Алматы • 23 Маусым, 2023

Алматы дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты

292 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елдегі ең үлкен мегаполисте 2040 жылға қарай халық саны 3 млн адамға жетеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында қала әкімі Ерболат Досаев хабарлады.

Алматы дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты

Экономикалық даму драйверлері

Алматы қаласының экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді. Мерзімді экономикалық индикатор 122,2%-ға жуық­тады. «Мегаполисте экономи­ка өсімінің драйверлері сауда (+27,2%), өңдеу өнеркәсібі (+24,4%), көлік және қоймалау (+16,7%) болды. Негізгі капиталға 484 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл ретте, жеке инвестициялар 2,7%-ға, іскерлік белсенділік индексі 58,7 тармаққа дейін өсті. Еңбек нарығындағы жағдай тұрақты. Жыл басынан бері 29,4 мың жұмыс орны құрылды, оның 60%-ы тұрақты», деді Е.Досаев.

Өткен жылдың қыркүйегінде Алматы мәслихаты қаланы да­мытудың 2025 жылға дейінгі бағ­дарламасын және 2030 жыл­­ға дейінгі орта мерзімді перс­пек­тивасын бекітті. Бұл жоспар­ды Үкімет те мақұлдаған. Сон­дық­тан Мемлекет басшы­сы­ның қаланы одан әрі дамыту жөнін­дегі тапсырмасын ескеріп, даму бағдарламасының жол картасы жасалды. Қазір Алматыда 9 жол картасын іске асыру қолға алын­ған. Барлығы 476 жобаның 275-і іске асып жатыр. Бұл жобалар жайлы қалалық орта құ­ру­ға және алматылықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағыт­талған.

 

280 әлеуметтік нысан бой көтереді

«Мегаполистің бас жоспа­рын­да 2040 жылға қарай халық санының 3 млн адамға дейін жетуі болжанып отыр. Қала эко­номикасының орташа жыл­дық 5%-ға өсуін ескеріп, 5 поли­орталықтың құрылымын біркелкі қалыптастыру көзделген. Білім беру және денсаулық сақтау нысандарына қадамдық қолже­тімділік жасалады. 200 жаңа мектеп және 80-нен астам меди­ци­налық мекеме салынды. Сон­дай-ақ бүгінде қоғамдық көлік­тің үлесі 60%-ға дейін артты. 210 шақырым жаңа жол мен 3,6 мың шақырым инженерлік желі, 2 750 га жаңа саябақ пен сквер салынады», деді қала әкімі.

 

Шағын және орта бизнес

Экономиканы әртараптан­дыру мақсатында ШОБ-ты қол­дау және Алматы индустрия­лық аймағын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Биыл жыл басынан бері 783 жо­ба қолдау тапты. Оның 3 мыңы басым бағыттар бойынша жос­парланған. Факторингтік келі­сімдерді қаржыландыру үшін «Даму» қорымен бірлесіп қосым­ша 3 млрд теңге бөлінді. Шағын және орта бизнесті несиелеу 59,6%-ға өсті. Ал белсенді бизнес субъектілерінің саны 38,6%-ға артты», деді ол.

Алматы индустриалды айма­ғында 9,7 мың жұмыс орны құрылып, 343,7 млрд теңгенің 19 жобасы іске асырылуда. Биыл 14 жоба пайдалануға беріледі. Жыл қорытындысы бойынша басым салалардың қала экономикасына қосқан үлесі 23,4%-ға дейін артады деген үміт бар.

 

Тау туризмі дамиды

Биыл шетелдік туристер саны 450 мың, ішкі туристер саны 1,5 млн адамға өседі деген болжам бар. «Кіші және Үлкен Алматы шатқалдарында 3 кемпинг-аймақ және ұзындығы 150 шақырым болатын 10 тау маршруты ашылады. Бұл бағыттар цифрландырылады», деді әкім.

Туристік инфрақұрылымды дамыту үшін Алматыда 16 глэмпингке арналған эко-қонақүй және 112 бөлмелі қонақүй ашылды. Жыл соңына дейін 27 мың төсек-орын турис­тер үшін дайын болады. Алма­тының туристік әлеуетін іске асыру үшін Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп қа­ла агломерациясы аясында Түр­геннен Қаскелеңге дейінгі тау кластерін дамыту тұжырымдамасын әзірлеу жыл соңына дейін аяқталады.

