Энергетиктер одан түсетін пайда жөндеу жұмыстарының сапасын арттыруға және кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақысын өсіруге бағытталады деп сендіргенімен, жұртшылық бұл қадам алпауыт компания иелерінің қалтасын кезекті қампайту деп түсінеді. Бұған дейінгі тариф есебінен құр жамалып келген көне желілер келешекте жаңарып кетеді деуге күмән мол.
Жуықта «Павлодар жылу желілері» ЖШС мен «Павлодарэнерго» АҚ-ның тарифтерді өсіруге қатысты берген өтінімдерін талқылау бойынша көпшілік тыңдауы өткізілді. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы қалалардағы коммуналдық инфрақұрылымдарды жаңартуға мүмкіндік береді деп сенім артылып отырғаны мәлім. Осы себептен де бүгінде монополистер өздерінің өтінімдерін ұсынып отыр.
«Павлодарэнерго» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Вадим Лесиннің сөзіне сүйенсек, бұл қадам білікті қызметкерлердің жұмыстан жаппай кетуінің алдын алып, еңбек ұйымындағы өндірістік және экономикалық нәтижелерді ұлғайтуға, тұтастай алғанда, акционерлік қоғамның материалдық тартымдылығын арттыруға сеп болмақ. Кәсіпорын ірі өнеркәсіп орындары шоғырланған аумақта орналасқандықтан, еңбекақыға міндетті түрде индексация жасалуы керек деп есептейді ол. Қолданыстағы тарифке енгізілген шығындар бүгінде еңбеккерлерге төленіп келе жатқан жалақыны жабуға да жетпейтін көрінеді. Тарифтің еңбекақыға жұмсалатын бөлігі инфляция мен энергия өндірудің өзіндік құны артып келе жатуына байланысты жыл сайын өзектілігін жоғалтып, бүгінде ол сапалы қызмет көрсетуге қырсығын тигізе бастаған дейді энергетиктер.
Биыл Павлодардағы №3 ЖЭО-ға – 51, №2 ЖЭО-ға 62 жыл толады. Электр стансаларындағы жабдықтардың орташа тозуы 85 пайызға дейін жетіп тұр. Алайда мамандар жекелеген құрал-жабдықтарда бұл көрсеткіш тіпті 95 пайызға дейін баратынын айтады. Алдағы уақытта тарифтен түсетін инвестиция бұл технологияларды жаңартуға жетпейтіні айдан анық. Жабдықтардың жұмыс істеуге қабілетті болуын қолдаудың өзі де біраз шығынды қажет етеді. Ұзақ жылдық инвестициялық бағдарлама тозу көрсеткішін біртіндеп төмендетіп, электр стансаларының жағдайын дұрыстайды деген сенім зор.
Облыс орталығының жылу тораптарындағы жағдай да осыған ұқсас. Ұзақ жылдар бойы әбден тозған құбырлар әр қыста сыр беріп, жылу маусымында жүздеген ақаулар тіркеледі. Норматив бойынша жылу құбырларының қолданыс мерзімі – 25-30 жыл. Алайда Павлодардағы жылу желілерінің кейбірі жарты ғасырдан бері ауыспаған. Темір құбырлардың шіруі, яғни қабырғаларының жұқаруы жыл өткен сайын ұлғайып, құбыр ішінде ыстық судан пайда болатын шайындылар да тозуға үлкен әсер етеді. Құбырдың жұқаруы бастапқы қалпынан 50 пайызға аспаса, ол жылу беруге жарамды деп есептеледі екен. Жергілікті желілердің көбі желіне-желіне, пышақтың қырындай ғана болып қалғаны мамандарды шошытып отыр. «Павлодар жылу желілері» ЖШС бас директоры Марат Иманаев жалпы ұзындығы 411 шақырым болатын жылу желілеріне қызмет көрсететіндерін, сол шамада ыстық су құбырлары бар екенін айтады. Мұндағы тозу көрсеткіші 89 пайыздан асады.
«Біздің кәсіпорын ұсынып отырған тариф келесідей: 1 Гкал үшін 2023 жылы – 2929 теңге, 2024 жылы – 3747 теңге. 2023-2024 жылдарға қосымша 1,7 млрд теңге бөлініп отыр. ТК-134 жылу трассасынан ТК-134/8-ге дейінгі жылу желілерін жаңарту көзделген. Бұл жерлердегі құбырлардың шіруі өте жоғары. Екінші ірі жоспарымыз – ТМ-20 магистралін толық реконструкциялау, соның нәтижесінде ЖЭО-1 стансасынан Қамзин көшесіне келетін жылуды өткізу қабілеті анағұрлым жоғарылайды. Тарифтегі өзгерістердің алғашқысы биылғы жылдың 1 қыркүйегінен, екінші кезеңі 2024 жылдың 1 қаңтарынан енгізілсе құп», дейді ол.
Ал Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өңірдегі департаментінің басшысы Ибрагим Тангиев ірі монополистерге 2025 жылға дейін тарифтерін кезең-кезеңмен өсіруге рұқсат берілгенін, алдағы екі жылда әлі де шамамен 30 пайызға ұлғаятынын айтады. Әбден тозып тұрған желілерді ауыстырудың өзге жолы жоқ деп аузын қу шөппен сүртті шенеунік.
