Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының хабарлауынша, дүниежүзілік нарықта тығыздағыш және желімдегіш материалдарға деген сұраныс та, оны өндірушілер де артып келеді. Соңғы аналитикалық зерттеулердің бірінде герметиктер мен желімдерге деген жаһандық сұраныс жылына орта есеппен 5 пайызға өседі делінген. 2022 жылы сұраныс 2 миллион тоннаны құраған. Желімдегіш заттарға құрылыс индустриясы, өңдеу өнеркәсібі, электроника өндірісі және қаптама жұмысында сұраныс көп. Ол көбінесе дамушы елдерде байқалады екен.
Маркетингтік талдау көрсеткендей, еліміздің нарығында желім импортының үлесі өте жоғары. Қазіргі уақытта Қазақстанда герметикалық және желім материалдарын шығаратын отандық өндіруші жоқ. Өз кезегінде қарқынды дамып келе жатқан заманауи тәсілдер, құрылыстағы, машина жасаудағы, авиациялық құрылыстағы, сондай-ақ жөндеу және тұрмыстық қызмет көрсетудегі технологиялар құрылыс химиясының отандық материалдарын өндіру қажеттілігін туғызып отыр.
Қарағандылық ғалымдар қанықпаған карбон қышқылдары мен амидтері бар қанықпаған полиэфирлі шайырлардың сополимерлері негізінде ауа райына төзімді жаңа тығыздағыш материалдар мен желімдер жасау үшін инновациялық әзірлемелерді ұсынып отыр.
Отандық ғалымдар ұсынып отырған инновацияны қару-жарақ оқ-дәрілері мен артиллериялық қондырғыларды пломбалаудан бастап станок жасау мен құрылыстағы құрама бұйымдар мен металл конструкциялардың түйіспелеріне дейін қолдануға болады.
Ғылыми зерттеу нәтижесінде мамандар қолда бар және арзан шикізаттан жаңа тығыздағыштар мен желімдер жасап, импортты алмастыратын жаңа өнімдер мен материалдарды өндіріске енгізбек. Бұл еліміздің машина жасау, қорғаныс және құрылыс өнеркәсібі кәсіпорындарында сұранысқа ие түпкілікті өнімнің өзіндік құнын төмендетуге септігін тигізеді.