 

Жолдар жаңа технологиямен салынады

Алматыда көлік желісін қа­лып­тастыру туралы жұмыстар ­да назардан тыс қалмады. Үлкен Алматы айналма автожолына шыға­т­ын 6 радиалды жол салу жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр. «Қазір Мөң­ке би көшесінде көлік жүріп жатыр, Сайын және Рысқұлов даңғы­лы­ның қиылысында ұзарту жұ­мыстары қолға алынған, Абай даң­ғы­лы, Солтүстік айналма және Тілен­диев көшелеріне жобалау-смета­лық құжаттама әзірленуде. «ҮАААЖ салынғаннан кейін тран­­зиттік көлік қалаға кірмейді. Бұл мегаполистегі кептелісті орта есеппен 20%-ға азайтады», деді әкім.

Е.Досаев биыл қаланың 6 ша­ғын ауда­нында 25 шақырым жаңа жол салуды және 200 ша­қырым орта­ша жөндеу, оның ішінде полимер­лік қоспаларды пайдаланып 44 шақырым магистральдық кө­ше­лерге жөн­деу жұмыстарын жүргізуді жос­парлағанын да айтты. «Бұл жұмыс аясында механикалық және температуралық жағдайға төтеп беретін «қалқымалы» корпусы бар жаңа технология бойынша 8 мың люк орнатылады. Әрі жаңа технологияларды қолданып, жол инфрақұрылымын жаңғырту орташа жөндеу жүргізу мерзімін 5 жыл­дан 10 жылға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», деді ол.

 

Мегаполисті экологияландыру – басты назарда

Қоғамдық көлікті экология­ландыру үшін газбен жүретін 600 жаңа автобус және коммуналдық парк үшін 100 троллейбус, сондай-ақ 100 мектеп автобусы Алматы қаласы үшін сатып алынуда.

Жақсы жаңалықтың тағы бірі, жыл басынан бері 5 жаңа автобус бағыты ашылды. Алматы облысындағы 200 мың тұрғыны бар 89 елді мекенді қамтыған 10 қала маңындағы маршрутты ашу жоспарға енген. Әкім жолаушылардың көбеюіне байланысты және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында Алматыда жүрдек қоғамдық көлікті дамыту бо­йынша жұмыстар жүргізіліп жат­қанын айтты.

 

Ауыз су желісіндегі жүйелі жұмыс

Әкім 2025 жылы 252 мың­нан астам қала тұрғыны, ал биыл соның 50 мыңы орталық­тан­дырылған сумен жабдықтауға қол жеткізетінін алға тартты. Бұл үшін мегаполис әкімдігі жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Біріншіден, су ресурсы көп Алма­тыда халықтың шамамен 1%-ы сумен қамтылмаған. 

Әкім ағымдағы жөндеуді және одан әрі дамытуды талап ететін инженерлік инфрақұ­ры­­лым туралы да айтты. «2023 жылы «Алмагүл» және «Тұзды­бастау» мекендерінде 2 электр қосалқы стансасы пайдалануға беріледі. 400 мыңға жуық тұрғын тұрақты электрмен жабдықталады. 300 мың тұтынушыны жылумен қамтамасыз ету мақсатында биыл 2 қазандықты қайта жаңарту аяқталатыны да атап өтілді.

 

Бес жаңа саябақ ашылады

Биыл Көкмайса шағын ауда­ны Есентай өзені бойында, Кемел шағын ауданы, Өжет шағын ауданы және Боралдай өзені жағалауында саябақтар ашылады. Қосымша 5 саябақты қай­та жаңарту және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстың маңызды бағыты – Алматының «бақ қала» атағын сақтау.

Жасыл желектерді күтіп ұс­тау және қорғау бойынша жаңа ережелер қабылданды. Енді кез келген өсімдікті егуде суару жүйесімен қамтамасыз ету ескеріледі. Тамырланып кетуі үшін биіктігі кемінде 2 метр қыл­қан жапырақты және кем дегенде 2,5 метр жапырақты кө­шеттер міндетті түрде шыммен отырғызылады. Бұл жаңа көшеттердің шығынын 30%-дан 10%-ға дейін төмендетеді.

