Жәдігер • 26 Маусым, 2023

Әз Жәнібектің дулығасы

694 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Татарстан Республикасының Ғылым академиясы жанынан 2017 жылдың мамыр айынан бастап «Археология Евразийских степей» атты халықаралық рецензияланған ғылыми журнал шығып келеді. Осы басылымның 2017 жылғы 5-санында грузин ғалымы И.З.Бакрадзенің «Шлем вавельского типа в историческом музее г.Цагери» атты мақаласы жарық көріпті.

Әз Жәнібектің дулығасы

Танымал зерттеуші Иракли Зурабович жоғарыдағы мақала­сында өзі сөз етіп отырған Вавель дуылғасының аналогы ретінде 1870 жылы Нью-Йорк қаласында іргесі қа­ланған Метрополитен көр­кем­өнер музейінің қорында тұр­ған Ұлық Ұлыс билеушісі Жә­нібектің дуылғасы туралы атап өтіп: «Вавель дуылғасына сәй­кес келетін басты жәдігер Метро­политен музейінде сақ­таулы тұр. Бұл бұйымды зерт­теу­лер ондағы жазуға байла­нысты бірауыздан Алтын Орда билеушілеріне тән деген пайымға тоқтап, билеуші Жәнібекке (1342-1357) тиесілі деп жүр. Ерекшелігі дуылғаның қасы жұқа, пошымы ұқсас, әсі­ресе қос жәдігердің көз ұя­сындағы ойық басқа дуыл­ғаларда кездеспейді», деп жазады («Археология Евразийских степей» журналы. №5, 2017 ж).

Сол сияқты, аталған ақ­парат жуықта «Nomads of the Great steppe» («Ұлы дала көш­пенділері») атты әлеуметтік желіде де жарияланды. Осын­дағы мәліметке жүгінсек, бұл жәдігер алғаш рет ХХ ға­сырдың соңында Тибеттен та­былып, кейін жеке коллекционер арқылы 2007 жылы АҚШ-қа жетіпті. Кейін аталған музейге сыйға берілген дейді.

Расын айтсақ, Метро­поли­тендегі дуылғаның иесі жайлы бұған дейін көптеген болжам һәм пікірлер айтылыпты. Зерттеушілердің дені бұл затты Алтын Орданың атақты ханы Жәнібекке тиесілі десе, бәз біреулер бұл жәдігер 1476 жылы шайқаста қаза тапқан Мах­мұд Сұлтанға тиесілі болуы мүмкін деген де болжам ай­туда.

Бірақ соңғы жылдары бірінші нұсқа тарихшы­лар тарапынан расталуда. Ай­талық, Новосібір мемле­кет­тік университетінің архео­ло­гия және этнология кафе­дра­сының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Леонид Бобров Қазақ хан­дығының 550 жылдық датасына орай Көкшетау қала­сында өткен конференция­да, АҚШ және Еуропа ғалым­дарының пайымына жүгіне отырып, Метрополитен му­зейін­де тұр­ған дуылға Ал­тын Орда ханы Жәнібектікі деген тұжырымын айтты. «Метрополитен музейін­дегі Алтын Орда билеушісінің дуылғасы болаттан соғылған, биіктігі 20-23, диаметрі 22 см, үстіңгі жағында үшкір жиек­тері бар. Ал төменгі бө­лігінде дуылға кімге тиесілі екенін дә­лелдейтін басты дерек – жә­дігердің конустық жиегін бойлай араб әрпімен бәдізделіп, кү­міспен көмкерілген жазу бар. Бұл жазу жиекті шеңбер бойымен үш рет қайталанады. Аудар­масы: «Құрметті, Аса Жо­март, Ұлы Ғази (дін үшін күресуші) сұлтан Махмұд Жә­нібек ханның бұйрығымен орындалады» делінген. Бұл жа­зудан тапсырыс беруші XIV ға­сырдағы Алтын Орда ханы Жәнібек екені анық көрінеді. Бұл ретте есімінің алдында мұ­сылмандық «сұлтан» (билік иесі) атағы мен «Махмұт» (ма­дақтау, мақтауға лайық) есімі берілген. Алтын Орда хан­дары жеке есіммен қатар мұсыл­ман­дық лауазымдарды да алып жүр­ген», деп жазады Л.Бобров.

Ал дуылғаның материалдық сипатын зерттеген қарутанушы ғалымдардың айтуынша, жә­дігерді кавказдық немесе иран­дық шеберлер жасаған, дейді.

Келесі кезекте дуылға иесі Жәнібек хан кім деген­ге тоқ­талсақ, бұл адам қазақ та­ри­хында ел билеген Жәнібек­тердің алғашқысы яғни, 1342-1357 жылдары билік құрған Өзбек ханның баласы Жәнібек екені анық. Зерттеуші Иракли Бакрадзе де осы пайымда.

Осы орайда, көпшілік оқыр­­ман, тіпті кәсіби тарих­шы­лардың өзі «Әз Жәнібек» осы екеуінің қайсысы екенін ажы­рата алмай жатады. Бі­ріншісі, біз сөз етіп отырған Алтын Орда билеушісі Жә­нібек Өзбекұлы, екіншісі Қа­зақ хандығының негізін қалау­шылардың бірі, атақты Жәнібек хан (1428-1480) Барақұлы. Барақтың Жәнібегін ХVI-ХVII ғасырлардағы қазақ тарихшысы Қадырғали Жалайыри «Кi­шi Жәнiбек хан» немесе «Әбу Сайд» деп жазады.

Осы орайда, тарих ғылым­дарының кандидаты М.Өте­місов атындағы Батыс Қазақ­стан университетінің доценті Жаңабек Жақсығалиев мырза қазақтың «Әз Жәнібегі» 1342-1357 жылдары билік құр­­ған Өзбекұлы Жәнібек екенін дәлелдей отырып, оның ата-тегін Әл-Ахаридің «Шайх-Увайс» дерегіне сүйеніп: Жәнібек – Өзбек – Тұғрылша – Мөңке Темір – Тоқан – Бату – Жошы – Шыңғыс хан (Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Т.2. М-Л., 1941. с.62.) деп таратады.

«Қазақ тарихындағы «Әз-Жә­нібек» атауы Қазақ ханды­ғының негізін салушы Жәнібек (Әбу Саид) Барақұлына еш қа­тысы жоқ. Атақты жыршы Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиян» толғауындағы:

«Алты жыл балшық

бастырып,

Тоғыз жыл керіш соқтырып,

Сусынын шайға қандырып,

Хандығына жұртын

нандырып,

Адыра қалғыр, Аштархан,

Әз Жәнібек хан салдырып.

Ақылын кәуірге алдырып,

Айласы құрып кеткен жер»,

– деген жыр жолдарын­да ай­тылған Алтын Орда билеу­шісі Жәнібек Өзбек­ұлына ғана қатысты. Әртүр­лі тарихи деректер, нумиз­ма­ти­калық жәдігерлер, жыр-аңыз­дар, толғаулар, кәсіби тарих­шылардың ойларын саралай келе, біз осыған дейін «Әз-Жәнібек» атандырып жүрген тұлға Қазақ хандығының негізін қалаған Барақұлы Жә­нібек емес, Алтын Орда ханы Өзбекұлы Жәнібек екендігін тиянақтадық», дейді жас тарихшы Жаңабек Жаңабайұлы.

Демек, біз сөз етіп отырған жәдігер – Алтын Орда ханы Жәнібек Өзбекұлына – Әз Жә­нібекке тән мұра.