Экономика • 25 Маусым, 2023

Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыру шаралары талқыланды

148 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында Премьер-министрдің орынбасары-Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша республикалық кеңес өтті. Талқылауға мүдделі орталық, облыстық мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты. Кеңес вице-премьердің өңірге жұмыс сапары аясында өтті, деп хабарлайды Egemen.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыру шаралары талқыланды

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков форвардтық сатып алудың жаңа тетіктері туралы  баяндады. Атап айтқанда, форвардтық шарттар жасау мүмкіндігі үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің тізімін кеңейту туралы сөз болды. Тізім қарақұмық жармасы, күріш, күнбағыс майы, ұн және қантпен толықтырылды.

Вице-министр күріш, қарақұмық жармасы және күнбағыс майы бойынша күзгі егін шикізатын сатып алу үшін өңдеу кәсіпорындарын форвардтық қаржыландыруды жүзеге асыру ұсынылатынын түсіндірді. 

«Бұл бағдарламаға сауда желілерінің орнына көбірек өндірушілерді тарту және делдалдарды алып тастау үшін үлгілік қағидаларда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарын қаржыландырудың 70% бағыты бойынша талаптар белгіленген.

Осылайша, ағымдағы мемлекеттік қолдау шараларымен қатар форвардтық сатып алу тетігі фермерлерге  болашақта жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізуге және өз өнімдерін кепілдікпен сатуға мүмкіндік береді», деп атап өтті Ербол Тасжүреков.

Осы мақсатқа ӘКК қаражаты бағытталуы мүмкін.


«Жалпы, АӨК-ті мемлекеттік қолдау көлемі жыл сайын артып келеді. Биыл саланы субсидиялауға 400 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Сонымен қатар мемлекет бірқатар тауар топтарын өндіруге кететін шығындарды арзандатады», деп толықтырды вице-министр.