Шараға 9500 түлек қатысты. Соның ішінде 286 түлек алтын белгіге, 607 түлек үздік аттестатқа бітіріп жатыр.
«Жалпы мектеп түлектеріне арналған бұндай ауқымды шара тұңғыш рет өткізіліп жатыр. Бұл ең біріншіден елорданың туған күніне арналады. Шараға арнайы спикерлер шақырылды. Әрі танымал әншілердің қатысуымен түлектерге арналған концерттік бағдарлама жоспарланды. Ал биылғы оқу жылына келетін болсақ, жыл табысты аяқталды. Өткен жылға қарағанда оқу сапасы жоғары. Мәселен, биыл бітіріп жатқан 80 түлек халықаралық деңгейдегі олимпиаданың жеңімпазы атанды. Алтын белгіге үміткерлер білімін абыроймен дәлелдеп шықты», деді Білім басқармасы басшысы Қасымхан Сенгазиев.
Іс-шараға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, түлектерді арнайы құттықтады.
«Құрметті жастар, бүгін сіздер үшін өте ерекше күн. Себебі сіздер үлкен өмірге қадам басып жатырсыздар. Бұл көңіл толқытатын, болашаққа зор үмітпен қарайтын маңызды сәт. Сіздер ұстаздарыңыз бен ата-аналарыңыздың үмітін ақтап, биік белестерді бағындырасыздар деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.
Сонымен қатар барша түлек атынан Серік Бексұлтан пен Әдемі Әміреева құттықтау сөз сөйлеп, алғыстарын білдірді.
Мектеп түлектерін арнайы құттықтауға келген Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек түлектерге сәт-сапар тіледі.
«Өмірлеріңізді ең тамаша, ең маңызды кезең - мектеп бітірулеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Бүгін мектеп бітірсеңіздер, ертең елдің болашағын құрасыздар. Біз сіздерді мақтанышпен «елорда түлектері» деп айта аламыз», деді ол.
Шара барысындағы ерекше жайт, мектеп түлектері 2050 жылғы түлектерге арнап аманат қалдырды. Түлектер жазған жолдау оқушылар сарайына табысталып, 25 жылдан кейін ғана ашылады. Бұны түлектер «тарихи эстафета» деп атады.
«Елорда мақтанышы» форум-концертіне Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те қатысты.
Министр еліміздің ғылыми бағыты жайлы сөз қозғап, жоғары білім саласындағы жаңалықтарды бөлісіп, ірі серіктестіктер туралы айтып берді.
«Мемлекет басшысы Германия Президентімен кездескен кезде Қазақстанды үлкен ғылыми зерттеу орталыққа айналдырғысы келетін арманы бар екенін айтты. Сіздердің орталарыңызда мықты мамандар, ғалымдар отырғанына сенімдімін», деді Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрі түлектерді құттықтап, өз кеңесін берді.
«Сіздерге айтар кеңесім, бірінші - армандарыңыз биік болсын. Адамның арманы биік болмаса, күнделікті өмірде жоғалып кетеді. Екінші - ағылшын тілін үйреніңіздер. Өйткені барлық ақпарат ағылшын тілінде», деді министр.
Мектеп түлектері осындай ауқымды шара ұйымдастырылғаны үшін алғыстарын білдірді. Абай Құнанбайұлы атындағы 87 мектеп гимназиясының түлегі, «Алтын белгі» иегері Алмас Айтжанов бүгінгі шара туралы толқыныспен айтып берді.
«Бүгін менің туған күнім. Туған күніммен қатар келіп жатқан осы үлкен тойдың, мерекенің маңызы ерекше. Өте ерекше кеш болды. Лауазымды тұлғалар құттықтады. Әйгілі жұлдыздар қонақта болды. Спикерлер келіп, мотивациялық сөздерін арнады. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Үлкен өмірге қадам бастық. Жауапкершілік көп. Мен өзім кәсіпкерлік бағытын таңдап отырмын. Шетелде білім алып, еліме пайдамды тигізгім келеді», деді ол.