Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібекке астана болған Созақ сол кезде қазіргідей маңқиып жатқан сары дала емес екен. Көне Жібек жолы бойында тігілген сәнді қалалары бар, кең жазиралы өлке болыпты деседі. “Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан” дегендей, Созақ, даласының сәні кеткенімен дәні кетпепті.
“Алпамыс батыр” жырында “Әзіреті Қаратау, Әулиенің кені еді” деп келетін қарт Қаратаудың етегінде отырған ел бүгінде Оңтүстіктегі ең әлеуеті мықты, эконо-микасы қарыштап дамып келе жатқан аудандар санатына жатады.
Созақ – облыс тұрғай респуб-ликада бюджет қаржысына көзін сүзбейтін, қайта мемлекет қазанына қыруар қаржы құйып, мерейін тасытып отырған аудандардың бірі. Негізінен дала жағдайы ауыл шаруашылығына ғана қолайлы болғанымен жеті қат жер астынан ақтарылып жатқан қазыналары бар Созақ – уран кеніштері арқылы әлемге әйгілі болып отыр. Кейде табиғи қазынаның үстінде отырып та тісінің суын сорып, тақиясының жыртығын жамап отыратын аудан-дар да болады. Ол әрине, аудан басшысының қарым-қабілетіне байланысты. Созақтың әкімі Созақбай Әбдіқұлов бірер жыл басқа жұмысқа ауысқанда осындағы кеніш басшыларының мойнына міндет алмай ауданға теріс қараған уақыттарын да көзіміз көрген. Қазір осы олқылықтардың орны қайта толтырылып жатыр. Канада, Франция бірлескен кәсіпорындары Созақ түлектерін шетелдегі жоғары оқу орындарында оқыту ісін жалғастырып келеді. Жазғы маусымда Созақтың озат оқушылары Францияға қыдырып баруды әдетке айналдырған.
Шетелдік компаниялар мектеп, аурухана секілді аса маңызды мекемелерге тұрақты көмек беріп келеді. “Катко”, “Инкай” сияқты кәсіпорындар уран кеніштерін игергені үшін мемлекет алдында алған жауапкершілігін орындап, түрлі салықтарды уақытында төлеп отыр. Осындай жағдайда күшке салып, ауданға көмек бер деудің қисыны жоқ. Бұл ортақ түсіністікпен орындалатын шаруа. Созақ әкімінің кәсіпорын басшыларымен тіл тауып, дипломатиялық қарым-қатынас орнатуы осы елге болсын дейтін барша азаматтарды қуантады.
Жақында Созаққа облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Оспа-новтың бастауымен “Қазатомпром” АҚ президенті В.Школьник келді. Школьник уран өндірісі орындары мен әлеуметтік нысандарды аралап жағдайымен танысты. Таукент поселкесінде жаңадан салынып жатқан аурухананың құрылысын көрді. Маңайды көріктендіру, абаттандыру жайларын айтқан “Қазатомпром” президенті “Таукент гүлдері” балабақшасында болды. “Таукент химиялық кәсіпорны” ЖШС-де кәсіпорын директоры Ж.Мәркенбаевтың есебін тыңдады.
Осы кәсіпорынның үлкен залында кеншілердің қатысуымен жиын өтті. Атқарылып жатқан жұмыстар, алдағы міндеттер, өзекті проблемалар сөз болған жиында Созақ ауданының әкімі С.Әбдіқұлов “Қазатомпром” президенті алдына жуық арада шешілуге тиісті үш міндетті қойды. Біріншісі, Созақ ауданында орналасқан кен орындарының басшылары Алматыда отырып алып, бұйрық беруді қойып, кеңселерін Таукентке көшіріп әкелгені жөн. Сонда жұмыс жүйелі жүреді. Екіншіден, жергі-лікті кәсіптік оқу орындарынан жастар кен орындарына кедергісіз алынуы керек. Кеніш осы жерде табыс тауып отырғандықтан алдыңғы кезекте жергілікті жас-тарды жұмыспен қамтуға міндетті. Үшіншіден, кен орындарында жұмыс жасап жатқан мекемелердің Созақ ауданына тіркеліп, салықты жергілікті бюджетке төлеу мәселесін қарастырмай болмайды.
