Суретті түсірген Ж.Мұсабеков
«Бүгін ата-ана үшін бауыр еті – баланың үлкен өмірге қанат қаққан, ұстаз үшін шәкірттерінің биіктен көрінген қуанышты күні. Білімді де дарынды жастарымыз құрылғанына бір жыл толған өңіріміздің келешекте гүлдеп, көркеюіне орасан зор үлес қосарына сеніміміз мол. Еліміз үшін дарынды жастар – басты құндылық. Халқымызды жарқын болашаққа жетелейтін де, жеткізетін де өздеріңіз. Облыс жұртшылығының 84 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Яғни сіздер ауыл мектептерінде оқып жүріп те терең білім, тәлімді тәрбие алудың айқын үлгісін көрсетіп отырсыздар. Алдағы уақытта еліміздің, шетелдің жоғары оқу орындарына түсіп, қалаған мамандықтарыңызды меңгерген соң осы отырған әрбіріңіздің туған жерге ту тігіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, өңірдің өркендеуіне атсалысады деген ойдамын. Сіздер мамандық иесі болып оралғанша облысымызда көптеген жарқын жобалар жүзеге асып, іргесі қаланады. Сол кезде ғалымдар, экономистер, қаржыгерлер, саясаткерлер, инженерлер, мұғалімдер мен дәрігерлер қажет болады. Үкіметтің қолдауымен Қонаев қаласынан академиялық қалашық салу жоспарланып отыр. Жастарды қолдауда, олардың тұрмыстық ахуалын жақсартуда заманауи тұрғын үйлер бой көтеріп, қаламыздың іргесі кеңейеді. Жаңа жұмыс орындары көбейеді. Сондықтан Алатаудай асқақ армандарыңыз орындалып, дүниеге бір кірпіш болып қалануларыңызға тілектеспін», деген облыс әкімі салтанатты шара барысында мектепті «Алтын белгіге» аяқтаған түлектердің ата-аналарына ризашылығын білдіріп, Алғыс хаттар табыс етті.
Әсем әнмен көмкерілген салтанатты шара соңында түлектерге Қонаев қаласының бас жоспарының макеті таныстырылды.
Осы тұста айтар болсақ, облыс әкімінің қолдауымен өңірде білім саласында көптеген игі іс пен жоба жүзеге асырылып жатыр. Мысалға айтар болсақ, білім сапасын арттырып, білімді жастар әлеуетін көтеруді мақсат еткен өңір басшысы қайтарымды инвестиция ретінде салаға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтқан. Білім сапасын көтеру мақсатында «50 мектеп» жобасын қаржыландырып, «Білім-инновация» лицейлерінің тәжірибесін облыстың 50 мектебіне ендіруді бастаған. Осы жоба аясында дарынды 50 оқушы 35 күн Астана қаласында тегін олимпиадалық дайындық курстарынан өтеді.
Сонымен қатар өткен жылы ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинап, бірақ мемлекеттік грантқа іліне алмаған, ақылы оқуға мүмкіндігі жоқ, облыстағы аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына әкімдік тарапынан қажетті мамандықтарға 100 грант бөлініп, жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Биыл жергілікті бюджет есебінен педагогикалық, медициналық, ауылшаруашылық мамандықтарына 100 грант бөлінген.
«Біз әрқашан жастарға қолдау көрсетуге дайынбыз», деген облыс әкімі Балқаш ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында балаларын оқыта алмай отырғанын айтқан 2 ананың өтінішін бірден қарастырып, аталған балаларға грант тағайындалып, өңір бюджетінен қаржы бөлінгендігін атау артық етпес. Негізінен облыс әкімдігінің гранттары тек бакалавриатқа ғана бөлініп келсе, былтырдан бастап интернатураға да бөлуді қарастыра бастаған. Нәтижесінде, Талғар мен Қонаев қалаларынан медициналық мамандықтың бакалавриат деңгейін үздік бітірген 2 түлекке интернатурада білім алуға әкімдік грант бөліп, қолдау білдірді.
Алматы облысы