Аймақтар • 22 Маусым, 2023

«Айбынды аула» – бас жүлде иегері

340 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Балаларды патриоттыққа баулитын, татулыққа, бірлікке үндейтін «Айбынды аула» анимациялық фильмінде ауладағы оқиғалар баяндалады. Қызықты оқиғалар арқы­лы көрерменді баурап алатын фильм режиссері Азамат Ерназа­ровтың креативті идеясы жоғары бағаланып отыр. Ен­ді аталған анимациялық фильмді «Оңтүстік фильм» ке­ңінен насихаттап, аудан, ауылдарда көпшілікке ұсынылмақ.

«Айбынды аула» – бас жүлде иегері

Иә, жуырда Түркістанда өткен «Алтын сақа» халық­аралық анимациялық фильм­дер фестивалінде түркітілдес мемлекеттердің балаларға ар­налған бағдарламалар жасайтын режиссерлері бас қосқан. Қазақ ұлттық анимациясын халықаралық деңгейге көтеру, қазақ фольклорының кейіпкерлерін насихаттау мақ­сатында ұйымдастырылған фестивальге отандық режиссерлермен қатар, Түркия, Әзер­­байжан, Өзбекстан, Түрік­менстан, Қырғызстан, Татар­стан, Башқұртстанның аниматорлары қатысты. Ұйым­дастыру алқасы мен Қа­зақ­стан аниматорлар ода­ғы мамандарынан құралған Са­раптама кеңесі аталған іс-шарада бақ сынауға ынта білдірген 70-ке жуық фильмнің ішінен 30-ын іріктеп алып, оларға фестивальге қатысуға жолдама берген-ді.

Халықаралық дәрежедегі анимация саласының мамандарынан құралған, Қазақстан аниматорлар одағының басшысы, режиссер Батырхан Дәуренбеков төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен «Айбынды аула» анимациялық фильмімен режис­сер Азамат Ерназаров Гран приді жеңіп алды. Ал жүлделі І орынды «Бақашабақ» анимациялық фильмімен режиссер Қуаныш Нағыз бен «Капитан Пенгу» анима­циялық фильмімен түрік ре­жиссері Али Қара­жам ие­ленді. Жүлделі ІІ орын «Кенже Батыр» ани­мация­лық фильмімен Өзбек­стан елінен режиссер Жав­лон Турдиходжаев пен «Қа­жымұқан» анимациялық фильмімен режиссер Аманғали Ер­манға, жүлделі ІІІ орын «Тарихқа оралу» анимациялық фильмі­мен Әзербайжан елі­нен режиссер Жейхун Турксой мен «Марғау мен Мақ­та қыз» анимациялық фильмімен режиссер Арнұр Тұрлықожаға бұйырды. Бұдан бөлек қатысушылар «Үздік режиссер», «Үздік қоюшы су­ретші», «Үздік сценарий» аталымдары бойынша марапатталды. Сонымен қатар барлық қатысушыға «САҚ» киностудиясының директоры, фестиваль ұйымдастырушысы Нұриддин Паттеев Алғыс хат табыс етті.

Облыс әкімдігінің қол­дауымен, облыстық мәде­ниет және туризм басқар­ма­сының ұйымдастыруымен өткен фестивальдің қонақ­тары қызыл кілем үстімен жүріп өтті. Сондай-ақ жеңімпаз­дар­дың құрметіне әннен шашу шашылып, жалпы іс-шараның өту барысынан күнделік бейне­­фильм көпшілік назары­на ұсынылды.

 

ТҮРКІСТАН