«Жасыл қорды жаңарту және сауықтыру үшін биыл көктемде 20 мың көшет отырғызылды. Негізгі екпелер күзде егілген, өйткені жылдың осы мезгілі көшеттердің тамырланып кетуіне қолайлы. Биыл барлығы 320 мың ағаш отырғызылады. 2,6 млн ағашқа 4 рет биологиялық өңдеу жүргізіледі», деді Е.Досаев.

Алматыда 376 шақырым арық желілерін қайта жаңарту және салу қолға алынған. Былтыр үне­мі су басатын 102 аумақ анық­талды, оның ішінде 56 учас­ке жойылды. Биыл жыл соңына дейін әкімдік қалған 46 аумақ­та­ғы жұмысты аяқтайды.

 

Адами капиталдың сапасы артады

Шаһарда 37 мың оқушыға арналған 22 мектеп салынады. «Адами капиталды сапалы дамыту мақсатында 3 басым бағыт анықталды: білім берудің қолжетімділігін нықтау, қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету және педагогтер­дің біліктілігін арттыру», деді қала басшысы.

Мәселен, ұлттық жоба аясында 37,1 мың оқушыға арналған 22 мектеп салынады. Сондай-ақ 3 720 орынды 8 білім беру нысанын іске қосу жоспарланып отыр. Кешенді қауіпсіздік жүйесін енгізу аясында 206 мемлекеттік мектеп пен 8 интернатта турникеттер, ал қарашаға дейін бейнекамералар орнатылады. Биыл Алматыда алғаш рет балабақшалардың, мектептер мен колледждердің 6 605 ұстазының, сондай-ақ инклюзивті білім беруді іске асыратын мектеп педагогтерінің біліктілігін арттыру бағдарламаларын іске асыру басталды.

Қала әкімі спорт секцияларына баруды ата-аналардың ЭЦҚ пен QR-код арқылы растайтынын, соның арқасында бұл бағытта жақсы жұмыстар атқарылатынын айтты.

 

5 мың жас жұмысқа орналасты

Жастардың дамуын қолдау мақсатында Алматыда қалалық мансап орталығы ашылып, өзекті кәсіптер бойынша 4 қысқа­мерзімді курс іске қосылған. Жыл басынан бері 3,8 мың жас керекті мамандықтарға қайта оқып, 4,9 мың жас жұмысқа орна­ласқан.

Қазір қаланың барлық аудан­дарындағы жастар комунити-орталықтарын сатып алуға ар­налған 8 орын айқындалып, тұжырымдамалар дайындалды, қаржыландыру мәселелері шешілген. Жастардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін жобалық офис құрылды. Бес мың орындық 27 жаңа жатақхана салуға 99 жеке инвестор тартылды. 

 

Мыңнан астам нысанға сейсмикалық аудит жүргізеді

Алматы нысандарының сейс­микалық қауіпсіздігі мәселесі қала әкімі Ерболат Досаевтың ерекше бақылауында. 1983 жыл­ғы сейсмикалық аудандастыру Картасы бойынша Алматыда 5 тектоникалық ақау бар. 2020 жылғы сейсмикалық ай­қын­­дау­дың жаңа Картасына сәйкес мегаполисте 1 116 нысан орналасқан жерді 27 ақау кесіп өтеді. Оның 754-і – сейсмикалық төзімді ғимарат. Ал 362-і сейс­микалық емес.

«Мемлекет басшысы қала нысандарына сейсмоаудит жүргізуді қолдады. Ол «ҚазҚСҒЗИ»АҚ-мен бірлесіп өткізілетін болады. Бұл жұмыспен 9 145 МЖК, 15 477 қоғамдық нысанды, оның ішінде 1 383 әлеуметтік нысанды қамту жоспарланып отыр», деді қала басшысы.

Ерболат Досаев журналистер­дің Алматы қаласына қатысты қойған елу шақты сұрағына жауап берді.