылым елдерді ортақ іс-қимылға жұмылдырары анық. Өзара әрекеттестіктің бұл түрі түпкі мәнде әрбір қатысушының проб­лемасын шешуге арналуы керек.