Иә, жуырда Түркістанда өткен «Алтын сақа» халықаралық анимациялық фильмдер фестивалінде түркітілдес мемлекеттердің балаларға арналған бағдарламалар жасайтын режиссерлері бас қосқан. Қазақ ұлттық анимациясын халықаралық деңгейге көтеру, қазақ фольклорының кейіпкерлерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған фестивальге отандық режиссерлермен қатар, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстанның аниматорлары қатысты. Ұйымдастыру алқасы мен Қазақстан аниматорлар одағы мамандарынан құралған Сараптама кеңесі аталған іс-шарада бақ сынауға ынта білдірген 70-ке жуық фильмнің ішінен 30-ын іріктеп алып, оларға фестивальге қатысуға жолдама берген-ді.
Халықаралық дәрежедегі анимация саласының мамандарынан құралған, Қазақстан аниматорлар одағының басшысы, режиссер Батырхан Дәуренбеков төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен «Айбынды аула» анимациялық фильмімен режиссер Азамат Ерназаров Гран приді жеңіп алды. Ал жүлделі І орынды «Бақашабақ» анимациялық фильмімен режиссер Қуаныш Нағыз бен «Капитан Пенгу» анимациялық фильмімен түрік режиссері Али Қаражам иеленді. Жүлделі ІІ орын «Кенже Батыр» анимациялық фильмімен Өзбекстан елінен режиссер Жавлон Турдиходжаев пен «Қажымұқан» анимациялық фильмімен режиссер Аманғали Ерманға, жүлделі ІІІ орын «Тарихқа оралу» анимациялық фильмімен Әзербайжан елінен режиссер Жейхун Турксой мен «Марғау мен Мақта қыз» анимациялық фильмімен режиссер Арнұр Тұрлықожаға бұйырды. Бұдан бөлек қатысушылар «Үздік режиссер», «Үздік қоюшы суретші», «Үздік сценарий» аталымдары бойынша марапатталды. Сонымен қатар барлық қатысушыға «САҚ» киностудиясының директоры, фестиваль ұйымдастырушысы Нұриддин Паттеев Алғыс хат табыс етті.
Облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткен фестивальдің қонақтары қызыл кілем үстімен жүріп өтті. Сондай-ақ жеңімпаздардың құрметіне әннен шашу шашылып, жалпы іс-шараның өту барысынан күнделік бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды.
ТҮРКІСТАН