Пікір • 22 Маусым, 2023

Ұлттық спорт – идеологиялық құрал

401 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістанда Президенттің төрағалығымен өткен Ұлттық құрылтай қоғамдағы диалогтің жылдан-жылға нығайып келе жатқанын көрсетті.

Ұлттық спорт –  идеологиялық құрал

Алқалы жиында Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды құру үшін қай бағытта қандай қадамдар жасауымыз қажеттігіне тоқталды. Әсіресе «Адал азамат» ұғымы маған ерекше әсер етті. Расында, елімізде заң, тәртіп, сенім және жауапкершілік үстемдік құрған жаңа қоғамдық этика қалыптасса, әрбір қазақстандық отан­шылдық, адамгершілік, білімпаздық, еңбек­­қорлық, жанашырлық сияқты ізгі қаисеттерді бойына жинақтаған адал азамат болуға ұмтылса, сапалы ұлт, қуатты ел боларымыз сөзсіз. Мемлекет басшысының бұл ойы Әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындары» тұжырымдамасымен ұштасып жатыр.

Сондай-ақ қолданыстағы ордендерді халыққа құрметті тұлғалардың есімімен алмастыру туралы ұсыныс та өте маңызды деп есептеймін. Бұл жас ұрпаққа елге қызмет еткен оғландарымызды насихаттау үшін қажет. Президент өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ерекше тоқталды. «Балалар кітапханасы» атты жаңа жобаны қолға алу, тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана ашу туралы идея – ғажап идея. Өйткені кітап оқыған бала жамандыққа бармайды, адал азаматқа тән қасиеттерді бойына жинақтайды. Жаңа Қазақстанның жаңа шежіресін жазу, киноиндустрияны экономиканың жеке тармағы ретінде қарастыру, ауылдарды көтеру қажеттігін де жан-жақты талдап, түсіндірді.

Президент айтқан тағы бір мәселе – дәстүрлі құндылықтарымызды қазіргі мәдени үрдістермен үйлестіру. Бұл ретте, Ұлттық спорттың идеологияның мықты құралы екенін айтқым келеді. Өйткені ата-бабамыздан мұра болып қалған Ұлттық спорт жастардың басын біріктіреді, олардың жанын да, тәнін де шынықтырады, патриотизмге, ұлтжандылыққа тәрбиелейді. Мемлекет басшысы келесі жылы өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын жоғары деңгейде өткізу туралы тапсырма берді. Көшпенділер ойыны жылдан-жылға қарқын алып келеді. Біздің елде өтетін бұл байрақты додаға әлемнің 100-ден астам елінен 5 мыңға жуық спортшы, 15 мыңнан аса турист келеді деп жоспарлап отырмыз.

 

Исламбек САЛЖАНОВ,

Ұлттық спорт қауымдастығының президенті