“Қазатомпром” басшысы айтылған ұсыныстармен келісті. Алматы қаласындағы кеңседе отыратын, бірақ, нәпақасын Созақ уранынан айырып отырған мекеме қызметкерлерінің 2011 жылдың соңына дейін осында көшіп келетіндігін айтты. Тек, Таукентке ғана емес ауылдарға да орналасады. Ондай жағдайда мекеме басшыларының сол ауылдың әлеуметтік жағдайына сергек қарайтындығы сөзсіз. Жаңа нысандар бой көтереді.
Аудан көлемінде 8737 маман кен орындарында жұмыс жасайтын болса, оның 5980-і Созақ ауданының жастары. Пайызға шақсақ 68,4-і құрайды. Жергілікті жұмысшылардың кен орнында жұмыспен қамтылуы көңілдегідей емес. Мәселен, “Аппақ” ЖШС-де 35,2 пайыз, “Кеңдала KZ”-де 35,2 пайыз, “Инкай” БК-да 34,8 пайыз, “Русбурмашта” 24,2 пайыз ғана.
Қандай да табиғи байлықтың қанша жерден экологиялық қауіпсіздігі туралы күн-түн айтылғанымен қоршаған ортаға зияны тиетіндігі сөзсіз. Сондықтан, Созақ тұрғындары материалдық игілікті алдымен көруге тиісті екендігі заңды.
В.Школьник өздерінің салықтық операцияларын Алматыға көшірген мекемелердің тез арада жергілікті салық органдарына тіркелетіндігін қатаң қадағалайтынын ескертті. Сондай-ақ ол ауданда қолға алынатын әлеуметтік жобалар облыс әкімі А.Мырзахметовпен келісілген меморандум бойынша іске асырыла-тындығын айтты.
“Қазатомпром” ҰАК шетелдік компания емес. “Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды” дегенімізбен, кейде ұлттық компания басшыларының жергілікті адамдарға шекесінен қарайтын уақыттары болады. Жерінің кенін игеріп, шекесінен шеруен атып отырса мұндайда елдің кеткен есесінің орын толтыратын тегеурінді басшылар керек. Созақ сапарында осыған көз жеткізіп қайттық.
Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы.
АРҚАЛЫҚ БАЛЫҚҚА БАЙЫТАДЫ
Арқалықта балық шаруашылығын құру туралы бастама осыдан үш жыл бұрын көтерілген болатын. Оны басқа емес, осы аймаққа бір келгенінде облыс басшысының өзі айтқан еді. Қаланың айналасындағы кен орнынан қалған алып шұңқырларға су толтырылғаннан кейін балық өсіруге толық мүмкіндік бар екенін мамандар да дәлелдеді. Екі жыл бұрын облыс бюджетінен 10 миллион теңге қаржы бөлініп, жасанды көлшіктерде балық шаруашылығын құрудың жобасы жасалды, оған жіберілетін балық өсіріле бастады. Бір жыл болған аққайран балықтары жасанды көлге жіберілді. Мамандардың күткеніндей, әрқайсысы 30-45 грамм ғана тартатын 350 мың аққайран тұқымы жасанды көлді жерсініп қана қойған жоқ, аз мерзімде 700-850 грам тартатын балыққа айналды. “Арқалық азық-түлік компаниясы” мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорнының директоры В.Свинухов өсіп жатқан балықтарды облыс орталығынан келген тәуелсіз инспекторлар аулап көріп, мұндағы балық шаруашылығы болашағына күмән келтірмегенін айтады.