Аталған кәсіпорындардағы еңбекақының көлемін сұрастырып байқадық. «Павлодарэнерго» компаниясында сияқты «Павлодар жылу желілері» серіктестігі қызметкерлерінің еңбекақылары өте төмен екен. Мұндағы білікті қызметкерлердің еңбекақы көлемі 201 мың теңгеден аспайды. Ресми статистикаға сүйенсек, жылу және электр энергиясын өндіру саласындағы өзге ұйымдарда бұл көрсеткіш 430,6 мың теңгені құрайды екен. Мардымсыз жалақының кесірінен бүгінде керекулік қуат өндіретін кәсіпорындарда бос тұрған жұмыс орындары көп. Жылу желілеріне қызмет көрсететін субъектіде 90 жұмыс орны босап тұр. Басшылығы егер тариф өссе биыл жыл соңына таман еңбекақы 203 мың, келер жылы 213 мың теңгеге көтеріледі деген ұйғарымдарын жеткізді. Дей тұрғанмен бұл жерде бір кілтипан бар. Қос кәсіпорындағы адам тұрақтамайтын жұмыс орындарының көбі қарапайым жұмысшы мамандықтары. Ал компаниялардағы басшылар көп жылдардан бері жылы орындарға орнығып, өздеріне жоғары жалақы, жайлы жағдай жасап алған. М.Иманаев серіктестіктің басқаруында тұрған мамандардың жалақысы жөнінде айтудан бас тартты. Сондықтан жауапты органдар бұл жаққа көз қырын салып, еңбекақының әділетті төленіп жатқанын бір тексеріп көрсе болатындай.
Бұл жерде жеке тұтынушылардың да айтар базынасы мол. Мәселен, қала тұрғыны Николай Носов компаниялардың басшылық буынында ондаған жыл отырған «әмбебап» мамандар желілердегі тозуды неге жасырып келгеніне түсіне алмайтынын жеткізді. Олар қазіргі күні қалыптасқан жағдайларға ешбір жауапкершілік арқаламай отырғаны да жұрттың наразылығын тудырады. Өткен жылы Екібастұздағы апатқа да басшылықтан кінәлі азаматтардың аттары аталмады. Көмірлі шаһардағы жағдай павлодарлықтардың басына да түсуі мүмкін. «Себебі 89 пайыз тозу деген шаһардағы жылу берудің ахуалы өте күрделі дегенді білдіреді. Ал жекелеген тұрғындар ай сайын тарифке қосылған инвестициялық пайданы тұрақты төлеп, жүз мыңнан астам абонент пайда кіргізіп келді. Ендеше, сол қаражаттың сұрауы неге жоқ? Қазіргі күні компания бюджеттен ақша алып, жыртығымызды жамап отырмыз деп ақталады. Бұған дейінгі тариф ішінде болған инвестициялық табыстың бірде-бір теңгесі жабдықтар мен желілерді жаңартуға жұмсалмағаны бізді қайран қалдырып отыр», дейді жеке тұтынушы.
Айтып өтейік, Павлодарда биылғы жылдың 1 қаңтарында да жылу тарифі көтерілген. Жылу энергиясын есепке алудың жалпы үйішілік аспаптары орнатылған тұтынушылар үшін тариф 30 пайызға, есептегіші жоқ тұтынушылар үшін 10 пайызға, өзге тұтынушылар үшін 10 пайызға қымбаттады. Ал бюджеттік ұйымдар үшін ол бірден 24 пайызға ұлғайды. «Павлодарэнергосбыт» ЖШС қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім жетекшісі Екатерина Байжуманова тарифтің көтерілуі Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің 2021 жылдың 23 шілдесіндегі №69-ОД бұйрығы негізінде жүзеге асқанын айтады. Бүгінде үйішілік есептегіш аспаптары бар пәтер иелері 1 Гкал жылу энергиясы үшін 2 672 теңге 89 тиын төлейді. Ал есептегіштері жоқ үйлер 1 Гкал энергия үшін 3 473,1 теңгеден төлеп келеді. Павлодар қаласы бойынша орталықтандырылған жылуға 119 453 абонент қосылған (пәтерлер мен жекеменшік үйлер). Шаһардағы 1 307 көппәтерлі тұрғын үйдің 1 025-і жалпы үйішілік жылу есептегіштермен жабдықталған. Мұндай құралдар орнатылмаған үйлерде жылу төлемақысы бір шаршы метрге 0,2 Гкал мөлшерінде бекітілген тұтыну нормасы бойынша есептеледі.
Екібастұздағы алапат апатты ескерген жауапты министрліктер жыл басында аймақтың жылу жүйесіндегі тозу көрсеткішін аз да болса азайту үшін қомақты қаражат бөлді. Үкімет резервінен, облыстың және Екібастұз қаласының қазыналарынан бөлінген қаражаттардың басын қоссақ, жалпы сомасы 18,9 млрд теңгені құрады. «ОАЭК» компаниясы көмірлі шаһардағы жылу желілерін және Екібастұз жылу-энерго орталығындағы бірнеше қазандық агрегатын коммуналдық меншікке, яғни мемлекет иелігіне өткізгені мәлім. Әлгі қаражаттың 11,5 млрд теңгесі тұп-тура жылу желілерін жаңартуға жаратылады. Тағы 7,4 млрд теңге жылу кәсіпорнындағы су жылытқыш 5 қазандықты күрделі жөндеуге бағытталмақ. Ал облыс әкімдігі мен «ОАЭК» арасындағы меморандумға сәйкес кәсіпорын иелері тағы 5 бу қазандығын жөндеу үшін 7,4 млрд теңге бөлуі керек. «ОАЭК» АҚ және ERG компанияларымен жасалған меморандумдарға сәйкес биыл Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында жалпы ұзындығы 49 шақырым жылу құбырлары, энергия көздеріндегі 40-қа жуық қазандық жабдығы жаңарады деп күтіледі.
Павлодар облысы