Арқалықтың батыс жағындағы жасанды көлге 95 мың дана аққайран тұқымы жіберілген болатын. Балыққа керегі тек су емес, көл жасанды болғандықтан оны биосфераның талаптарына жауап беретіндей, табиғи қалыпқа жақындату керек болатын. Сондықтан балықтың жемімен қатар, суға пішен, сабан, тағы басқа шөп түрлері лақтырылды. Міне, балық шаруашылығын жасаудың алғашқы сатысында осындай жұмыстар атқарылды. Енді осы жазда тағы 5 миллион теңге игерілуі қажет. Бұл қаржы негізінен балықтың азықтық базасын кеңейтуге жұмсалатын болады. Жобаның екінші сатысында балықты уылдырық шашатын қалыпқа жеткенше өсіру керек. Мұның өзі уақытты талап етеді, яғни тағы да екі жыл күте тұруға тура келеді. Екі жылдан кейін балық уылдырық шашып, өз тұқымынан көбейе бастағанда Арқалықта балық шаруашылығы бар деп толық айтуға болады. Ал облыс әкімі Сергей Кулагин бес жылдан кейін Арқалық қаласында балық өңдейтін зауыт салуға болатынын мәлімдеді.
–Балық шаруашылығын құру жобасы бойынша кейін мұнда күніне 700 кило балық өңделеді. Ол алғашқыда тұтынушыларға тоңазытқышта қатырылып ұсынылады. Содан кейін оны кептіруге, тұздауға, сонымен қатар балық ұнын, сұрып етін бөлектеуге болады,–дейді “Арқалық азық-түлік компаниясы” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры В.Свинухов.
Әрине, бардың есебі қашанда табылады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. АРҚАЛЫҚ.
ІЛЕСПЕ ГАЗ КӘДЕГЕ ЖАРАТЫЛМАҚ
Мұғалжар ауданы – мұнайлы өңір. Мұнда қара алтын өндірумен айналысатын компаниялар да баршылық. Олардың бәрінің “бас ауруы” мұнайға ілеспе газдың алауға жағылуы болып отырғаны да рас. Жақында ауаны ластап, рәсуа болып жатқан газды ел игілігіне айналдырудың тағы бір сәтті қадамы жасалды. Осы өңірдегі Әлібекмола кен орнында мұнай өндірумен айналысатын “ҚазақОйлАқтөбе” ЖШС алауға жағылып жатқан газды жоюдың мемлекеттік бағдарламасы аясында бекітілген және облыстың аймақтық индустрияландыру картасына енгізілген газ өңдеу кешенді қондырғысы –зауыты құрылысының іргетасын қалау салтанаты болды.
Жиында облыс басшысы Елеусін Наурызбайұлы сөз алып, бұл кәсіпорынның іске қосылуы өңір экономикасының дамуына серпін беріп қана қоймайтынын, экологиялық ахуалды жақсартуға ықпал етіп, алауға жағылатын газды бұқтыруға мүмкіндік беретінін жеткізді. Әлібекмола кен орынында сағатына 50 мың текше метр газ өңдейтін және Қожасай кен орынындағы газ дайындау қондырғыларынан тұратын газ зауытының жобалық құны 278 млн. АҚШ долларын құрайды. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 400 млн. текше метр ілеспе газды өңдеуге, 320 млн. текше метр тауарлы құрғақ, 57 мың тонна сығымдалған газ өндіруге мүмкіндік береді. Мұнда шетелдік озық технологиялар орнатылатын болады. Бұл технологиялар экологиялық қауіпсіздіктің әлемдік стандарттарына сәйкес келеді. Зауытта өңделіп, өндірілген газ ішкі және сыртқы рыноктарға шығарылады.
Кәсіпорын құрылысы 2011 жылдың алғашқы жартысында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Нысанның бас мердігері “КазСтройСервис” НГСК” акционерлік қоғамы болып табылады. Құрылыс объектілерінде 500 адам жұмыс істесе, зауыт толық қуатына көшкенде 142 адам еңбек ететін болады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.